Ақпараттық портал

Білім саласына бүкіл ғұмырын арнаған…

Биыл Далақайнар ауылында орын тепкен Түймебай Әшімбаев атындағы орта мектептің іргетасының қаланғанына 70 жылдың жүзі болмақ. Мерекелі мерейтой қарсаңында білім шаңырағының жүріп өткен жолдарына бір сәт көз жүгірткенді жөн көрдім. Өйткені, өмірімнің жарты ғасырдан астам уақыты осы мектеппен тікелей байланысты, сонау 1960 жылдан бері аттай 65 жыл өткенін де аңдамай қалыппын. Осыдан-ақ қолға қалам алуымның себебін көзі қарақты оқырман жақсы түсінетіндей.
Бұл мектеп білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, үлгі тұтарлық бет-бейнесімен танылған, озат шәкірт тәрбиелеуде саналы ғұмырын сарп еткен, көпшілік құрметіне бөленген ұстаздарымен, мақтаулы шәкірттерімен бағалы. Т.Әшімбаев атындағы орта мектептің 70 жылдық тарихында өзіне тән қайталанбас ерекше беттері бар.
Тарих – бұл сіз бен біздің қатысуымызбен болған шым-шытырық оқиға, оның себеп-салдары, өсіп-өнген ортаң, білім берген ұстазың, ұшқан ұяң, айтылған сөзің, қалдырған ізің, әке-шешең, қолтаңбаң, жүрген жерің. Тарих сонысымен қымбат және жүгі ауыр, келешек ұрпаққа берері мол.

Сонау 1954 жылы КСРО Орталық Комитетінің ақпан-наурыз пленумы қаулысының астық өндіру мәселесіне байланысты тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында құрылған Далақайнар тың совхозы даласын дүбірге бөлеуімен ерекше еді. Міне, содан болар, еңбектің қайнарына бас қойған совхоздың Далақайнар аталуы тегін емес. Бұланбай шағын өзенінің бойында орналасқан совхоздың өзені кемерінен асып, сол кездері күндіз-түні сарқырап, тынымсыз ағып жатушы еді.
Түрксіб теміржолының бойында орналасқан Көктөбе станциясынан 3-4 шақырым жердегі 1956 жылы шаңырағын көтерген Далақайнар мектебі алғашында сегізжылдық, одан кейін онжылдық мектеп болып, 1968 жылы мектеп қабырғасынан алғашқы түлектерін ұшырған болатын. Ал, 40 жылдан соң, яғни 1997 жылдан бастап Далақайнар атындағы орта мектебіне белгілі экономист, академик, Шу ауданының тумасы Түймебай Әшімбаевтың есімі берілді. Қара шаңырақтың өмір тіршілігі Далақайнар совхозының тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты болып, бірге біте қайнасты десек те болады. Алға ұмтылған екенсің, артыңа қарайлауды ұмытпа деген бар. Сәл-пәл артқа көз тастайықшы…
Сол 1954 жылы тың игеруге байланысты жан-жақтан комсомолдық жолдамамен көптеген ұлт өкілдері орыс, украин, венгер, корей, шешен және Көктөбе станциясынан да басқа жұмысқа ауысуына байланысты совхозға бірнеше шаруалар көшіп келе бастады. Себебі, жұмыстары өте ауыр болды және көпбалалы отбасылардың ұл-қыздарының төрт шақырымдай жерді жаяу жүріп келуі қиынға соқты. Көктөбе станциясында 37 отбасы тұрса, олардың көбісі теміржолдың арғы-бергі жағында жаппа тамдарда тұрды. Жарық жоқ, май шаммен отырған және ауыз суды совхоздан ат арбамен, қыста шанамен тасып қамтамасыз етіп отырды. Осындай қиын-қыстау кезеңдердің өзінде білімге айрықша көңіл бөлінді. 70 жылдық тарихы бар білім ошағында үлгі тұтарлық жандар аз болмады.
Мен жазғалы отырған кейіпкерім, мектебіміздің алғашқы түлегі және бастауыш сынып мұғалімі Жуасбаева Әтіркүл Дуанбекқызы болмақ. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді халық даналығы. Әтіркүл Жуасбаева 1948 жылы 8 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі Дуанбек Қырғызстан мемлекетінің Чалдавар деген ауылында дүниеге келген. Әкесі бауырларымен Шу өңіріне, Көктөбе станциясына көшіп келеді. Тың игеруге келгендер алғашында палаткада, вагондарда тұрды.
