Балалар жүрегіне жол тапқан ақын
Өскелең ұрпаққа адамгершілік, ұлттық сана мен рухани тәрбие беру мақсатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және Ұлт қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Шу ауданының «Құрметті Азаматы», ақын-сазгер, балалар ақыны Бақыт Ақышқызы Исаеваны еске алу кеші С.Сейфуллин атындағы орта мектепте өтті.
Шараның ұйымдастырушысы ретінде жас буынға Отан, тіл, білім, отбасы және достық құндылықтарының мәнін өлең-ән арқылы ұғындыруды мақсат еттім.
Бабалардың рухынан нәр алған, көкірегі ән-жырдан жаралып, жүрегі «елім» деп соғып, шапағаты нұр боп айналасына таралған Бақыт Ақышқызы Исаева 1953 жылы Жамбыл облысы, Шу қаласында дүниеге келген. 1960 жылы бұрынғы «308», қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке барып, 1970 жылы аяқтады. 1975-1980 жылдар аралығында Қарағанды Мемлекеттік Университетінің «Экономика» факультетін «Қаржы және Несие» мамандығы бойынша тәмамдады. Сонымен қатар 1982-1987 жылдары Жамбыл қалалық партия комитетінің жанында құрылған «Марксизм-Ленинизм» университетін оқып аяқтады.
Туған жер – адам жүрегінің ең терең түкпірінде мәңгі сақталатын киелі ұғым. Бала кезден өз жерінің топырағын қадірлеп өскен Бақыт Исаева әрбір жырына, әніне құрметпен қосып, ертеңіне сеніммен қарады.
Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өлеңге жақын, өнерге іңкәр жас шәкірт қабырға газеттерін безендіріп, алғашқы туындыларын жариялауға кіріскен, Бақыт Исаева өнер айдынында жарты ғасырдан аса еңбек етті. Өміріндегі өнерге деген алғашқы ояну сәті – әйгілі композитор Әсет Бейсеуовпен мектепте болған кездесу еді. Фортопияномен салған ән, өнерге берілген құштарлық бүгінде 180-ге жуық әннің авторы болуға сеп болды. Өскелең ұрпаққа рухани азық беретін патриоттық тақырыпқа бағытталған ән-жырлар. Оның 50-ге жуық әндері жас бүлдіршіндерге арналған. Көптеген әндердің сөзін өзі жазған. Әндерінен елге, жерге деген махаббат, шынайы ұлттық рух сезіледі. Балалар әдебиетінде Бақыт Исаева салған сара жол кейінгі толқынға жол сілтейтін шамшыраққа айналды. Оның әрбір өлеңі – тәрбиелік мәні терең, ұлттық тәрбиеге тұнған, жас буынды ойлауға, ізденуге, жақсы көруге, сыйлауға үйрететін өмір сабағы. Бұл есім – әдебиет пен өнер әлемінде өзіндік өрнегімен шынайы жанашырлығымен есте қалатын ғибратты ғұмыр иесі. Бақыт Ақышқызы – ел рухын өрге сүйреген парасат иесі, ұлт тұлғасы.
Бүгінгі таңда туған өлкесінің абыройын асқақтатып, ел игілігі үшін елеулі еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Олар үшін туған жерге қызмет ету – жай парыз емес, рухани борыш, адамдық абыройдың асыл нышаны. Осындай жандардың қатарында Бақыт Исаеваның есімі ерекше аталады. Ол – туған топырағына адалдықтың, еңбексүйгіштіктің, рухани тазалық пен ізгіліктің өлшеміне айналған тұлға. Әр жыры отансүйгіштік пен патриоттық рухты айшықтайтын жырларға бағытталған. Бақыт Ақышқызы – өнегелі ана, ұл-қызына тәлім беріп, олардың бойына өнерге деген махаббатты сіңіре білген парасат иесі. Ұлы Ерлан – ана жолын жалғаған сазгер, «Қазақ өнерінің Қайраткері», «Тәуелсіз Қазақстан» кітабының авторы, қызы Гүлдана – ана жырын жалғаған ақын-журналист. Бүгінде Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, қазақ-орыс тілінде еркін жырлайтын ақын, министрлік қолдауымен жарық көрген «Балаларға базарлық» балалар кітабының авторы. Отбасы ішінде дарыған сыйластық, жауапкершілік, бір-біріне деген құрмет – қоғамның мәдени деңгейін айқындайтын басты өлшем. Өйткені берекелі әулеттен саналы ұрпақ, саналы ұрпақтан кемел қоғам қалыптасады. Отбасын қадірлеу – өткенге құрмет, бүгінге тірек, ертеңге сенім. Рухани бай, бірлігі бекем отбасы – мықты ұлттың негізі. Халық – тарихымен биік, ал тарихты тұлғалар жасайды. Бақыт Ақышқызы – ел рухын өрге сүйреген парасат иесі болатын. Мәдениет пен әдебиеттен бөлек, қоғам мен ұлт рухын ұлықтаған тұлға. Атап айтсақ – ұрпақ тәрбиесін басты назарда ұстай отырып, ел мен қоғам арасындағы бірлік пен ынтымаққа шақыра отырып, өмірден өткен ұрпаққа үлгі ұлт тұлғаларын да ұмытқан емес. Ұлы Отан соғысының қаһарманы, Кеңес Одағының батыры Саттар Естемесов атындағы ескерткіштің орнауына тікелей ықпал жасап, Шу ауданының алғашқы имамы Кәрібай молда атына көше атын алып берсе, өзі оқыған мектеп вокалына ұлттық нақышта өз қаражатына 20 дана көйлек тіктіріп беруі ұлт пен ұрпаққа адал қызмет етуі.
