Қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына облыс аумағында мемлекеттік бақылауды жүргізеді.
Сонымен қатар, департамент жұмыс берушінің қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасауы бойынша бақылауды жүзеге асырады.
Еңбек кодексінің 23 бабы 2 тармағының 15) тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті.
Сондай-ақ, Кодекстің 182 бабы 2 тармағының 14) тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға және бұл жөніндегі шарт жасалғаны туралы мәліметті еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен сол органға жолдауға міндетті.
Оған қоса, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230 бабы 2 тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актісіне сәйкес міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті тұлғаның міндетті сақтандыру шартын жасаспауы, келесі әкімшілік жауаптылыққа тартылады:
– жеке тұлғаларға – 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК),
– лауазымды адамдар, жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 160 АЕК,
– орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК,
– ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Жұмыс орнындағы қауіпсіздік – кез келген ұйымның басты міндеттерінің бірі. Соған қарамастан өндірістік жарақаттар мен жазатайым оқиғалар толық жойылған жоқ. Осындай тәуекелдерден қорғаудың маңызды тетігі – жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру.
Осыған байланысты, сіз басқарып отырған кәсіпорында қызметкерлермен жазатайым оқиғаларға қатысты міндетті сақтандыру шарттарының уақытылы жасалуын қамтамасыз етуді сұраймыз.
Еңбек заңдылықтарының талаптары бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары азаматтаррды қабылдап, консультациялық көмек көрсетуге әзір. Біздің мекенжайымыз Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі, Жамбыл облысы бойынша еңбек инспекциясы департаменті.
Байланыс телефондары 43-01-96, 45-15-31.
Нұрбол Досмаханов,
Жамбыл облысы бойынша еңбек инспекциясы департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы.