Республикалық референдумды ұйымдастыру мәселелері бойынша Шу аудандық аумақтық референдум комиссиясының отырысы өтті
2026 жылғы 13 ақпанда Шу аудандық аумақтық референдум комиссиясының алғашқы отырысы өтіп, 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына дайындық мәселелері пысықталды.
Комиссия төрағасы Ошанов Азамат Серікұлы отырысты ашып, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың №1170 Жарлығына сәйкес 2026 жылғы 15 наурызға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдум тағайындалғанын және оған «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал енгізілгенін хабарлады.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының қаулысымен бекітілген референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары мен Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының іс-шаралар жоспарының орындалуы бойынша комиссия мүшелерінің функционалдық міндеттер бөлінісі бекітіліп, тиісті тапсырмалар берілді.
Атап айтқанда, ұйымдастырушылық-құқықтық қамтамасыз ету, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, материалдық-техникалық дайындық, учаскелік референдум комиссияларының қызметін үйлестіру және әдістемелік көмек көрсету бағыттары бойынша нақты жұмыстар белгіленді.
Сонымен қатар, науқан кезеңіндегі жұмыстарды тиімді әрі жүйелі ұйымдастыру мақсатында комиссия мүшелері арасында жауапкершілік бағыттары нақты бөлінді. Әрбір мүшеге жетекшілік ететін саласы бойынша міндеттер жүктеліп, орындалу мерзімдері мен есеп беру тәртібі бекітілді.
Отырыс соңында комиссия мүшелеріне референдумды қолданыстағы заңнама талаптарына сай, жариялылықты сақтай отырып және тиісті ұйымдастырушылық деңгейде өткізу міндеттері жүктелді.
Шу аудандық аумақтық референдум комиссиясы.