Дина Нұрпейісова – қазақ мәдениетінің мақтанышы
Қазақ халқының күй өнері – ұлт рухының, тарихы мен тағдырының үнін жеткізетін асыл мұра. Сол қасиетті өнерді биікке көтеріп, бүкіл елге танытқан бірегей тұлғалардың бірі – Дина Нұрпейісова. Ол – қазақтың дәстүрлі күй мектебін жалғастырып қана қоймай, оны жаңа белеске көтерген ұлы күйші, композитор.
Еліміздің асыл мұрасын ХХ ғасырға аман жеткізіп, жаңа белеске көтерген ұлы тұлғалардың бірі Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 165 жыл толып отыр. Ол – тек күйші ғана емес, қазақ музыка мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан дара композитор, күй өнеріндегі сирек кездесетін әйел тұлғалардың көшбасшысы.
Дина 1861 жылы Батыс Қазақстан өңірінде дүниеге келген. Жастайынан домбыра үніне құлақ түріп өскен ол табиғи дарынымен ел ішіне ерте танылды. Оның өнер жолындағы ең үлкен бақыты – күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлы секілді ұлы күйшімен кездесуі болды. Құрманғазы жас Динаның талантын байқап, батасын беріп, күйшілік дәстүрдің қыр-сырын үйретеді. Осылайша Дина Құрманғазы мектебінің көрнекті жалғастырушысына айналды.
Дина Нұрпейісова ұзақ ғұмыр кешіп, бірнеше тарихи дәуірдің куәсі болды. Ол патшалық Ресей кезеңін де, кеңестік заманды да бастан өткерді. 1937 жылы Алматыда өткен республикалық өнер байқауында 76 жастағы Дина ел алдына шығып, көпшілікті тәнті етті. Осы кезден бастап оның есімі бүкіл Қазақстанға кеңінен танылды.
Күйшінің шығармалары терең сезімге, өмірлік толғанысқа толы. «Бұлбұл», «Байжұма», «Он алтыншы жыл», «Әсем қоңыр» сияқты күйлері халықтың жүрегінен орын алды. Әсіресе «Он алтыншы жыл» күйі ел басына түскен ауыр кезеңді суреттесе, «Бұлбұл» күйі нәзіктік пен сұлулықтың символына айналды.
Дина Нұрпейісова – тек дәстүрді сақтаушы ғана емес, оны дамытушы шебер. Ол күйге нәзіктік, иірім мен орындаушылық шеберліктің жаңа өрнектерін қосты. Әйел адамның домбыра өнеріндегі биік орны дәл осы Динаның есімімен тығыз байланысты.
Бүгінде оның есімімен көптеген өнер ұжымдары мен оқу орындары аталады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы қабырғасында Дина мұрасы арнайы зерттеліп, жас домбырашыларға үлгі ретінде оқытылып келеді.
1955 жылы дүниеден озғанымен, Дина Нұрпейісованың күйлері қазақ даласында әлі күнге дейін күмбірлеп тұр. Оның шығармалары – ұлт рухының, аналық мейірім мен қайсарлықтың, өнерге адалдықтың көрінісі.
Дина Нұрпейісова – қазақ күй өнерінің тарихындағы алтын әріппен жазылған есім. Оның ғұмыры мен шығармашылығы – кейінгі ұрпаққа өнеге, ұлттық мәдениетіміздің баға жетпес қазынасы.
Қ.Байсейтова,
№3 қалалық кітапхананың меңгерушісі.