Ақпараттық портал

Жақсы әке – баласына жүз жыл азық

Биыл менің асқар тау әкем Құлажантегі Ермекбай Аралбайұлы тірі болғанда 75 жасқа толар еді… Бұл сан – жай ғана жылдардың қосындысы емес, бұл – бір ғұмырдың, бір тұлғаның өмірлік жолының белесі. Сағынышпен көмкерілген, жүрекке ауыр, бірақ мақтанышқа толы жыл. Әкем – мен үшін өмірлік ұстаз, тірегім, рухани шамшырағым болды. Оны еске алған сайын, жүрегімде жылы леп ескендей болады.
Әкем – өнер адамы еді. Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би кеңшарындағы аудандық мәдениет үйінің белді қызметкері болды. Ол актерлік пен әншілік қабілеті қатар дамыған жан болатын. Сахнада кез келген рөлді жан-тәнімен ойнап, көрерменін сендіре білетін. Оның әрбір ойыны – шындықтың бейнесіндей, ал әр әні – жүректен шыққан шынайы сырдай әсерлі. Дауысы – қоңыр, жүрекке жылы, жүріс-тұрысы – мәдениетті, сабырлы. “Нағыз әртіс, нағыз әнші үлкен жүрекпен өнер көрсетеді” демекші, әкемнің жүрегі өте кең болатын.
Әкем тек біздің отбасының ғана емес, өнердің, мәдениеттің бір бөлшегі болды. Өмір жолы театр сахнасында да, әуен әлемінде де жарқырап өтті. Ол актер ғана емес, әнші де, режиссер да болатын. Кәсіби білім алмаса да, тума талант ретінде оның сахнада ойнаған рөлдері мен шырқаған әндері көпшіліктің жүрегінен орын тапты. Республикалық, облыстық және аудандық байқаулардың лауреаты атанған. Осылайша, ол кейін туған жеріндегі мәдениет үйінің режиссері болған, Халық театрын құрып, ауылдарды аралап, өнер таратқан. Шу, Мойынқұм, Тараз өңіріндегі көзкөрген жандар әкемді әлі де тебірене еске алады. Театрдың қамын ойлап, Алматыға әйгілі актер Асанәлі Әшімовтің алдына барып, Шу аудандық театрына қажетті керек-жарық, ұлттық киімдер сұраған. Әуезов театрына ол жеке басына атақ сұрап емес, театрдың болашағын ойлап барған. Әттең, әкем Ермек Аралбайұлына Алла өмір бергенде, Шу аудандық театрын дамытуға әлі де үлкен үлес қосар еді…
Ол тек өнер адамы ғана емес, нағыз қоғамның белсенді азаматы еді. Ол қашанда ақкөңіл, мейірімді, қарапайым қалпынан танбаған. Жанашырлығы, өзгелерге көмектесуге әрдайым дайын тұратыны, ешкімді ренжітпеуге тырысатыны – мен үшін ең үлкен тәрбие. Әкем өзінің отбасын шексіз жақсы көрді. Әр баласына өзінше ат қойып, еркелетіп, бізге ешқашан дауыс көтермейтін, керісінше, әр сөзін ақылмен айтатын. Оның көзқарасынан мейірім, дауысынан сабыр сезілетін. Әкемнің отбасылық ансамбль құрсам деген арманы болған еді…
Әкемнің бойындағы шынайылық, қарапайымдылық, әрі асқан мейірімділік кез келген адамды баурап алатын. Ақкөңіл мінезі мен ізгі ниетімен ол айналасындағы адамдардың алғысына бөленіп жүретін. Мен үшін ол – нағыз үлгі, қайсарлықтың, адалдықтың және ең бастысы, адамдықтың символы болды. Ол ешқашанда даңқ қуған жан емес, өнерді шын сүйіп, сахнаны өмірінің бір бөлшегі санады.
Әкем тірі болғанда, 75 жасын атап өтіп, сахнада тағы бір мәрте шапалақтар естіп, сүйікті әндерін шырқап, ұрпағына бата беріп отырар ма еді?! Амал не, өмірдің өз заңдылығы бар. Бірақ, мен әкемді мәңгі жүрегімде сақтаймын. Сіз мен үшін – жай ғана әке деген атты арқалап жүрген жан емес, менің мақтанышым, менің жарығым, менің өмір жолымның бағыттаушысы болдыңыз. Ұрпақтарыңыз сізбен мақтанады, әке! Бүгінде әкемнің өмірден өткеніне қырық жыл өтсе де, бейнесі көз алдымызда. Арамызда болмаса да, ол кісінің үні – естеліктерде, жанарындағы мейірім – жүрегімізде, ал рухы – өмірімізде сақталып қалды. Дауысы – құлағымызда, берген тәрбиесі – жүрегімізде. Әкемнің еңбегі, өнерге сіңірген үлесі, адамдарға жасаған жақсылығы – оның рухани мұрасы бола білді.
Қазіргі мына өнер мен рухани әлем арзандай бастаған заманда, әкемнің, әкем секілді басқа да өнерпаз таланттардың есімдері өшпесе екен деген тілегіміз бар. Тарих, әдебиет, өнер қашанда адам баласын тәрбиелейді, дамытады. Жас ұрпақ өзінің туған жерінен шыққан таланттарды іздеп, біліп, мақтаныш етіп, олардан үйреніп, олардың ісін жалғастыруы керек. Құлажантегі Ермекбай Аралбайұлы да осындай ұмытылмайтын жан деп білеміз.

Жазира Құлажанова,
Абай атындағы орта мектептің
информатика пәні мұғалімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.