Түкке тұрғысыз темір-терсекке құмартпайық!
Талай жауды тізе бүктірген, өр рухты, қайсар мінез Бауыржан Момышұлы ерен ерлігі мен еселі еңбегінің арқасында лайықты түрде алған орден-медальдарын ешқашан кеудесіне тағып, көкірегін қағып ел алдына шықпаған екен. Ол қасық қанын қиып, жанқиярлық ерлігін көрсетіп, Отан алдындағы парызын өтеу – әрбір азаматтың ар алдындағы парызы деп қана қабылдаған, алған марапаттарын мақтан тұтпаған.
Атақты партизан атамыз Қасым Қайсенов те басын бәйгеге тігіп, қиян-кескі шайқастың ортасына кіріп, сұрқия соғыстың бораған оқтарының арасында да жүргенде бір ғана берік ұстанымда болған. Жау тылында атақ пен шен үшін соғыспай, көзсіз ерлігі үшін мемлекеттен марапат дәметпей, Отанды аман алып қалуы-нағыз олжа екендігін дәлелдей білген нағыз тегеурінді тұлғалардың тектілігі ел аузында. Кеңес одағының батыры атағының өзі оларға тек мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан соң ғана берілген. Қандай асыл, қандай текті жандар?! «Есті еркек жылтыраққа құмар болмас болар» деген қағидаға беріктіктің нақ көрінісі осы емес пе?!
Бірде Бауыржан атамыз поездың купесінде бір азаматпен танысып қалады. Ол кісі кеудесіне орден-медальдарын тізіп тағып алған екен. Онысы Баукеңе ұнамай қалып, марапаттардың берілу себебін сұрайды. Сонда сапарласы бір шаруашылықта жылқышы екенін, құлын өткізу көрсеткіші жоғары болып, сол үшін мемлекеттен талай марапаттар алғанын мақтанышпен айтып береді. Сол кезде батыр Баукең «Айғыр шапты, бие тапты, осыны сонша мақтаныш еткенің қалай?» дей отырып, ондай марапаттарды тағып баратын орны мен уақыты болатынын, ел ортасында бұлай жалтырақтарды тағып жүру үлкен әбестік екенін түсіндіргенде сапарласы ұяттан жанып кете жаздаған екен.
Бүгінгі замандастарымызға не көрінді, жасы да, жасамысы да жылтыраққа неге құмар болып алды? Осыған бас қатырған адам бар ма? Қайран Баукем-ай, өзіңіздей адуынды ақсақалдардың жоқтығының салдары ма екен? Интернет желісін ашсаң болды, қазақтың тойларын көресіз, ол тойда кеудесіне медаль болса бір сәрі, өңкей төсбелгілерді салдыратып тағып жүрген ақсақалдар мен көксақалдарды көресің. Көресің де, «Бауыржан атам осыларды көрсе, ашудан булығып өлер еді» деп ойлайсың. Ол төсбелгілердің өзінің тең жарымы елге еңбегі сіңбесе де коммерциялық ұйымдардан тиын-тебенге алғандары. Түсінген адамға қандай жиренішті нәрсе…
Біз де жас болдық, жас кезімізде Кеңес әскері қатарында болдық. Сол кезде сарбаздарды әскери дайындықта жеткен жетістігіне қарай түрлі төсбелгілермен (значок) марапаттайтын. Оларды сатып алмайсың, жетістігіңе қарай береді. Соның өзін елге келген соң інілерімізге таратып бере салатынбыз, ешкім ел ортасында оларды кеудесіне тағып жүрмейтін, ол ұят саналатын.
Еліміздің «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген нақыл сөзі осы жерге тура келетін сияқты. Айтпағым, бүгінгі таңда түрлі қоғамдық ұйымдар, тіпті әскерде бірге қызмет еткен азаматтар бірлесіп алып, түрлі төсбелгілерді ақшаға жасатып алатын болды. Сосын сол төсбелгілерді әркімге ақшаға сататын үрдіс белең алды. Ондай төсбелгілерден көрсең көзің жаңылысады. Оларға қарап жатқан ешкім жоқ, мемлекет тарапынан ешқандай қадағалау жоқ. Біреудің жалтырағын қызғанғаным емес, бірақ бұл түсінген адам үшін сырт көзге ұят нәрсе, надандықтың белгісі емес пе?! Мұндай бассыздықты кім тоқтатады?
Мұндай жекеменшіктер жасатқан төсбелгілер тұрмақ, «Ауданның Құрметті азаматы» деген атақ та тістегеннің аузында кетті. Баяғыда бір ақсақал «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылап отырмын» деген екен. Мен де осындай құрметті марапаттың өзін еріккеннің ермегіне айналдырып, қадірін кетіргеніне ренжіп отырған жайым бар. Ең болмаса, осы марапатты қадағалауға болмас па еді, бәрі бетімен жіберілген. Қазіргі таңда «Құрметті азамат» деген атақты алғандар иттің құмалағынан көп, іліп алары некен-саяқ. Өңірдің Құрметті азаматы деген атақты бай-манаптар мен шенділердің өздеріне немесе ел танымайтын әке-шешелеріне алып берулері сәнге айналған. Ауылдарына еңбектері сіңген, тіпті ауылдастарын ұйыстырып, өз күштерімен мектеп, спорт жайларын, су жүретін арықтар тартқан небір қарапайым адамдар елеусіз қалып отыр.
Мен өзім заң саласында ұзақ жылдар еңбек еткен едім. Бірде осы өзім тұратын Шу ауданындағы мәслихаттың ғимаратына барып, бірінші қабаттағы ауданның құрметті азаматтарының суреттеріне көзім түсті. Сол кезде олардың ішінен мемлекет қаражатын ұрлаған, сол қылмысы үшін сотты болған бірнеше азаматтарды көріп, «бұл атақтың да қадірі кетіпті-ау» деген ой келді. Осыған байланысты еститін құлақ болса, төмендегіше ұсыныстарды айтқым келеді.
Ауданның немесе облыстың «Құрметті азаматы» атағына ұсынылған азаматтар өңірге сіңірген еңбектері, адами қасиеттері бойынша зерделеуден өтіп, содан соң өңірлік баспасөз құралдарына тізімі жарияланса дұрыс болар еді, бұл мәселені халық білуі тиіс, талқылауға қатысып, өз ойларын ортаға салуға құқылы деп ойлаймын. Егер атақ беріліп қойған соң ол адамның қасақана жасалған қандай да бір қылмысқа қатыстылығы сот үкімімен дәлелденсе, Құрметті азамат деген атағының күшін жою тәртіптері қарастырылса дұрыс болар еді.
Қазіргі заманның балалары да тақпайтын небір жалтырақтарды кеудесіне тағып алғанда немесе Құрметті азамат деген атақты орынсыз алғанда, ел оны сыйлап кете ме екен, құрметі асып кете ме екен?! Қайсыбірі қызығып қарайды деп ойлайды ма екен, көзі ашық азаматтар сырттарынан қарап, олар үшін ұялып тұратынын біледі ме екен, шіркіндер?! Болашақ ұрпаққа қандай өнеге қалдырып жатырмыз, ойланайық! Біз өзі қайда кетіп барамыз, ағайын?
Бақытжан Бексұлтанов,
аудан тұрғыны.