«Көшіп келген уақытымыз 1955 жылдың көктем мезгілі еді. Жазда өзіміз саман кірпіштен құйып, жаппа там салып, Көктөбе станциясындағы теміржолдың арғы жағында жарықсыз, май шаммен өмір сүрдік. Май шаммен сабаққа дайындық жұмыстарын атқарған және ауыз суды Қотанашы деген таудың етегінен арбамен тасыған күндер әлі күнге дейін санамызда сайрап тұрады. Мектепке жаяу барып оқыдық. Содан 1960 жылы 5 сыныпты оқып жүргенімде Далақайнар совхозына көшіп барып, 1963 жылы сегізжылдық мектепті үздік аяқтадым»,-дейді Әтіркүл Дуанбекқызы өз сөзінде.
Әкесінің үлкен ағасынан тараған ұлдары Жуасбаев Жақсылық, Асан, Қасен ағалары трактор, комбайн жүргізушісі мамандығын игерген шаруақор жігіттер. Олар жер жыртып, бидай, арпа сеуіп, егін орағына қатысатын. Ал, жездеміз Ахметов Темірғали екі соғысқа, яғни Финляндия-Германияға қарсы соғысқа қатысқан адам. Ерлігімен алған наградалары кеудесіне толы болып, жарқ-жұрқ ететін.
Ол совхозда шағын ғана дүкенде бірінші сатушы болды, кейінірек үлкен дүкен салынғанда азық-түлік сатушысы болды. Сол дүкеннің екінші жағында шаруашылық дүкені орналасқан болатын. Дүкеннің сол жағында кішкентай жазғы клуб, оның жанында дәрігерлік пункт орналасып, екі қабатты ғимаратта совхоз басшысы, оның қызметкерлері, ауыл кеңесі, пошта, касса, бухгалтерия бар болатын. Кейіннен жанына асхана, фотостудия және жаңа клуб салынды.
Алғашқы мектеп директоры (1956 жылдан 1958 жылдың қаңтар айына дейін) Кокимов Шабден ағай болғанда ол небәрі 22 жаста еді, ал совхоз директоры Урсолов Иван Матвеевич болды. Бұдан былай қарайғы мектеп директорлары 1958-62 жылдары Шагиев Хамид Абдулайұлы, 1962-65 жылдары Т.Байбулеков, 1965-72 жылдары Байболов Төлен Сарсенұлылардың есімін атап өтпеске болмайды. Шешесі Ақбала бие сауып, күбі ыстап, қымызды сабасында пісіруден жалықпайтын. Ол кезде тоңазытқыш жоқ апасы теріден мес тігіп, қымызды құйып, киіз үйдің ішінен жер қазып, қымызды салып жауып қоятын. Шілдеде қымыз мұздай болатын. Совхоз басшылары келіп ішіп кететін. Әкесі Дуанбек қойшы болды. Жазда атқа мініп, Әтіркүл талай рет қой баққан. Бауырлары Зиядин, Насреддин, Нуридин кішкентай болған екен.
Далақайнар ауылында Ұлы Отан соғысына қатысқан, көптеген медальдармен марапатталған соғыс ардагерлері көп еді. Оларды мектепке шақырып, кездесулер өткізетін. Әтіркүлдің есінде қалған соғыс ардагерлері мыналар: Ахметов Темірғали сатушы, Альмухамбетов Болат мұғалім, Аманбеков Жауарбай мен Майбасаров Темірбай ауылдың сиырын бағатын, бақташы, Дүйсенбетов Бегімбет қойшы. Пионер тимуровшылар сол ардагерлердің үйіне барып, қыста қарын күреп, көктемде жерін қазып беретін, түрлі көмек көрсететін. Сол кезде мейірімділік мол заман еді. Оқушыларды еңбекке баулу жұмысы өте жоғары деңгейде болды. Оқушылар жүгері терді, қырманға барып кезектесіп бидайды күрекпен үйетін. Кейін совхоз аздап қызылша сеуіп, Шу қаласындағы «Қант зауытына» өткізетін, оны көктемде оқушылар жекелейтін, күзде жинап, тазалап, тракторға тиейтін. Сол жұмыстың бәрін оқушылар, мұғалімдер, жұмысшылар атқаратын. Мектепте оқуға қабылдаған кезде орысша оқу арман еді. Қазақ ұл-қыздарын орыс сыныптарына емтихан алғандай, сөйлей алатын болса ғана қабылдайтын. Әтіркүл Дуанбекқызы орыс сыныбында оқыған еді, онымен бірге оқыған қазақ ұл-қыздар баршылық. Олар: Ошанов Серік Ыбырайұлы, Алдиева Ғазиза Сүндетбайқызы, Буданбеков Орысбай, Бекқұлов Алмабай Әбдіқасымұлы, Көшенова Тұрсынкүл, Исабаева Күлаш Жатанқызы, Байымбетова Аманкүл Нұрманбетқызы, Беккер Света, Пантюхина Люба, Руди Аня, Бауман Вова, Руденко Петя, Ткаченко Петя.
