Ақпараттық портал

Той мәдениетінің мәселесі талқыланды

Кеш басталып кеш аяқталу, даңғара әуен, дарақы әзіл, ысырап пен ымырасыздық – қазақтың қазіргі тойының басты мәселесі. Бұл тақырыпқа келгенде қара орман халықтың айтары аз емес. Алайда, естір құлақ жоқ сияқты… Мәселені мәселе түрінде қалдырмауды құп көрген атқамінерлер мен алдыңғы буын ел ақсақалдары той тізгінін ұстайтын асабалар мен мейрамхана әкімшілері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Көзі қарақты оқырман біздің басылым арқылы алдыңғы сандардан той төңірегіндегі мәселелер, ас-жиындағы көңілге кірбің ұялатар жайларды қаузаған бірнеше жиын туралы жазғанымызды оқыған болса керек… Сәрсенбінің сәтінде аудандық мәдениет үйінде сондай бір ақылдасуды мақсат еткен алқалы жиын өтті. Бүгінгі қазақтың тойы мен ас-жиынын талқылаған дөңгелек үстелге “Жаңару” Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі, Шу ауданының Құрметті азаматы Қасымхан Төлендиев, “Асабалар алаңы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев пен мүшесі Нұркен Жаңабаев, қордайлық ардагер асаба Еркінбек Құттықов құрметті қонақ ретінде қатысты.
“Тойдағы сөз – ұлттың келбеті” атты шараның тізгінін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев ұстап, спикерлерге кезекпен сөз ұсынып отырды. Келелі кездесудің шымылдығын Ринат Нұрақбаев ашып, облыстық “Руханият” орталығы мен үкіметтік емес ұйымның жыл ішіндегі жұмыстарын қысқаша таныстырып, той мәдениетін қалыптастыру жөніндегі жиындар барлық аудандарда өткізілгенін айтып өтті.
Оның айтуынша еншіміздегі жылы бірқатар жұмыстар атқарылған. Бірнеше ауқымды жиын өткізіліп, БАҚ арқылы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген. Арнайы кітапшалар мен әдістемелік еңбекте әзірленіп, тойханаларға таратылған. Аймақтың көптеген аудандарын аралап, кездесу өткізген топ алдағы айда жылды қорытындылау мақсатында ауқымды шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
-Ел ішінде қазақтың тойына қатысты мәселелер туындамаса, біз ауыл-аймақты араламас едік. Өздеріңіздей көргені көп, түйгені мол ақсақалдармен ақылдаспас едік. Өкінішке қарай, мәселенің өткірлігіне байланысты біз 6 ауданды аралап, сіздердің өңірге ат басын бұрып отырмыз. Дәл бір жыл бұрын осы сұрақ бойынша қарекетке көшкен болатынбыз. Оның ішінде асабалар бірігіп, ілкімді істерді жүзеге асырдық,-дейді Р.Нұрақбаев.
Слайд арқылы сандарды сөйлеткен спикердің сөзіне қарап, әжептеуір жұмыстар жүргізілгеніне иландық. Сең қозғар күш деп сендік. Жиынға жетекшілік еткен Ержан Көрікбайұлы қордайлық қонақ, ардагер асаба Еркінбек Құттықовты таныстырып, сөз кезегін ұсынды. Тәжірбиелі сөзтізгінші төгіліп тұрып бүгінгі таңдағы қазақ тойына қатысты кереғар дүниелерді жіпке тізіп берді.
-Қал-қадірімізше қазақтың қуанышына қызмет еттік. Талай тойды тізгіндедік. Бүгінде зейнеттегі қария ретінде осы салаға ағалық жасап жүрген жайымыз бар. Тоқшылықтың төрінде отырып қазір тойдың мәні мен сәнін кетіріп алғанымыз анық. Кетіріп алғанда, баршылықты көтере алмайтын жас асабалар жасы келген ата-әжелерді келеке етіп, “мен сіздің бетіңізді ашқам” деп артық кетіп жатады.