Ұлт руханиятының шынайы қайраткері Бақыт Исаева қандай марапат алса да, оның ең үлкен жетістігі халқының алғысы мен балалардың сүйіспеншілігі болды. Ол алған атақтардың бәрінен де туған жерінің «Құрметті Азаматы» деген атағын ерекше қадірлеп, елге деген көңілін еш бүкпесіз білдіріп жүрді. Мұның өзі оның қарапайымдылығының, шыншылдығының, рухани биіктігінің дәлелі. Ол тек өткенді еске алушы емес, өткенге тірек орнатып, ұрпақтың рухын тәрбиелеген тұлға. Бақыт Исаеваның артында мол мұра қалды. Ғұмыры – өнеге адалдықтың, балаға деген сүйіспеншіліктің, туған жерге деген шынайы махаббаттың көркем көрінісі. Оның жыры – балалық шақтың бояуы, үні – жүрек сыры, тұлғасы – ұрпаққа үлгі. Бүгінгі буынға ол кісіден қалған мұра – тек жыр ғана емес, ізгілік пен мейірімге, ұлттық рухқа толы ғұмырнамалық сабақ. Бұл – қазақ әдебиетінің, қазақ мәдениетінің алтын қорына қосқан құнды дүние. Бақыт апайдың рухына тағзым ете отырып, оның өнегелі өмірі мен өшпес мұрасын жас ұрпаққа таныту – бәрімізге парыз.
Ұйымдастырылған еске алу кешімізде мектебіміздің оқушылары ақынның шығармашылығынан әндері мен өлең-жырларын оқып, рухани азық ала білді. Шығармашылық кеш барысында мектебіміздің жас ақыны Жамбылбай Кәусәр ақынға арнауын тебірене орындаса, өзге оқушылар ақынның «Отан», «Шу жері», «Қазақстан жалауы», «Елтаңба», «Әнұран», «Ата заң» сынды патриоттық сарындағы және балаларға арнап жазған өлеңдері мен әндерін жатқа оқыды.
Әдемі кешіміздің әсерімен ұлт рухына ұран, аманат болған «BIZ-BOLAShAQ» жобасы – бұл жәй жоба ғана емес, ұлт рухын жаңғырту мен жас ұрпақ санасына ізгілік пен елдік рух ұялатудың тұғырнамасы. Бақыт Ақышқызының өмірлік ұстанымы мен шығармашылық мұратынан туындаған бұл жоба – қазақ баласының жүрегіне ел мен жерге деген сүйіспеншілікті дарытатын бағдар. Одан бөлек, жас ұрпақтың уақытын тиімді пайдалану арқылы олардың бойында ұлттық сана мен рухани тәрбие, отансүйгіштік рух, адамгершілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру бірегей жобалардың бірі.
Кеш барысында жоба жетекшісі Бақыт Исаеваның ұлы, қазақ өнерінің қайраткері, сазгер Ерлан Исаев, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрбақыт Балтабай және Шу қалалық әкімінің орынбасары Болатжан Төлендиев, мектеп директоры Есболат Алипбаев сөз алып, шараның өз деңгейінде өткендігін, жас ұрпақ бойына патриоттық рух сыйлайтын маңызы зор шара екендігін атап өтті.
Концерттік бағдарлама соңында мектеп оқушылары «Біз болашақ» атты ақынның әнін хормен орындап, шараны аяқтады.
Гүлнәр БАЙБУРИЕВА,
С.Сейфуллин атындағы орта мектептің педагог-ұйымдастырушысы.