Ақпараттық портал

Сөз бен саз үндескен рухани шара

Ұлттық өнер – халықтың жүрегінен жаралған, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жеткен асыл қазына. Сол қазынаның қадірін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, сөз бен әуеннің құдіретін сезіндіру мақсатында Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен негізгі және қосымша білім беретін білім ордаларының оқушылары арасында аудандық «Сөз бен саз» атты тағылымы терең, рухани мәні зор мәдени шара өтті. Бұл байқау – ұлттық рухты ұлықтаған, өнер мен тәрбиені егіз өрген, жас таланттардың бағын ашқан жарқын шара болды.
Шараның басты мақсаты да сол жас ұрпақтың ұлттық өнерге, сөз өнері мен дәстүрлі музыкаға деген қызығушылығын арттыру, өскелең буынның бойында туған халқына, оның салт-дәстүрі мен мәдени мұрасына деген құрмет сезімін қалыптастыру. Сонымен қатар өнерге бейім, талантымен танылған оқушыларды қолдап, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау, өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау да байқаудың маңызды бағыттарының бірі екенін аңғардық.
Байқауға 8–18 жас аралығындағы талапты да талантты оқушылар қатысып, ұлттық өнердің үш үлкен арнасы – айтыс, дәстүрлі ән және күй өнері бойынша өзара бақ сынасты. Әр номинацияда жас ерекшеліктеріне сай кезеңдер ұйымдастырылып, қатысушылардың өнері жан-жақты бағаланды.
Мәселен, «Жас ақын» номинациясы көпшілік көңілін ерекше елжіреткен сәттерімен есте қалды. Ең кіші жас санатында жұп болып сахнаға шыққан кішкентай ұл мен қыз баланың айтысы көрерменнің жүрегін бірден жаулап алды. Бала болса да ойлы сөз айтып, бір-біріне ілтипатпен жауап қатып, ұлттық сөз өнерінің нәзік қырларын шынайы жеткізе білді. Сүйкімді қылықтары, балғын үндері мен тәтті тілдері залда отырған қауымды бейжай қалдырмай, зор қошеметке бөледі. Бұл көрініс айтыс өнерінің жас талғамайтынын, ұлттық рухтың бала жүректен бастау алатынын айқын аңғартты.
Ал «Жас дәстүрлі әнші» номинациясында қазақтың кең тынысты, терең мағыналы халық әндері мен дәстүрлі шығармалары әуелеп, көрерменді ұлттық әуеннің әлеміне жетеледі. Жас әншілер ән мәтінінің мазмұнын жүрекпен сезініп, дауыс мүмкіндігін, сахналық мәдениетін, ұлттық орындаушылық мәнерін сақтай отырып орындады.
Сол секілді «Жас күйші» номинациясы домбыраның қоңыр үнімен көмкерілген, күй құдіреті мен ұлттық аспаптың мүмкіндігін танытқан ерекше бөлім болды. Қатысушылар төкпе мен шертпе күйлерді, сондай-ақ композиторлық шығармаларды орындап, орындау техникасы мен музыкалық сезімталдығын паш етті. Күй арқылы тарих пен тағдырды, қуаныш пен мұңды жеткізе білген жас күйшілер көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Байқау барысында қазылар алқасы қатысушылардың орындау шеберлігіне, көркемдік деңгейіне, ұлттық дәстүрді сақтауына, сахна мәдениеті мен әртістік қабілетіне айрықша мән берді. Әр номинацияда үздік деп танылған жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталып, үлкен өнер жолына нық қадам жасады.
Шараға арнайы қатысқан білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы жас өнерпаздарға ыстық ықыласын білдіріп, сахна төрінде өнер көрсеткен әрбір қатысушының талантына, ұлттық өнерді сезініп орындауына, жас болса да үлкен жауапкершілікпен, зор ықыласпен шыққанына ерекше ризашылығын білдірді. Жас ақындардың ұтқыр ойы мен тапқыр сөзіне, дәстүрлі әншілердің әуезді дауысына, күйшілердің шебер саусағынан төгілген күйіне тәнті болғанын жасырмай айтып, мұндай байқаулардың өскелең ұрпақтың рухани қалыптасуындағы маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар ол жас өнерпаздарға ақ жол тілеп, ұлттық өнердің аманатын абыроймен алып жүру бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы екенін жүрекжарды лебізбен жеткізді.
Жалпы бұл шара жас таланттардың шығармашылық қанатын кеңге жайып, ұлттық мұраны жаңғыртуға қосқан сүбелі үлесімен есте қалды. Сөз бен сазды серік еткен осындай игі бастамалар халқымыздың рухани байлығын өміршең етіп, ұлттық өнердің мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.