Заң түзелді, ата-ана, сен де түзел…
Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата Заңымыздың алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деуден басталады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету. Сондықтан заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады. Ал заң мен тәртіпті сақтауда азаматтардың идеологиялық ұстанымы мен саяси көзқарасының еш қатысы жоқ. Заң бәріне ортақ» – деген болатын.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешов хабарлағандай, түнгі сағат 23.00-ден кейін жасөспірімдер, кәмелет жасқа толмаған оқушы балалар ата-анасынсыз немесе заңды өкілсіз далада бақылаусыз жүруге, ойын-сауық орталығында түнгі сағат 22.00-ден кейін беймезгіл уақытта қыдыруға тиым салынған. Бұл заң жайдан–жай қабылданған жоқ. Балалар біздің болашағымыз, осы болашағымызды қауіп-қатерден сақтап қалу үшін жасалып отыр. Ата-аналардың салғырттығынан көңіл бөлмеу фактілері анықталып жатады. Осы жарты жылдың өзінде 74 мыңнан астам ата-ана, бір жарым мыңнан аса кәсіпкер жауапқа тартылған. Түнгі уақытта бала қараусыз жүрген болса, заң бойынша оған ата-ана жауапты. Ал соңғы бір жылда 1800-ден астам қылмыс жасөспірімдердің қатысуымен орын алған.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен тамыз конференциясында «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажет екенін айтып, әбден қайнауы жеткен проблемалық жағдаяттардың нүктесін қойып берді. Байқасаңыз, соңғы кезде атадан мұра болып бізге жеткен ұлттық құндылықтарымыздан айырылып бара жатқандаймыз. Мұғалімді сыйлау түгілі оқушы баласына жасаған ескертуге бұлан-талан болып мектепке келіп, айқай-шу шығаратын жас ата-аналардың өздерінің кеше ғана сол мектептің табалдырығында оқып, хат танығанын ұмытатыны қайран қалдырады. Халқымызда: «Піріне оқ атқан – оңбағанның үлкені» деген нақыл тегін айтылмаса керек. Қазіргі ата-аналар жақсарған заманның балалары. Сауатты, балаларына дүниенің кілті мен дәмін сәби кезінен білгізіп үйреткендер… Мәселен күнара болып жатқан той–томалақта үлкені түгіл бесіктегі баласына дейін көтеріп апаратын ата-аналардың қылығына не деуге болады? Дұрысын айтып ескерту жасаған мұғалімді жек көріп, өзінің орынсыз ісін дұрысқа балап, мұғалімге дауыс көтеріп жүрген ата-аналардың өздері етбауыр баласына жаны ашымай, кінәні өзгелерден іздейтін қылықтарына араша түсетін заң нормалары өте дұрыс жасалды деп айтуға болады.
«Мектептен тыс жерде ата-аналардың жауапсызды-ғынан оқыс оқиғалар орын алса, оған мұғалім жауапты емес».
Жол-көлік оқиғалары өте көп. Қазір жасөспірім бала мен еңкейген кәріге дейін көлікпен жүретін заман болды. Баласына скутер, мопед, мотоцикл алып беріп, қолдарына қымбат телефон ұстатып, өздерінің парызын өтеп жүрмін деп ойлайтын ата–аналар кез келген жерден пайда болатын қауіпті жағдайлардың соңы орны толмас өкініш әкелетінін ескеріп отырса, талай қауіп-қатердің алдын алған болар еді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері жол апатынан 176 бала мерт болған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға өскен. Баланы еңбекке баулу дегенді көп ата-ана қазіргі қаптаған кафе, мейрамханаларда даяшы болып ақша табу деп түсінетіні өкінішті. Осы жерде тағы да заң бұзушылық бой көрсетеді. Түнгі уақытта кәмелеттік жасқа жетпеген жеткіншекті арзан жұмыс қолы ретінде пайдаланатын мейрамхана иелеріне де қатаң бақылау қажет. Баласының мезгілсіз уақытта үйде болмауына еш алаңсыз, қамсыз отыратын ата-аналардың жауапкершілігін арттыруда қатаң тәртіп керек-ақ. Әйтпесе, балаларының той кезіп жүруіне қарсы болмай, бір теңге болса да табыс таба берсін деп рұқсатын беріп отырған ата-аналардың жауапкершілігін барынша қатаңдатқан дұрыс.
«Мектеп формасын кимей тәртіпке бағынбаған оқушылар үшін енді ата-анасы жауап береді. Мектептерде заңдылық негізде бекітілген ішкі жарғыларға сәйкес мектеп формасын қатаң сақтау талап етіледі. Мектеп әр бала үшін қауіпсіз жер болуы тиіс».
