Жастар – жарқын істердің бастауы
Идеология – белгілі бір әлеуметтік топтың, ұлттың немесе мемлекеттің мүддесін білдіретін, қоғамдық өмірді түсінуге, бағалауға және өзгертуге бағытталған идеялар, көзқарастар, құндылықтар мен теориялардың жүйесі.
Ал елімізде идеология өзегі жастар саясаты екені белгілі. Дұрыс бағыт, керекті кеңес болса қоғамның қозғаушы буынының алар асуы көп. Олардың мәселелері ортақ жиындарда ортаға салынуы абзал.
Дәл осындай мақсаттағы мәслихат аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен болатын. Аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевтың төрағалығымен өткен жиында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов, Шу ақпараттық медиа орталығының директоры Медет Атайбеков, аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Нұрзат Қилыбай мен қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Шәймерден өз жұмыс бағыттары бойынша баяндама жасап, алдағы жоспарларын жеткізді. Сонымен қатар саладағы түйткілдер де басқосуда мәлім болды.
Тұрар Мұханбетханұлының айтуынша, есепті кезеңде барлығы 100-ден астам қоғамдық-саяси, мәдени іс-шаралар өткізілген. Сондай-ақ басшы облыс бойынша өзге ұлт өкілдері тығыз шоғырланған 25 елді мекеннің картасына Шу ауданының 5 елді мекені енгенін тілге тиек етті. Әрі этномәдени бірлестіктердің қатысуымен 16 іс-шара ұйымдастырылып, оған 15 мыңға жуық адам қатысқан.
Мұнан кейін Медет Нұрғазыұлы ауданның ақпараттандыру саласын-дағы былтырғы жұмыстардың есебін ұсынды.
– 2025 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін 7452 ақпарат желіге жүктелген. Бүгінгі таңда медиа мамандары 7 бірдей парақшаны жүргізуде. Атап айтқанда: медиа орталықтың «YOU TUBE», «Telegram», «Instagram», «Facebook», «Tik Tok» және әкімдіктің 2 бірдей парақшасы.
Медиа мамандары техникалық құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған. Қазіргі таңда фотоаппарат, камера, жасыл фон, компьютер, ноутбуктар, бейнежарық, суфлер және т.б. техникалық база бар,- деді мекеме директоры.
Өңірдегі жастар саясаты жолға қойылған. Оның ішінде жастарды жұмыспен қамту, кәсіпке баулу, мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру былтыр өз деңгейінде жүргізілген. Оны Нұрзат Манатбекұлы аталмыш жиында мәлімдеді.
– 2025 жылдың қорытындысымен 2149 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде: тұрақты жұмыс орны – 1459, әлеуметтік жұмыс орнына – 36, «Жастар практикасы» – 275, ақылы қоғамдық жұмыс орны – 137, ұрпақтар келісімшарты бойынша – 3, алғашқы жұмыс орны – 58, кәсіптік оқыту – 51, «Бастау бизнес» – 100 жас, қайтарымсыз грандпен – 30 жас қамтылған, – дейді баяндамашы.
Өз кезегінде Найман Кенжеханұлы алдағы жұмысқа бағдар беріп, басымдық беретін шараларға басшылардың назарын аударды.
– Жасыратыны жоқ, бізге зор сенім мен жауапкершілік жүктелген. Оны орындап шығу оңай емес. Әрине, іс-шараларды өткізу бөлек. Ал маңызын түсіндіріп, тиісті ақпаратты ұсыну басқа дүние. Бұл орайда әсте босаңсуға болмайды. Осыны қаперден шығармау керек. Сондықтан баршаңызға табыстар тілеймін. Ортақ мүдде жолындағы жұмысымыз жемісті болсын,-деді аудан әкімінің орынбасары.
Байжан Емберді.