Ақылды технология жайында жерлестер не дейді?..
Бүгінде «Жасанды интеллект» деген ұғым әрқайсымыздың күнделікті өмірімізге еніп үлгерді. Мемлекет басшысының 2026 жылды «Цифрландыру және Жасанды интеллект жылы» деп жариялауы еліміздің болашаққа нақты бағыт алғанын көрсетеді. Дегенмен, жаңа технологияға деген көзқарас әртүрлі. Бірі оны үлкен мүмкіндік деп қабылдаса, енді бірі алаңдаушылықпен қарайды. «Жасанды интеллект адамды алмастыра ма?», «Балалардың білімі мен тәрбиесіне әсері қандай?», «Оны қалай дұрыс пайдалану керек?» деген сұрақтар көпшілікті ойландырып отыр.
Осы материалда біз жасанды интеллектке қатысты мұғалімнің ой-пікірін, ата-ананың көзқарасын және жастардың пайымын ұсынуды жөн көрдік. Бұл ойлар бүгінгі қоғамның тынысын, ертеңгі күнге деген үміт пен жауапкершілікті айқын көрсетеді.
Ермахан Даулеталиев,
М.Әуезов атындағы орта
мектептің қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі:
– Соңғы жылдары білім беру саласында үлкен өзгерістер орын алып жатыр. Соның ең ауқымдысы әрі ең көп талқыланатыны – жасанды интеллект. Мен ұстаз ретінде жасанды интеллектіні мектептегі оқу процесінде тиімді құрал деп есептеймін. Қазіргі заман оқушыдан тек білімді ғана емес, ізденуді, талдауды талап етеді. Осы тұрғыда жасанды интеллект – оқушыға бағыт-бағдар беретін көмекші дер едім.
Десе де, жоғарғы сынып оқушыларына сабақ беретін ұстаз ретінде жасанды интеллектіні оқу процесінде орынды әрі тиімді қолдануды қолдаймын. Себебі бұл кезеңде оқушылардың өз бетімен ізденуі, сыни ойлауы және жауапкершілігі ерекше маңызды. Жасанды интеллект жоғары сынып оқушыларына күрделі тақырыптарды тереңірек түсінуге, қосымша дерек көздерін табуға, жобалық және зерттеу жұмыстарын сапалы орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол оқушының жеке оқу траекториясын қалыптастырып, ҰБТ мен емтихандарға дайындық барысында тиімді көмекші бола алады.
Ал төменгі сынып оқушылары үшін мұғалімнің рөлі әлдеқайда маңызды. Жасанды интеллект баламен тікелей қарым-қатынасты, тәрбие мен адами жылылықты алмастыра алмайды. Төменгі сыныптарда жасанды интеллектті тікелей білім көзі ретінде емес, оқуға қызығушылықты арттыратын, көрнекілік пен түсінуді жеңілдететін қосымша құрал ретінде қолдануға болады. Мысалы, интерактивті тапсырмалар, оқу материалын ойын форматында ұсыну, оқушының деңгейіне сай жаттығулар беру – баланың сабаққа ынтасын арттырады. Сондықтан бұл технология мұғалімнің жұмысын жеңілдететін көмекші ретінде ғана қолданылуы тиіс. Дегенмен, жасанды интеллект дайын жауап ұсынатын құрал емес, ойлануға жетелейтін мүмкіндік. Оқушы оны тек көшіру үшін емес, ақпаратты талдау, салыстыру және қорытынды жасау мақсатында пайдалануы қажет. Бұл жерде мұғалімнің бағыт-бағдары мен бақылауы шешуші рөл атқарады. Жасанды интеллект арқылы оқушылар өз деңгейіне сай тапсырмалар алып, қателерін бірден көріп, өздігінен жұмыс істеуге үйренеді. Бұл – әсіресе үлгерімі әртүрлі сыныптарда өте маңызды. Сонымен қатар, мұғалім үшін де уақытты үнемдеуге, сабақты қызықты әрі тиімді жоспарлауға мүмкіндік беруде.
Дейтұрғанмен жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды. Ол – тек құрал. Тәрбиелеу, бағыт беру, адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың басты міндеті болып қала береді. Сондықтан жасанды интеллектіні шектен тыс емес, орынды әрі мақсатты қолдану қажет.
