Әбілахаттың әндері әуеледі
Алыстаған сайын абыройы асқақтай түсетін таутұлғалы арыстарымызды ойға алғанда солардың рухына бұрынғыдай ағылтып-төгілтіп ас беріп, ат шаптырудың орнына еңселі ескерткіш орнатып, еске алуға арналған түрлі жарыстар мен іс-шараларды жиі өткізсек, құрметтеудің бір түрі осы болар деп түйсінеміз. Және тағы өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рухты дарытсақ, еліміздің тарихына, төл мәдениетіне, ауыз әдебиетіне, әртүрлі салаларының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан атпал азаматтарымыздың өнегелі жолын дәріптесек, ар алдындағы парызымыздың орындалғаны.
Бір ғана Шу өңірінің топырағында небір дүлдүлдер өмірге келіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырып кетсе, осы қасиетті өңірге тағдырдың айдауымен табан тіреп, тарихта елеулі орын алған тұлғаларымыз да жетерлік. Жақсы азаматқа әрине талас көп. Соның бірі, әйгілі сазгер, көрнекті тұлға, ұлағатты ұстаз Әбілахат Еспаев. Бірі білсе, бірі біле бермеуі мүмкін, Әбілахат Смағұлұлы біздің Шу өңірінде біраз жылдар тұрып, шығармашылықпен айналысумен қатар мұғалімдік қызметті атқарған.
Бүгінде сырлы сазгердің жүректе мәңгі өшпес әндерін жаңғыртып жүрген Әбілахат Еспаев атымен аталатын балалар саз мектебінің композиторды барынша дәріптеуге атсалысып жүргенін жергілікті жұрт жақсы біледі. Жақын күндері, Алтынай Жиенбекова жетекшілік ететін балалар саз мектебі Әбілахат Еспаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ұстазым, менің ұстазым!» атты мерекелік концерт беріп, тағылымы мол іс жасады. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» демекші, тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмыры ән-жырмен өрілген текті халқымыздың тамырын тап баса білген дана Абай айтқандай әннің де естісі бар есері бар болса, сол есті әрі ескі әндерді қалдырып кеткен Әбілахаттай композиторды халқы ұмытпақ емес.
Аталған игі іс-шараға Алға ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Рысбай Раисов, білім саласына елеулі үлес қосқан ардагер ұстаз Сұлутай Бастаубаева, осы жолдардың авторы, қосымша білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтері, саз мектебінің ұжымы мен оқушылары қатысты. Музыкалық кеште Әбілахат Смағұлұлының «Ақ сәулем», «Маржан қыз», «Қайдасыңдар достарым?», «Шофердің әні» және барлық білім саласы қызметкерлерінің әнұранына айналған «Ұстазым, менің ұстазым» атты әндері жанды дауыста шырқалды.
Қазақ даласы ән салып тұрғандай деп теңеулі тіркес айтқан орыс зерттеушілері біздің әуендердің құдіреттілігіне бас шайқағаны белгілі. Жастық шағынан Шәмші, Нұрғиса, Әбілахат сынды композиторлардың әндерімен өскен Рысбай атамыз бен Сұлутай апаларымыз Әбілахат Смағұлұлының өмірінен тың деректер келтіріп өтті. Олардың айтқан тағылымды ойлары музыкалық кештің маңызын арттыра түскендей.
Әбілахаттың әкесі Смағұл көзі ашық, көкірегі ояу азамат болған екен. Ол 1932 жылы Алаш партиясының мүшесі ретінде қудалауға ұшырап, Қостанай өңірінен біздің Жамбыл облысына қарай бет алып, Меркі ауданына келіп қоныстанады. Аумалы-төкпелі замандарда сүзек деген ауру ел ішіне тарап, Смағұл әйелі мен төрт баласынан көз жазып қалады. Содан жалғыз ұлы Әбілахатты жетектеп, ағайындары тұратын Шу жеріндегі Алға ауылына келеді. Осы өңірде ержеткен бозбала өз еркімен Әбілахат Ұлы Отан соғысына аттанады. Сонда жүріп әскери училищені тәмамдап, Кавказ аймақтық әскери академиясында ұстаздық етеді. Бұл жақта кемінде 25 жыл әскерде жұмыс істеу керек деген шартын естіп шамданған әкесі Смағұл кіндігінен тараған жалғыз тұяғын елге қайтару үшін Сталинге хат жазады. Оның «Қарттың баласын қайтарыңдар!» деген зілді бұйрығы ескеріліп, баласы Әбілахат әскери қызметтен кері қайтарылады.1948 жылы елге оралған Әбілахат Еспаев Шу ауданының Төле би ауылындағы мектепте әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Тұла бойын ән тербеген шабыт иесінің бұлқынған таланты Шу өңірінде бүр жарып, арман қала Алматыға қарай алып ұшады. Міне, бұл деректерді Алға ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Рысбай Раисовтың аузынан естідік.
Мұнан кейін сөз алған Сұлутай Абдуалиқызы ел ішінде кеңінен танылған өміршең туынды әрі ұстаздардың ұранына айналған «Ұстазым, менің ұстазым!» әнінің шығу тарихынан аз-кем сыр шертті. 1960 жылғы білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде дүниеге келген бұл ән ұлт ағартушысы Ыбырай Алтынсаринге арналғандығы айтылды. Ыбырай Алтынсарин Әбілахаттың әкесі Смағұлдың аталас тумаласы екендігі, әрі бұл ән Балғожа бидің Ыбырай немересіне арнап жазған хатының негізінде жарыққа шыққандығы да тілге тиек етілді. Мұнан өзге құлаққа жаттанды болған бірнеше әуендерінің де мән-мағынасына үңіліп, тарихынан үзік сыр айтылды.
Ал, Әбілахат Еспаев атындағы балалар саз мектебінің директоры Алтынай Нұртазақызы өңір-өңірлерде Әбілахат Смағұлұлына арналған түрлі игі шаралардан қалыс қалмайтындығын, алдағы уақытта композитор есімімен аталатын музыка мектебіне көңіл бөліп, үлкен ғимарат салынса деген тілегін де жеткізді. Сазды әуендерге саяхат жасалғаннан кейін туғанына 100 жыл толып отырған көрнекті композитор Әбілахат Еспаевтың рухына құран бағышталып, ас берілді.
Айғаным Асқарбек.