Ел намысын асқақтатқан қыздың ардақты анасы
Спорт – тек жеңіс пен медаль ғана емес, ол – тәрбие, төзім, еңбек пен үлкен жүректің жемісі. Қазақстанның көк туын көкке көтеріп, ел намысын халықаралық ареналарда қорғап жүрген жас боксшы қызымыз Сейдіш Бақыт – соның айқын дәлелі.
Жамбыл облысы, Белбасар ауылы – бүгінде ел мақтанышына айналған қайсар қызымен танылып отыр. Бұл – тек бір отбасының емес, тұтас ауылдың мерейі. Себебі чемпион тәрбиелеу – үлкен жүрек пен төзімділікті талап ететін қасиетті міндет. Әрбір мықты спортшының артында оны қолдаған, жігер берген, сенім ұялатқан аяулы анасы тұрады. Бақыттың спорттағы жетістігі – ең алдымен ана тәрбиесінің нәтижесі. Ана жүрегі қашанда баласының амандығын тілейді. Әсіресе қыз баланың бокс сияқты ерлер спортына қадам басуы – үлкен батылдық. Таңғы жаттығулар, қатаң тәртіп, шаршау мен сын сәттер – осының бәрінде ана мейірімі мен қолдауы ерекше рөл атқарады. «Қызымның арманы – менің арманым» деп, оның әр қадамын қолдап, сенім білдірген анасының еңбегі зор.
Бүгінде Сейдіш Бақыт Қазақстанның абыройын асқақтатып, жастарға үлгі болып жүр. Оның табандылығы мен қайсарлығы ана сүтімен дарыған қасиет. Анасы қызын тек спортшы ретінде емес, ең алдымен ибалы, тәрбиелі, елжанды азаматша етіп өсірді.
Осындай батыр қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған ана- Рсалдиева Алмагүл Мұхтарқызына мың алғыс! Сіздің төзіміңіз бен мейіріміңіз – елге үлгі. Әр жеңістің артында Сіздің дұғаңыз, Сіздің сеніміңіз тұр. Ел мақтанышына айналған қыздың анасы болу – үлкен мәртебе.
Сізді 8 наурыз-Халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық тілейміз. Ел намысын асқақтатқан перзентіңіздің абыройы артып, Сіздің аналық еңбегіңіз әрдайым құрметке бөлене берсін.
Бақыттың бокс жолындағы жеңістері халықтың көз алдында. Десе де еске түсіріп қойған артықтық етпес. Өйткені алақандай ауылдан түлеп ұшып, тұтас елдің абыройын асырып жүрген жерлесіміздің жеңісті жолы өскелең ұрпаққа өнеге.
Бойына тектілік пен тәрбиені, намыс пен төзімді жиған боксшы қыздың бұдан арғы сапарына сәттілік тілейміз!
IBA Youth World Boxing Championships 2022 жылы Ла-Нусия, Испания қаласында 66 кг салмақта өнер көрсетіп, жастар арасындағы әлем чемпионы атанды (алтын медаль). Финалда Германия спортшысын жеңді. Азия чемпионаты 2025 жылы Бангкок, Таиландта 70 келі салмақта өнер көрсетіп, финалда өзбекстандық қарсыласын жеңіп, Азия чемпионы атанды. Жастар арасында әлем чемпионы және 4 дүркін Азия чемпионы.
Береке Шаудырбаева,
Ескі-Шу ауылдық округі әкімі
аппаратының бас маманы.