Біз өзіміздің төл дәстүрімізді қолдамасақ, қорғамасақ, қалайша қазақ болып қаламыз?! Той қазақтың қазынасы болғандықтан, сол қазынаны шашпай-төкпей, зор жауапкершілікпен алып жүруіміз керек. Білімі жоқ кейбіреулер батыстан келген, шығыстан келген құдалардың руы мен шежіресін шатастырып жүргеніне куәміз. Ол сайып келгенде, үлкен реніш тудырады, -дейді 45 жылдық тәжірбиесі бар асаба.
Сонымен қатар Еркінбек Спанұлы асабаға артылар жүктің ауыр екенін айтып, білім мен білік қажеттігін алға тартты. Әрі күн тәртібіндегі түйткілді шешуді қолға алған Жамбыл облысының әкімі Е.Қарашөкеевтің тапсырмасын орындап жүрген арда азаматтардың еңбегін ерекше атап өтті.
-Жасыратыны жоқ, қазіргі қариялардан қауқар қайтып барады. Жас асабалар жөн-жосықты бұзып жатқанда “тәйт” деп айтудан қалып жатыр. Бұрыс нәрсені батырып тұрып дұрыстасаңыз, ол асабаға сабақ болады. Апаларымыз да шалдарын сөйлеме деп түртіп отырады. Қалыңмал бергеніңіз рас болса, қисықты түзеңіздер аталар,-деді Е.Құттықов.
Айтары мол ардагер асаба біз куә боп жүрген келеңсіздіктерді ашына айтып, ел болуға, елдікті сақтауға шақырды. Сөз арасында жыл сайын оразаның кезінде облыстағы асабалар мен той қызметіндегі жандардың басын қосып жүрген шулық асабалардың ауызбіршілігін ерекше атап өтті. Ағасының сөзіне қосылған тараздық асаба Н.Жаңабаев та облыс көлемінде көтеріліп жатқан бастаманы қолдайтынын жеткізіп, өз ойларын ортаға салды.
Шудағы қауым Қуат Орманқұловты азулы асаба, адуынды айташы деп біледі. Осы жиынға қатысқан ардагер асаба да көкейтесті мәселелерін қозғап, талқыланып отырған тақырыпқа түздық болар деректерді келтірді.
-Қазақтың тойы тереңнен тамыр алатын дүние. Сонау замандардан бастау алатын қазыналы тойларымыз тағылым беретін тұсы көп болатын. Тіпті той туралы мақал-мәтел, нақылдарды қалдырған. Сондай салиқалы тойлардың шетін біз де көріп, талай қуаныштарға қызмет еткенбіз. Қазір барлығы түбегейлі өзгеріп, бұрынғы тойлардың пұшпағы қалмай бара жатқаны жанымызға батады.
Біз той басқарып жүргенде қазіргідей игіліктер аз болатын. Сондықтан біз кітапханаларды жағалайтынбыз. “Бес ғасыр жырлайдыны” азық етіп, көптің алғысын алған болатынбыз. Ол кезде қара сөздің кәдімгідей салмағы болғандықтан жұртшылық аузымызға қарайтын. Талап та, тілек те өзгерген заманда асабалар ойын ойнауға, жұмбақ жасыруға, жуасты жүндеуге құмартып жүр. Тілек айтушыларға микрофонды ұстап, ешбірінің қадірін арттырмай, артынан би билетіп жібереді,-дейді Қ.Орманқұлов.
Аталмыш жиынға ауылдардың ақсақалдары, мешіт имамдары мен әкімдері де шақырылғандықтан, қариялар да сөз алды. Мәселен, уақытында комсомол тойын басқарған қария қазіргі таңда Алға ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбай Райсов салмақты ойларымен бөлісіп өтті.
Ақсақалды қазіргі таңда беташардың құнсызданып бара жатқаны алаңдатады. Сондай-ақ ақ некенің уақытында қиылмауы, шата балалардың дүниеге келуі, тойдағы дарақылықтар, бата берудегі жөнсіздік жайын сөз етті.
-Қазіргінің қариясы ретінде біраз дүниеге куә болып жүрміз. Біріншіден, беташар мейрамханада, бірнеше айдан кейін жасалып жүр. Бұл дұрыс емес. Қазақта жаңа түскен келіннің шымылдық ішінде отыруы, неке қию сынды қастерлі ұғымдар жойылып жатыр. Содан соң арақ құйылған тойларда көк туымызды желбіретіп жүргеніне қарсымын. Жасы келген кісілердің тойда арақ ішіп теріс үлгі көрсетіп жүргеніне наразымын. Қолда стакан ұстап алып, Құдайды ауызға алу дұрыс емес. Ондай бата-лебіз қабыл емес,-дейді қазыналы қария.