Жуасбаева Әтіркүл Руди Аня деген неміс қызы екеуі мектепті үздік бітіріп, 1963 жылы Жамбыл қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, 1966 жылы бітіреді. Неміс, орыс ұлтының ұл-қыздары оқуларын жалғастырмай ауылда қалады, ал қазақ ұлтының ұл-қыздары кейбіреулері Шу қаласындағы мектеп интернатында оқуларын жалғастырып, 10 сыныпты бітіреді.
Сол жылы Әтіркүл Жуасбаева Далақайнар мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Мектеп директоры Төлен Байболов ағай еді, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Пашанина Ольга Ильинична, бастауыш сыныптардың завучі Новиков Виктор Дмитриевич болатын. Бір кезекті педкеңесте О.Пашанина мұғалім Әтіркүл Жуасбаеваны таныстырады. «Джуасбаева Аля – первая выпускница 8 летней школы и первая учительница из нашых выпускников» деген еді.
Әтіркүл Дуанбекқызы Совет үкіметі кезінде екпінді, белсенді бола жүріп, қоғамдық жұмыстарға араласып, комсомол қатарына алынып, содан кейін компартия мүшесі болды. Далақайнар мектебіне Алматы қаласындағы пединститутты бітіріп, жолдамамен химия пәнінің мұғалімі болып келген Ембердиев Кемпірбай ағаймен 1967 жылы отбасын құрған еді. Ембердиев Кемпірбай ағайымыз 1965-71 жылдары мектепте химия пәнінен оқушыларға дәріс берді. Менің ұстазым, теориялық сабағын практикалық, лабораториялық жұмыстарымен ұштастырып, сабағын түсінікті етіп өткізетін. Мен 10 класты 1970 жылы бітірген едім.
Ембердиева Әтіркүл 1964-74 жылдары Алматы қаласы Қазақ педагогика институтының тарих факультетін бітіреді. Далақайнар орта мектебінде бес жыл (1966-71 ж.ж.) жұмыс істейді. 1971 жылы отбасымен Шу ауданының Новотроицк селосындағы Н.К.Крупская атындағы орта мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Совет үкіметі ыдыраған соң Н.К.Крупская атындағы орта мектебі М.Мақатаев атындағы орта мектебі болып аталады. Осы мектепте 2008 жылға дейін яғни зейнетке шыққанша еңбек етеді. Осы мектепте партия ұйымының хатшысы, мектеп кәсіподағының төрайымы, оқу және тәрбие ісінің меңгерушісі, 25 жыл оқу ісінің меңгерушісі болады. Аудандық Совет атқару комитетінің депутаты болып сайланған. Жамбыл облыстық ХХІІ партия конференциясына ауданнан делегат болып сайланған. Еңбегі бағаланып, бірнеше мәрте марапатталған. Білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан елеулі үлесі және Жамбыл облысының қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін аудандық, облыстық Құрмет грамоталарымен, «Ерен еңбегі үшін» (1970 ж.), «Еңбек ардагері» (1980 ж.), «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» (1981 ж.), «Шу ауданына 80 жыл, Шу қаласына 50 жыл» (2010 ж.) төсбелгілерімен және 2017 жылы«Республикалық қоғамдық бірлестігі ардагерлер ұйымының 30 жылдығы» медалімен марапатталады.
Төрт баланы дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Барлығына жоғары білім алуларына мүмкіндік жасады. Бұл күнде өз мамандықтары бойынша қызмет атқарып жүр. Бүгінде немере-шөберелерінің ортасында ардақты әже болып, құрмет пен сыйға бөленуде.
Зейнетке шыққанына қарамастан бұл күндері «Ұлағат отауы» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебі жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы болып, әлі де қоғамдық істерге белсене араласуда. Әтіркүл Дуанбекқызы бүкіл ғұмырын бала тәрбиелеу мен оқытуға арнаған ұлағатты ұстаз. Болашақта жасына жас қосылып, бала-шағасының ортасында аман-сау жасай берсін демекпіз!

Әділхан Тоқтыбеков,
Қазақстанның білім беру саласының Құрметті педагогі.
Далақайнар ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.