Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу бойынша комиссия отырысы өтті
Ағымдағы жылғы 13 ақпанда 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды ұйымдастырып өткізу жұмыстары аясында Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының отырысы өтті.
Комиссия отырысының күн тәртібінде республикалық референдумды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыру жұмыстары туралы, саяси науқанға арналған облыстық аумақтық референдум комиссиясының іс-шаралар жоспары, комиссия мүшелерінің науқан кезеңіндегі функционалдық міндеттері мен жұмыс кестелері қаралды.
Отырысты ашқан облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың №1170 Жарлығымен ағымдағы жылғы 15 наурызға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдум өткізу тағайындалғанын айтты. Референдумға «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылғанын хабарлады.
Сонымен қатар, республикалық референдум тағайындалған сәттен бастап, тиісті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын орындайтынын және референдумды дайындау және өткізуді қамтамасыз ететінін баяндай отырып, референдум комиссияларына жүктелетін маңызды міндеттерге тоқталды.
Күнтізбелік жоспар бойынша жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) учаскелердің шекаралары туралы, ал аумақтық референдум комиссиялары комиссиялардың құрамдары және олардың орналасқан жерлері туралы ақпаратты референдум тағайындалған сәттен бастап 10 күннен кешіктірмей, яғни 21 ақпаннан кешіктірмей БАҚ-та жариялайды.
Дауыс беруге 15 күн қалғанда азаматтарға тиісті учаскелерде дауыс берушілер тізілімінен өзін тексеру мүмкіндігі беріледі.
Егер дауыс берушілердің ыңғайлылығы мақсатында аумақтық референдум комиссияларымен өзгеше белгіленбесе, дауыс беру 15 наурызда таңғы 7-ден 20-ға дейін өтеді.
Орталық референдум комиссиясы референдумның қорытындылары туралы ресми хабарламаны дауыс берген күннен бастап 7 күннен кешіктірмей (21 наурызға дейін) БАҚ-та жариялауы тиіс екенін айтып өтті.
Комиссия отырысында күн тәртібіне енгізілген мәселелер жан-жақты қаралып, референдум науқаны кезеңінде атқарылатын жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру мақсатында комиссияның іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған жоспарға сәйкес негізгі бағыттар айқындалып, ұйымдастырушылық, ақпараттық-түсіндіру және құқықтық қамтамасыз ету шараларын кезең-кезеңімен жүзеге асыру тапсырылды.
Сонымен қатар, республикалық референдумды ұйымдастырып өткізу кезеңінде комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру және олардың міндеттерін толық әрі дұрыс орындауын қамтамасыз ету мақсатында, ҚР Орталық референдум комиссиясының жоспарына сәйкес жүйелі оқыту жұмыстарын жүргізу бойынша нақты тапсырма берілді.
Комиссия мүшелері арасында науқан кезеңіндегі міндеттер нақты бөлініп, әрбір комиссия мүшесіне жетекшілік ететін бағыттары бойынша тиісті тапсырмалар жүктелді. Белгіленген міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жауапты тұлғалар айқындалып, орындалу мерзімдері нақтыланды.
Сондай-ақ, қабылданған шешімдер референдум науқанының ашық, заң талаптарына сәйкес және жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясы.