Ақпараттық портал

Мектеп оқушыларының тағылымды саяхаты

Көктөбе ауылында орналасқан Жамбыл атындағы орта мектебінің оқушылары мен ұстаздары 26-27 наурыз күндері жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына орай ақынның әдеби-мемориалдық мұражайына, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне және Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтына тағылымды сапар шекті. Саяхаттың басты мақсаты — жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты ояту және ұлы жыраудың шығармашылық мұрасымен жақын таныстыру, білім алушыларға кәсіби бағдар беру, ЖОО-лардың тыныс-тіршілігімен таныстыру.

Жамбыл мұражайы табалдырығын аттаған сәттен бастап оқушылар өткен ғасырдың тынысын сезінгендей болды. Мұражай қызметкерлері мен ақын ұрпағы, мұражай директоры Жамбылова Салтанат Тезекбайқызы мектеп ұжымын жылы қарсы алып, жәдігерлер сырымен бөлісті. Оқушылар ақынның өзі тұрған киелі шаңырағын, киген киімдері мен тұтынған бұйымдарын, дала дауысын жеткізген киелі домбырасын өз көздерімен көрді. Әсіресе, оқушыларға ақынның есте сақтау қабілетінің кереметтігі және оның жанында бірнеше әдеби хатшылардың қызмет еткені туралы деректер қатты әсер етті.
Мұражайдан кейін білім алушылар Жамбыл атаның өзі өсиет еткен алма бағының ортасында орналасқан зәулім кесенесіне бет алды. Мұнда ақынның рухына тағзым етіліп, Құран бағышталды. Тыныштық орнаған киелі мекенде оқушылар баба мұрасына адал болуға іштей серт бергендей болды. Бұл тек зиярат қана емес, жас ұрпақтың тарихпен, ата-баба аманатымен тілдескен қасиетті сәті еді.
Мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымы мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтті. Ұлылар есімін ұлықтау — өскелең ұрпақтың парызы. Саяхат соңында мұражай директоры ақынның өмірінен сыр шертетін кітаптарды мектебімізге сыйға тартты.
Жамбыл мұражайынан басталған рухани сапар еліміздің бас оқу орны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жалғасты. Оқушылар болашақ қаламгерлер мен тіл мамандары даярланатын қара шаңырақ – филология факультетіне арнайы ат басын бұрды.
Қара шаңырақтың табалдырығын аттаған жас өрендерді факультет оқытушылары мен студенттері қарсы алды. Саяхат барысында оқушылар факультеттің бай тарихымен және атақты түлектерімен танысты, әл-Фараби мұражайына, Фараби кітапханасына саяхат жасады, «FARABI HUB» ғылыми-зерттеу орталығының көрмелерін, жоғары оқу орнының тыныс-тіршілігін өз көздерімен көрді. Жамбыл Жабаев атындағы филологиялық зерттеулер ғылыми орталығында болып, филолог мамандығының қыр-сырына қанықты.
Деканның оқу-әдістемелік жөніндегі орынбасары мен кәсіби бағдар беру жұмысына жауапты Е.Солтанаева филология факультетінің мамандықтарына шолу жасап, университет тарихы туралы таныстырылым көрсетті. Сонымен қатар, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к., доцент С.Дарибаев кафедра тарихымен және Дүкенбай Досжан атындағы цифрлық филология ғылыми-шығармашылық орталығымен, PhD, аға оқытушы Г.Оспанова Жамбыл атындағы филологиялық зерттеулер ғылыми орталығымен таныстырды. Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы бойынша кәсіби бағдар беру жұмыстарына жауапты ф.ғ.к., доцент Б.Сарбасов Әл-Фараби мұражайына, Фараби кітапханасына, FARABI HUB ғылыми-зерттеу орталығының көрмелеріне саяхат жасатып, таныстырды.
Сонымен қатар, Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі өтетін “Жас Фараби” республикалық ғылыми жобалар байқауы және 11-сынып оқушыларына арналған “Әл-Фараби-2026” халықаралық олимпиадасының ережелерімен таныстырып, белсене қатысуға шақырды. Кафедра басшысы мектебімізге Әл-Фарабидің еңбектерін табыс етті.
Бұл кездесу оқушылар үшін тек танымдық қана емес, кәсіби бағдар берушілік сипатта болды. Филология факультетінің ұстаздары мектеп бітіруші түлектерге оқуға түсу шарттары мен шығармашылық мамандықтардың артықшылықтары туралы айтып берді. Жамбыл атамыздың ізін жалғайтын болашақ жас өрендер үшін бұл үлкен мотивация болды.
Саяхаттың келесі күні оқушыларды айбындылық пен тәртіп мекені — Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына алып келді. Бұл кездесу болашақ Отан қорғаушылар үшін нағыз ерлік сабағына айналды.
Әскери өмірдің тынысын көрсеткен Институт табалдырығында оқушыларды полковник М.Ногайбеков пен офицерлер мен курсанттар қарсы алып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Сапар барысында оқушылар заманауи әскери техникалар мен қару-жарақ үлгілерін, болашақ офицерлер даярланатын оқу корпустары мен жаттығу залдарын көрді, Сағадат Нұрмағамбетовтың ерлік жолы мен институттың даңқты тарихы туралы құнды мәліметтер алды.
Институтқа саяхат барысында курсанттардың темірдей тәртібі мен саптық жүрісі оқушыларға ерекше әсер сыйлады. Әскери мамандар оқушыларға Отанға қызмет етудің маңыздылығын, төзімділік пен батылдықтың адам өміріндегі орнын айтып берді. Бұл кездесу көптеген ұлдардың бойында әскери мамандыққа деген қызығушылықты оятып, патриоттық сезімдерін ұштады. Институт басшысы мектеп директоры И.Ж.Диханбаеваға Алғыс хат табыстап, ең жас саяхатшыға “Болашақ Генерал” лауазымын иеленсін деген ниетпен сыйлық табыстады. Алдағы уақытқа институттың далалық жаттығуларын көрсету, оқушылармен Ұлттық мұражайға саяхат ұйымдастыру жоспары жасалды.
Екі күндік тағылымды сапар Жамбыл атамыздың рухына тағзым етуден басталып, ҚазҰУ-дың білім ордасында жалғасын тауып, әскери институттағы айбынды кездесумен түйінделді. Бұл саяхат — Жамбыл атындағы орта мектеп оқушылары үшін нағыз рухани жаңғыру мен болашаққа бағдар болды. Тарихын таныған, білімін шыңдаған және Отанын сүюді мұрат еткен жас ұрпақтың қадамы әрқашан нық болмақ!
Айгерім СЕЙТОВА,
Жамбыл атындағы орта мектептің
тарих пәні мұғалімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.