«Халықтық» атағын қорғады
Шу аудандық мәдениет үйінің «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі 33 жылдық тарихы бар іргелі ұжым. Өңіріміздің інжу-маржандарын мерекелік шараларда, облыс пен республика сахналарында паш етіп жүр. Жуырда Астана қаласынан ақжолтай ақпарат жеткен болатын. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның 23.12.2025 жылғы №669- НҚ бұйрығымен «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі «халықтық» атағын қорғап шықты.
Шежірелі шығармашылық ұжымның тарихы 1993 жылдан бастау алады. Ансамбльді Шу аудандық мәдениет үйі жанынан ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әуесхан Келгенбаев құрған.
Шу аудандық мәдениет үйінің директоры А.Рахымбаеваның айтуынша, ансамбль репертуарында қазақстан композиторларының, қазақтың халық әндері мен күйлерімен қатар, Шу өңірінің халық шығармашылығын дамыту, танытуға бағытталған жергілікті ақын-композиторлардың шығармалары да енгізілген. Ансамбль репертуары үнемі жаңа шығармалармен толықтырылып отырады. Өнер ұжымы аудандық көлемде өтетін мемлекеттік, қоғамдық, атаулы даталарға арналған іс-шараларда, дала қостарында, малды ауылда мәдени-демалыс қызметін атқарып келеді.
«Әсем әуен» фольклорлық ансамблі ел өміріндегі елеулі оқиғалар мен қоғамның саяси, мәдени дамуына, өңір мәдениетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып, жоғарғы шығармашылық деңгейімен ерекшеленеді.
Ансамбльдің өнер жолында жеткен табыстары жетерлік. Тарқатып айтқанда, 2015 жылы Дагестан Республикасының Махачкала қаласында өткен «Каспий-берега дружбы» атты 3 халықаралық фестивалінде қазақтың этно-фольклорлық өнерін паш етті. Сондай-ақ 2018 жылы Анкара қаласында өткен «Анадолы» фестиваліне жергілікті сазгерлер Ә.Желдібаев, Б.Исаеваның шығармаларынан және халық әндері, қазақ композиторлары шығармаларынан құралған концерттік бағдарламамен барып, түркі халқының қошеметі мен ыстық ықыласына бөленіп қайтты.
Одан бөлек, 2021 жылы 6 шілде Астана күні қарсаңында облыс орталығы Тараз қаласында «Елордамыз – Нұрсұлтан!» атты ауқымды бағдарламаға қатысып, көрермен ықыласына бөленді. Дәл сол жылы Тараз қаласы «Төрткүл» керуен сарайында өткен Халықаралық «Сән апталығы» аясында «Қазақ ауылы» байқауында жеңімпаз атанса, 2019 жылы «Талас толқындары-2019» І облыстық музыкалық өнер фестивалінде жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін арнайы Дипломмен, 2021 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Ж.Жабаевтың 175 жылдығы аясында өткен «Көне Тараз күмбірі» ІІ республикалық конкурсында өнер көрсеткені үшін Алғыс хатпен, 2023 жылы «Өнер көзі – халықта» фестивалінде өнер көрсеткені үшін Алғыс хатпен марапатталған.
Қазіргі таңда кәсіби музыка маманы, сазгер Ермахан Азаматов жетекшілік ететін ансамбль құрамында 15 адам еңбек етеді. Ал маңызды белесті бағындырған ұжымға басылым атынан құтты болсын айтамыз.
Байжан Емберді.