Ақпараттық портал

Жүректе қалған жауынгерлер

Өз заманында қайсарлығымен көзге түскен Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Батырлық – қауіпке саналы түрде бару» деген болатын. Қаншама жанның жүрегіне қаяу салған, дала төсін қанға бөктірген сұрапыл соғыстар тарих беттерінде қатталып, оның куәгерлері де арамыздан алыстап барады. Мәселен, екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгер батырлары бүгінгі күні арамызда саусақпен санарлықтай ғана. Өз Отанынан жырақта оқ пен оттың ортасында шыбын жанын шүберекке түйе жүріп, жаным шықса, «батыр – бір оқтық» деп өзінің ерлігін көрсеткен ауған соғысының ардагерлері де азайып бара жатыр. Бүгінгі күні Отанынан жырақ жерге жау құрсағына аттанбақ тұрмақ, өз елінде әскери борышын өтеуден түрлі желеулермен жалтарып жүрген жастарға батыр ағаларымыздың ерлігін дәріптеудің мәні зор.
Осыған орай, 15 ақпан – Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 37 жыл толуына орай Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінде «Ерлікке тағзым – ұрпаққа аманат» атты жиын өтті. Оған Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, «Ауған соғысы ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бұралқы Шынарбеков бастаған білім саласында қызмет жасайтын, сондай-ақ аталған мектепте оқыған ауған соғысы ардагерлері, мектеп ұжымы, оқушылар және БАҚ өкілдері қатысты.
Мәнді мақаламызда сол батырларымыздың есімдерін атап өтсек, артық болмас. Өйткені, кейінгі ұрпақ олардың есімін жадында сақтап, ерлігін қадір тұтуы тиіс. Атап айтсақ, Жанпеисов Ғабибулла, Теңізбаев Марат, Шамшура Алексей, Төлеуов Қанат, Далабаев Нұрдаулет, Азнаев Болат, Джанысов Туйтебай, Дюсенбаев Жақсылық, Олжабаев Тургинбайлар аудандық білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінде директор, мұғалім, кіші қызметкер сынды лауазымды атқарып жүрген жандар. Ал, Жарқымбаев Мурадим, Тұрысбаев Мұрат, Бармақұлов Өмірхан, Әуенбаев Тұрлыбаевтар Ыбырай атымен аталатын мектепті әр жылдарда бітірген түлектер. Аты аталған азаматтар ауған соғысында жауынгерлік антына адал болып, қанды ұрыста ерліктің үлгісін танытқан қазақстандық жауынгерлер.
Ең алдымен ұлы ағартушының есімімен аталатын мектептің акт залында білім беру ошағының мұғалімдері мен оқушыларының қатысуымен мерекелік концерт өтті. Мұнан кейін Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте 1975-1985 жылдары оқыған ауған соғысының жауынгері, жар құшатын шағында жер құшып, майдан даласында көз жұмған, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Орынбаев Қайрат Бақытбекұлына арналған мемориалдық тақтаның тұсына қонақтар жиылып, батырды бір минут еске алды. Мұнан бөлек, мектептің бір қабырғасына аталған мектептен түлеп ұшқан ауған соғысы ардагерлерінің суреттері қойылған.
Ұрпаққа өнеге болар тағылымы мол іс-шараның тағы бір маңызды сәті – аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлының білім саласында қызмет ететін ауған соғысы ардагерлерін арнайы құттықтап, өз атынан сыйлық ұсынуы болды.
– Бұл күн – ерлік пен елдік рухтың, батылдық пен жанқиярлықтың символы. Сіздер интернационалдық борыштарыңызды адал атқарып, қайсарлық пен табандылықтың үлгісін көрсеттіңіздер. Сын сағатта жат жердің құрсағында Отан алдындағы жауапкершілікті жоғары ұстап, ержүректік пен төзімділіктің өнегесін таныттыңыздар. Бүгінде сіздердің өмір жолдарыңыз – жас ұрпаққа патриотизмнің, отансүйгіштіктің және азаматтық парызға адалдықтың жарқын үлгісі. Өскелең ұрпақты елін сүюге, бейбітшілікті қадірлеуге тәрбиелеуде сіңірген еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық, – деді ол өз сөзінде.
«Жомарттық қылған жігіттің ықыласын байқасаң, толқып соққан көлмен тең» деп Шал ақын айтқандай, жігіттің мәрттігі – бойындағы ең асыл қасиеттердің ізгісі екендігін дәлелдей білген ауданның бас ұстазы Жайдар Саттарқұлұлы тек білім саласы қызметкерлеріне ғана емес, аталған мектепте оқып, бітірген ауған соғысы ардагерлерін де назарынан тыс қалдырмай, оларға да Алғыс хат пен сыйлық табыстады.
Кеудесінде ерлігінің үлгісіндей жарқ-жұрқ еткен орден-медальдары бар батырларды құрметтеп, оқушылардың кеудесіне отансүйгіштік қасиетті дарытуға бағытталған іс-шараның басы-қасынан табылып, ұйымдастырған мектеп директоры Айгул Джумагулованы да атап өтпеске болмайды. Ержүрек ағаларының ұрыс даласындағы батырлық әрекеттері мен жанқиярлық қасиеттеріне тәнті болған оқушылар ауғанның отты жылдарының куәгерлерімен емен-жарқын сөйлесіп, біраз жайға қанық болды. Игі іс-шараның соңы ауған жерінде, кейіннен елге келіп қаза болған ауған ерлеріне ас беріп, құран бағыштаумен түйінделді.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.