Президенттің 2026 жылды Жасанды интеллект жылы деп жариялауы – білім саласы үшін үлкен серпін. Бұл бізден жаңашылдыққа ашық болуды, үздіксіз ізденуді талап етеді. Мұғалім өзгермесе, білім де дамымайды. Сондықтан жасанды интеллекттен қорықпай, оны тиімді қолдануды үйрену – бүгінгі ұстаздың басты міндеті деп ойлаймын.
Салтанат Көпжанова,
ата-ана:
– Бүгінгі қоғамда баланың болашағы туралы ойламау мүмкін емес. Әсіресе, жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан заманда ата-ананың жауапкершілігі бұрынғыдан да артты. Бір жағынан, AI баламызға үлкен мүмкіндік берсе, екінші жағынан, қауіп-қатері де жоқ емес. Қазір балалар телефон мен планшетті ерте меңгереді. Көп жағдайда олар жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін қосымшаларды бізден жақсы біледі. Бұл – заман талабы. Бірақ мәселе баланың технологияны қалай және не үшін қолданатынында. Егер AI баланың білімін арттыруға, ойлау қабілетін дамытуға қызмет етсе бұл құптарлық жағдай. Ал егер ол баланы жалқаулыққа, дайын жауапқа үйретсе бұл қауіпті. Баланың өз ойы, өз пікірі, өз шешімі болуы керек. AI көмектессін, бірақ баланың орнын алмастырмасын. Сондықтан үйде баламен ашық сөйлесіп, технологияны дұрыс қолдануды үйрету маңызды деп есептеймін.
Жасанды интеллект ата-анаға да көмекші бола алады. Баланың үлгерімін бақылау, уақытын тиімді жоспарлау, қосымша білім көздерін табу – мұның бәрін AI арқылы оңай жүзеге асыруға да болатынына көз жеткізіп келемін. Бірақ ата-ананың мейірімі мен бақылауын ешқандай жүйе алмастыра алмайды. Президенттің бұл бастамасын мен ата-ана ретінде қолдаймын. Себебі бұл – болашаққа жасалған инвестиция. Ең бастысы, біз балаларымызды жасанды интеллектке тәуелді емес, оны саналы түрде қолдана алатын тұлға ретінде тәрбиелеуіміз керек. Баланың болашағы – мемлекеттің де, ата-ананың да ортақ жауапкершілігі деп ойлаймын.
Айару Талғатқызы,
Қазақ ұлттық
педагогикалық
университетінің студенті,
болашақ ІТ маманы:
– Біз жасанды интеллектпен бірге өсіп келе жатқан буынбыз. Біз үшін AI таңсық емес, күнделікті өмірдің бір бөлігі. Сабақта да, жұмыста да, шығармашылықта да жасанды интеллект бізге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі жастар AI көмегімен контент жасайды, бизнес бастайды, бағдарламалау үйренеді, тіпті табыс тауып отыр. Бұл – бұрын болмаған мүмкіндік. Ең бастысы, жасанды интеллект адамның ойын шектемейді, керісінше, оны кеңейтеді. Дұрыс қолдана білсең, ол сенің идеяңды жүзеге асыратын құрал ғана. Кейде үлкендер «AI жастарды жалқау етеді» деп айтады. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Жалқаулық – технологияда емес, ниетте. Егер адам дамуға ұмтылса, жасанды интеллект соған көмектеседі. Ал егер дайын жауапқа үйренгісі келсе, ол AI-сыз да жалқау болады. Президенттің 2026 жылды «Цифрландыру және Жасанды интеллект» жылы деп жариялауы бізге үлкен мотивация берді. Бұл жастарға сенімнің белгісі. Енді біз тек тұтынушы емес, жасаушы болуымыз керек. Өзіміздің өнімдерімізді, жобаларымызды, стартаптарымызды дамытуды мақсат ете білуіміз қажет.
Менің ойымша, жасанды интеллект – болашақтың тілі. Оны меңгерген адам бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан біз, жастар, бұл мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек.
Дайындаған Балнұр Жексенбекқызы.