Ақпараттық портал

2026 жылда қандай өзгерістер күтіп тұр?

Әне-міне дегенше жыл төріне жылқы жылы жайғасқалы бірнеше күндер өтті. Жылдың басы келер тұста жақсылық пен жаңашылдықты жаршылайтын жыл болғай дестік. Аттың жалын тартып мінген, үзеңгіні тең басқан қазақ халқы үшін жылқы түлігі тектіліктің, өрліктің, батылдықтың, ерліктің, асқақ рухтың символы. Қашанда «Ердің қанаты-ат» деген халқымыз жылқы малының сәйгүлігін, қазанатын, тұлпарын ерекше бағалап, соны баптауға көңіл бөлген. Мінсең көлік, жесең ас, ішсең сусын болатын бұл жыл иесінің келуімен жаңалықтарға да мойын бұрып, құлақ тосатын, көз тастайтын халқымызға бұл жылда орын алатын өзгерістердің бір парасын атап өтпеске болмайды…

Ең алғашқы өзгерістердің бірі Салық кодексінде болмақ. Жыл басынан күшіне енетін Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 55-бабының тармақтарына сәйкес Банк ұйымдарының мемлекеттік кірістер органына жеке және заңды тұлғалардың банктік шоттарының бар-жоғы және олардың нөмірлері туралы, мұндай шоттардағы ақша қалдықтары мен аударымы, тауарлардың электрондық саудасын жүзеге асыратын салық төлеушілер бойынша мәліметтерді ұсыну, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан кіріс алу белгілері бар жеке тұлғаның банк шотына түскен ақшаның жиынтық сомасы бойынша мәліметтерді ұсыну белгіленді.
Осыған дейін өздеріңіз білетіндей тек аударымдар саны ескерілетін, яғни 3 ай қатарынан 100 немесе одан да көп әртүрлі тұлғадан аударым түскенде ғана кәсіпкерлік табыс белгілері бар адам ретінде күмән туғызып, тексеру жүргізілетін еді. Енді 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы қабылданған № 698 бұйрығы негізінде тағы жаңашылдық өзгеріс – жеке тұлғаның банктік шоттарында жүргізілетін операцияларды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан кіріс алу белгілері бар операцияларға жатқызу үшін шекті мәннің енгізілуі. Бұл алда құқықбұзушылықтың алдын алуға үлкен көмек береді.
Өлшемшартқа сәйкес 1 жеке тұлғаның қатарынан күнтізбелік әрбір 3 ай ішінде 100 және одан да көп әр түрлі тұлғадан жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банктік шотына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қолданыстағы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асатын ақша алуы жатады.
Кейінгі өзгеріс өмірдің ең маңызды салаларының бірі – денсаулық сақтау жүйесінде болмақ. 2026 жылдан бастап Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесінде тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты ауқымды өзгерістер күшіне енеді. Бұл жаңа бастамалар 2025 жылғы 14 шілдеде қабылданған ҚР Заңымен көзделген және Мемлекет басшысының 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылуда.
Реформаның негізгі мақсаты – Бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыру және қаржыландырудың неғұрлым тұрақты сақтандыру моделіне көшу. МӘМС жүйесімен халықты кеңінен қамту мақсатында жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады.
Осы шаралардың нәтижесінде 2026 жылы республика бойынша шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылмақ.
МӘМС жүйесінде медициналық көмекті үздіксіз алу үшін жаңа талаптар енгізілді. Енді азаматтар кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген болса, уақытша төлем тоқтатылған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады.
2026 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша диагностика мен емдеу, сондай-ақ барлық скринингтік тексерулер, оның ішінде онкоскринингтер, МӘМС мәртебесіне қарамастан тегін көрсетіледі. Сонымен қатар бірқатар созылмалы ауруларды емдеу толық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете отырып, МӘМС пакеті аясында жүзеге асырылатын болады. МӘМС жүйесіне уақытылы қатысу – медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етудің және отбасылық бюджетті қорғаудың тиімді тетігі.
Онымен қоса, 2026 жылдан бастап Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты медициналық көмек пакеттерінің құрылымында ауқымды өзгерістер күшіне енеді. Бұл өзгерістер 2025 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген және бюджеттік мүмкіндіктермен үйлестірілген, азаматтарға қажетті медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ететін мемлекеттік базалық медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыруға бағытталған.
Аталған реформа Мемлекет басшысының 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда. Енгізіліп жатқан өзгерістер қаржыландыру моделін негізінен сақтандыру қағидаттарына жақындатып, азаматтардың денсаулығын сақтау мен нығайтудағы ортақ жауапкершілік қағидаттарын күшейтеді.
2026 жылғы реформалардың басты фокусы – цифрлық ашықтық пен әлеуметтік әділдік. Салық жүйесіндегі қатаң бақылау бюджеттің бақылануы және адал бәсекелестікке жол ашса, медицина мен әлеуметтік салалардағы өзгерістер халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында білім беру жүйесінде ауқымды шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде «Педагог мәртебесі туралы» Заңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер педагогтерді артық қағазбастылықтан қорғауға, мектептен тыс уақытта балаларға қатысты жазатайым оқиғалар үшін ата-аналардың да жауапкершілігін нақтылауға, сондай-ақ педагог құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған.
Сондай-ақ 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасын бекіту туралы Үкімет қаулысының жобасы әзірленді. Бұл құжат балалардың құқықтарын қорғау, баланың қауіпсіздігі, білім алу құқығы, денсаулық сақтау құқығы, әлеуметтік қолдау саласындағы барлық қолданыстағы шараларды біріктіреді.
Сонымен бірге жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғауды күшейту және білім беру саласындағы ынталандыру тетіктерін жетілдіру бойынша шаралар қабылдануда. Мәселен, халықаралық ғылыми жоба конкурстарының жеңімпаздарына, сондай-ақ оларды даярлаған педагогтерге біржолғы мемлекеттік сыйақы қарастырылған. Сондай-ақ «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» Заң жобасы қаралуда.
Барлық қабылданып жатқан шаралар баланың мүддесіне, педагогтарды қолдауға және сапалы білімге тең қол жеткізуге бағдарланған тұтас және орнықты білім беру жүйесін құруға бағытталған.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.