Сонымен қатар ақсақал жастарға бақыт тілеуден бұрын оларға бақыттың не екенін түсіндіру керектігін айтты. Тіпті тойдан шаршап, кейде ерте кетіп қалатынын жасырмады. Жаттанды сценарий, жадағай сөзден жұрт та жалыққанын шегелеп айтты.
Қазіргі таңда адал дастархан жайылған думанды тізгіндейтін асаба Мақсат Шомаев шамына тиген жайттарды жарыла ақтарды. Әдеп, ар, ожданнан аттап кететіндердің де бар екенін жеткізді. Мәселен, үлкендердің тойында ойын өткіз деп өтініш айтатын той иелері көптеп табылады. Сонымен бірге олар қара сөздерді қысқартуға, реті келсе әзілмен өткізуді сұрайтын көрінеді.
Әңгімеге араласқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Өмірәлиев той өткізудегі төл тәжірибесімен бөлісті. Өз ұлына той жасаған ел ағасы асабаға әр үстелдегі қонақтардың мерейін тасытып, бір-екеуіне ғана сөз беруді тапсырған екен. Алайда, мұндай форматқа кейбір қонақтар уәж айтқан көрінеді. Бірі әнім бар десе, бірі айтарым аз емес еді деген-ді.
Айтыскер ақын әрі асаба ақсулық Бақытбек Жұмабеков те келелі мәселелерді кеңінен талқыға салды. Біраз жыл той басқарған ол жөн-жосықты білмейтіндер көп екенін айтты. Той шаруасын көбінесе келіндер реттейтініне қынжылыс білдірген ол құдалықта ойын өткіз деп айту әбестік санайды. Аз ақшаға абыройды айырбастау қарсы болған ақын тойға ұлттық киіммен келу арқылы ұлттық реңкті қайта түлетуге болар еді деген ұсыныс білдірді.
Түйткілдер талқыға түскен жиында аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз алды. Жергілікті билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырған ол полициямен бірлесіп шара қабылдайтынын жеткізді. Себебі, әр тойда кәмелеттік жасқа толмағандар даяшылық қызмет жасайтынын айтып, олардың түнгі сағат 23:00-ден кейін ата-ана қарауынсыз жүруі заңбұзушылық болатынын тілге тиек етті.
Жиынның қадірлі қонағы болған Қасымхан Төлендиев Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан “Заң мен тәртіп” қағидатын ішінара түсіндіріп, көтерілген мәселелердің кейбірі құқықбұзушылыққа жақындау екенін жеткізді. Сондықтан ол ауыл қарияларын, асаба мен молдаларды, мейрамхана өкілдерін, әкімшілік пен тәртіп сақшыларын бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Бірлікпен жасалған тірлікте береке барын ескертті.
Көпшілікті алаңдатып жүрген мәселе бойынша көптеген ұсыныстар айтылды, ойлар ортаға салынды. Осы жолдардың авторы да даяшылардың мардымсыз ақша алатыны, мейрамхана иелерінің жауапкершіліктен жалтаруы, жасөспірімдердің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтынына назар аудартты.
Кеш басталатын тойға ерте келетін даяшылар мейрамханада 12 сағатқа жуық жұмыс істеп, 5-6 мың көлемінде ақша алады. Кеш бітетін тойдан соң олар дастархан жинап үйлеріне қайтады. Бірі тірнектеп тапқан ақшасын таксиге бергісі келмей ауданның әр қиырында орналасқан мейрамханадан жаяу қайтады. Ал түнгі уақытта тойдан сылқия тойып көлікті қатты жүргізетін жүргізушілерден оларға залал келмейтініне кепіл жоқ. Арасында мектептің жоғары сыныбында оқитын оқушы қыздар бар екені әмбеге аян.
Айтылған ұсыныстарды “Асабалар алаңы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Р.Нұрақбаев түртіп алды. Ағайын аманатын жоғары жаққа жеткізетіне сендірді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.