«Бетімен кеткеннің берекесі болмайды» дегенді айтқан атам қазақ ықылым замандардан бірлікке шақырған, тәртіптің болғанын қалаған. Соңғы кездері арнайы ереже-жарғысы бар мектептердегі ахуалдың нашарлап кеткені шындық. Тіпті, сыңаржақ ата-аналардың мектептің заңды ережесі бар ішкі жарғыларына мойынсұнбай, тіпті мектепте намазхана болсын деген талаптары да айтылған кез болды. Бесіктен белі шықпаған балаларының бет аузын тұмшалап орамал, хиджап кигізіп, мектеп тәртібін белінен басқандардың қоғамымызға орасан зор қатер әкелетінін сезінбейтініміз жақсылықтың нышаны емес. Мектеп – мемлекеттік мекеме. Ол әркім теріс пиғылдағы әрекеттерін тықпалай беретін орын емес. Осы тұрғыда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мектеп формасын кимей тәртіпке бағынбаған оқушылар үшін енді ата-аналары жауап береді» деген қағидаты әбден сұрыпталып, өмір шындығынан айтылған деп білуге болады. «Дінмен уланған ұрпақтың болашағы бұлыңғыр болады» деп ел үшін шырылдап айтып кеткен алаш арыстарының ғылым-білімге үндеген насихаттары бекер айтылмаған.
«Мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету. Сондықтан заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады».
Ғылым дамып, соңғы технологиялар қарқындаған сайын адам ойына келмейтін дүниелерді қазіргі балалар жылдам меңгеруде. Әлімжеттік пен бопсалаудың адам санасына сыймайтын тәсілдерін қолданып, бірін-бірі аяусыз қаралаудың соңы жеткіншектердің өмірлерін қиюда. «Бақпасаң мал кетеді, қарамасаң қатын кетеді», «қызға қырық үйден тиым керекті» айтқан атам қазақ ұл мен қыздың тәрбиесін бірінші орынға қойған. Ар-ұят, үлкенді сыйлау, кішіге ізеттілік көрсету секілді ұлттық құндылықтарымызды біртіндеп жоғалтып жатқанымызды білсек те, немқұрайдылықтан арыла алмай келеміз. Әлімжеттік пен бопсалау мектеп жасындағы балалар мен жеткіншектер арасында қатты белең алып баратынын қаншама дабыл қаққанымен, ата-аналардың тәрбие ісіне салғырттығынан барлығын мектепке итере салатын әдет пайда болғаны шындық. Түзде бақылауды, үйде қадағалауды қатаң әдетке айландырып, бала тәрбиесін бірінші орынға қойғанымыз жөн. Бізде де бейсауат жүрген баладан жөн сұраудың өзін «біреудің баласында нең бар, шаруаң қанша?» дейтін немқұрайдылық мінез пайда болған. Есесіне, үлкеннен «тәйтті» естімей өскен балалар бетімен кетіп, талайы келеңсіздікке ұрынып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білім жақсы тәрбиемен ұштасқанда ғана берекелі, сапалы болады. Білім мен тәрбие – кез келген қоғамның қос тұғыры. Бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды» – деген болатын.
Ал, тәртіп пен тәрбие тал бесіктен бастау алатынын кез келген ата-ана жақсы біледі. Жақсы тәрбие жақсы біліммен ұштасса, қоғамымыздың мызғымас тұғыры орнайтыны белгілі. Сол үшін болашақ балаларымызды бөліп-жармай, хакім Абайша «әр қазақ менің жалғызым» дейтін сана қалыптастыруымыз керек…. «Құрысын бұл сенікі, менікілік» – деп жұмылып істемеген істің нәтижесі болмайтынын арда азаматымыз Сұлтанмахмұт Торайғыров өте көрегенділікпен бір ғасыр бұрын айтып кеткен. Бала тәрбиесінің ақсауы «бұл сенің ісің, мынау менің ісім» деген бөлінушіліктен көп зардап шегіп жатқанын бәріміз білеміз. Педагогикалық ұжым мен ата-аналар жұмылып жұмыс жасаса ғана берекелі іс нәтижесін береді. «Аққу, шортан, һәм шаянның» керін істесек, құрдымға кетеді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мұғалімнің мәртебесіне мәртебе қосып құрметтеуден ұтпасақ, ұтыл-маймыз. Мұғалімнің мәртебесіне мәртебе қосып құрметтеуді үйренуіміз керек. Ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуы тиіс» – деген тұжырымы көп көңілінен шығып отыр.
Несіпхан Қоңырбаев.