Ауған ардагерлері арамызда
Аудандық орталық кітапхананың «Білім» орталығында оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 10 ақпан – Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылған күніне орай «Ауған ардагерлері арамызда» атты кездесу кеші өтті.
Іс-шара Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды. Кездесу кешіне құрметті қонақтар – ауған соғысының ардагерлері Джанысов Түйтебай Үркенбайұлы және Дюсенбаев Жақсылық Болысбайұлы, аудандық ақсақалдар алқасының мүшелері, №10 Шу колледжінің кітапханашысы Ш.Танабаева және білімгерлері қатысты. Ардагерлер ауған соғысының қиындығы мен қасіретін, жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысындағы бастан кешкен оқиғаларын, әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған әскер қатарындағы мызғымас достық пен ерлік үлгілері туралы әсерлі әңгімелерімен бөлісті.
Шара барысында ардагерлер оқушылардың қойған сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, жас ұрпақты отансүйгіштікке, елге адал қызмет етуге шақырды Кездесу соңында қонақтарға сый-сияпат табысталды.
Сара Әбубәкір,
аудандық орталықтандырылған кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы.