Ақпараттық портал

Өнер мен өмірді кадрға сыйдырған фотограф

Бүгінгі таңда фотография — тек бір сәтті бейнелеу ғана емес, адамның ішкі жан дүниесін, көңіл күйін, тіпті тағдырын кадр арқылы сөйлете алатын өнер. Осы өнерді өмір салтына айналдырған жандардың бірі — Шу қаласының тұрғыны, жас фотограф Әйгерім Көркемжанқызы. 27 жасар Әйгерім Қордай ауданының тумасы, шулық жігіттің жары. Ата-енесімен бір шаңырақ астында тұрып, отбасылық құндылық пен кәсіби жауапкершілікті қатар алып жүрген жан сүйікті ісімен айналысып, фотография саласында өз орнын қалыптастыра білді.

Негізгі мамандығы — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғанымен уақыт өте келе шығармашылыққа деген құштарлық оны фотография әлеміне алып келді. Алғашында хобби ретінде басталған бұл іс біртіндеп кәсіби жолға ұласты.
– Фотография мен үшін жай ғана сурет емес. Бұл — адамды тыңдау, түсіну, оның ішкі жан дүниесін сезіну. Кейде студияма келген адам өзін сенімсіз сезініп келеді. Сол сәтте менің міндетім — оны әдемі етіп көрсету емес, ең алдымен өз-өзіне сендіру. Адам өзін қабылдағанда ғана шынайы эмоция пайда болады. Мен сол эмоцияны кадрда сақтағым келеді, — дейді Әйгерім.
Фотографияны меңгеру жолында ол арнайы курстарға қатысып, онлайн сабақтар арқылы білімін жетілдірген. Ең бастысы үздіксіз тәжірибе мен тынымсыз ізденістің арқасында мақсатына жете білді.
Ол 2023 жылдан бері осы салада кәсіби түрде жұмыс істеп келеді. Бүгінде Әйгерімнің жеке фотостудиясы Шу қаласында орналасқан. Осы еңбегінің арқасында ол қазіргі таңда ауданда кең танымал фотографтардың біріне айналды.
Қазіргі қоғамда әлеуметтік желілердің дамуына байланысты сапалы фотоға деген сұраныс айтарлықтай артқан. Әсіресе жарнамалық баннерлер, жеке бренд, блог жүргізу үшін кәсіби фотосуреттер қазіргі таңның қажеттілігіне айналды. Сондықтан бұл сұраныс Әйгерім ұсынатын қызмет түрінің маңызын арттыра түсті. Яғни оның студиясына келушілердің қатарында кәсіп иелері, өнер адамдары, жеке блог жүргізушілер, мектеп және бастауыш сынып бітірушілер, мерей жас иелері, сондай-ақ үйлену тойға дайындық үстіндегі жас жұбайлар жиі кездеседі. Әр келушіге ол жеке көзқараспен қарап, сенімділік пен жайлылық сыйлауды басты қағида санайды. Фотосессия кезінде модельге бағыт-бағдар беріп, дұрыс тұрысты көрсету, қолдау сөздер айту арқылы еркін атмосфера қалыптастыру да кәсібилікті қажет етеді. Сондықтан шығар оның түсірілімдері шынайылығымен, табиғи эмоциясымен ерекшеленеді.
– Ең есте қалған сәт — алғашқы рет өз студиямда өткен фотосессия. Бұл менің көптен күткен арманымның орындалған шағы еді. Сондай-ақ жеке блог жүргізуім де кәсібімнің дамуына үлкен серпін берді. Блог арқылы аудиториямен ашық байланыс орнатып, өзімнің жұмыс процесімді көрсетіп келемін, – дейді бүгінде блогер ретінде де танымалдығы артқан кейіпкеріміз.
Алдағы уақытта ол студиясын кеңейтіп, жаңа бағыттар қосып, шетелдік жобаларға қатысуды мақсат етеді. Отбасы мен шығармашылықты қатар алып жүрген жас фотографтың бұл арман-мақсаттарға жетері сөзсіз.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.