Ақпараттық портал

Тұрғындар тілегі тыңдалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті атқарушы органдарға жүктеген негізгі міндеттерінің бірі – жұртшылықтың мұң-мұқтажына тікелей құлақ түріп, әрбіріне заң аясында тиісті шешімдер қабылдау болатын. Әрі осы мақсатта “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидатын жүйелі түрде жүзеге асыруға пәрмен берген. Ондағы мақсат – азаматтармен кері байланыстың тиімді тәсіліне баса назар аудару еді.

“Үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық әрі түсінікті болуы керек. Бірінші басшылар азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Әсіресе, аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет” – деді Президент Үкіметтің былтырғы кеңейтілген отырысында.
Президенттің аталмыш тапсырмасын іске асыру бағытында Шу ауданында да қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков Шу қаласы мен ауылдық округ тұрғындарымен кездесулерге тұрақты түрде қатысып, кестеге сәйкес азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап келеді.
Оған дәлел ретінде өткен аптаның жұмасында жұртшылықты қабылдауды мысал етуге болады. Жұмыс уақыты бастала салысымен азаматтарды қабылдауға кіріскен аудан басшысы жерлестеріміздің түрлі сұрақтарына құлақ түріп, лауазымды тұлғалардың қатысуымен жауаптар берілді. Қабылдауға келген 8 тұрғынның басым көпшілігі тұрғын үймен қамтылу туралы өтініш жасаса, кейбірі жеке басындағы мәселелерді шешуге қаржылай көмек сұрады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты түйткілдер де болды.
Жеке мәселелерімен жете танысқан Бақытжан Оразалыұлы баспана кезегіне тұру үшін тиісті өтініш беріп, оны “Отбасы банк” филиалы арқылы жүзеге асыру мүмкін екенін түсіндірді. Сонымен қатар үй кезегіне тұрған азаматтардың барлығы аталмыш қаржы ұйымына құжат тапсыру қажет. Ал баспанаға мұқтаждығы шұғыл болған азаматтарға ауданымыздың шалғай ауылдарында қоныс бар екені айтылды.
Тағы бір айта кетерлігі, жергілікті атқарушы орган басшылары әлеуметтік желілерде де тұрғындардың пікіріне тұщымды жауап беруі қажет. Себебі, жеке қабылдауға уақыты жоқ азаматтар қоғамдағы мәселелер мен түйткілдерді тікелей жолдауға мүмкіндік алады. Бұл орайда аудан әкімі Б.Жәнібековтың белсенділігін жоғары бағалауға болады.
2025 жылы аудан әкімі және орынбасарлары 21 жеке қабылдау өткізді. Қабылдау барысында әртүрлі мәселелер бойынша барлығы 173 азаматтың өтініштеріне құлақ түрді.
Сондай-ақ қаңтар–ақпан айларында екі жеке қабылдау өтті. Жеке қабылдау барысында көтерілген мәселелер негізінен әлеуметтік көмек, тұрғын үй, жер қатынастары, жұмыспен қамту, инфрақұрылым және коммуналдық қызметтер салаларына тиесілі.
Естеріңізге сала кетейік, әкімдердің жеке қабылдауы – мемлекеттік саясатқа сәйкес тұрғындардың мәселелерін шешу мақсатында бекітілген кесте бойынша (айына кемінде бір рет) өткізілетін, халықпен кездесулер мен азаматтарды тікелей қабылдау шарасы. Мәселелердің мәні баяндалған өтініштер қаралып, проблемалық сұрақтар бойынша шешімдер қабылданады.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.