Инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде кеңес отырысы өтті
Олжас Бектенов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы «С5+1» форматы шеңберінде мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері бойынша Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Кеңес жұмысына дипломатиялық корпустың, оның ішінде жаңадан тағайындалған АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули М. Стаффт, сондай-ақ халықаралық компаниялар мен іскер қоғамдастықтың өкілдері және ҚР мемлекеттік органдарының басшылығы қатысты.
Отырысқа қатысушыларға арнаған сөзінде Премьер-министр Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан маңызды саяси кезеңнен өтуде. 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумда азаматтар жаңа Конституцияның жобасы бойынша дауыс береді. Жаңа Конституция Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті әрі Қуатты Қазақстан құруға бағытталған ауқымды саяси реформаларын айқын көрсетеді. Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздің орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың табысын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту. Осы мақсатқа жету үшін жаңа инвестициялық циклді толыққанды іске қосуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар 19 ақпанда Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысының ерекшелігіне назар аударылды.
«Кеше Мемлекет басшысы Бейбітшілік кеңесінің бірінші отырысына қатысып, АҚШ Президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бастамасына қолдау білдірді. Қазақстан Газаны қалпына келтіру үдерістеріне қатысуға мүдделі. Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынастардың орнықты дамуы Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді», — деп атап өтті Премьер-министр.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонда жаһандық аренада сөйлеген сөзі әсерлі болды. Біз бүгінгі таңда жоғары деңгейде орныққан екіжақты қарым-қатынастарымыздың одан әрі кеңеюін күтеміз. Коммерциялық ынтымақтастығымыз 2025 жылы рекордтық көрсеткішке жетті. Тек 2025 жылдың 4-тоқсанының өзінде қазақстандық және америкалық компаниялар арасындағы мәмілелер көлемі $17 млрд-қа жетті. Бұл нәтижелер біздің көзқарасымыздың бір екенін және екі елдің экономикалық өсімін көрсетеді, оның игілігін халқымыз көрмек, сонымен бірге өзара қарым-қатынасымыз нығая түседі», — деді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули М. Стаффт.
Отырыста шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты кеңейту, ұзақмерзімді капиталды, технологияларды және үздік халықаралық тәжірибелерді тарту, бизнес үшін ашық және болжамды орта қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.
Инвестор-компаниялардың өкілдері инвестициялық өзара іс-қимылдың оң динамикасын және салық реформасы шеңберінде болжанатын әрі реттеуге келетін орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Инфрақұрылымды дамытуға, цифрландыруға, өндірісті локализациялауға, озық технологияларды енгізуге және тұрақты экономикалық өсімге бағытталған ұзақ мерзімді әріптестіктерді қалып-тастыруға баса назар аударылды.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.