Қияр өсіріп, табыс тапқан ұстаз
Еліміздің ауылдық аймақтарын дамыту – мемлекет саясатының маңызды бағытының бірі. Соның айғағы – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл бастама ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, табысын арттыруға бағытталған тиімді әлеуметтік-экономикалық бағдарлама болып табылады. Бұл туралы ҚР Перезиденті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Алдағы үш жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады”- деген болатын.
«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу және халықтың табысын арттыру. Жоба аясында азаматтарға төмен пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Бұл қаржы жеке кәсіп ашуға, кооперативтер құруға мүмкіндік беруде. Бағдарлама ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау болып отыр. Себебі көпшілік бұрын өз кәсібін ашуға мүмкіндік таппай келген еді. Ал енді мемлекет тарапынан беріліп отырған осы жоба арқылы ауыл адамдары өз идеяларын жүзеге асырып, туған жерінде тұрақты табыс табуға жол ашты. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы ауылдағы өнім өндірушілердің бірігіп жұмыс істеуіне жағдай жасап, кооперативтер құруды ынталандырады. Бұл өз кезегінде ауыл экономикасының дамуына, жергілікті өнімдердің нарықтағы үлесін арттыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болады.
Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланып, адал еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген жандардың бірі – №10 Шу колледжінің дене шынықтыру пәнінің ұстазы, көпбалалы ана Айгерім Қайратқызы Махамадиева. Айгерім Қайратқызы өмірдің талай белесін еңсерген, ұстаздық жолда 18 жылдық тәжірибесі бар, шәкірт тәрбиелеуде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, нәзік жандылығына қарамастан спорт бағытында талай шәкіртті баптаған білікті маман. 2024–2025 жылдары Айгерім Қайратқызы мемлекеттік қолдаудың арқасында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, жылыжай кәсібін қолға алды. Осылайша, ұстаз әйел кәсіпкерлікке бет бұрып, жылыжай ашып, қияр өсірумен қосымша айналыса бастады.
– Жерге дән түскеннен бастап алғашқы өнім алынғанға дейін шамамен 6 ай уақыт кетеді. Ал қиярдың өнім беру мерзімі – 4,5 ай. Бұл уақыт аралығында күн сайынғы күтім, суару, температураны бақылау, тыңайтқыш беру секілді жұмыстар үздіксіз жүргізіледі. Еңбектің нәтижесі де көз қуантады, бастапқы кезде күніне 5–6 келі өнім берсе, маусым қызған шақта бұл көрсеткіш 50–60 келіге дейін жетеді. Жалпы қияр – күнделікті ас мәзірімізде жиі қолданылатын, адам ағзасына пайдасы мол көкөніс. Оның құрамында су көп болғанымен, түрлі дәрумендер мен минералдарға бай. Сонымен қатар ас қорыту жүйесін жақсартып, ағзаны тазартады, терінің күйін жақсартады. Әсіресе табиғи жағдайда, химиялық қоспасыз өсірілген өнімнің құндылығы одан да жоғары, – деген жылыжай иесі тек қияр өсірумен шектелмей, қосымша көкөніс түрлерін, соның ішінде балдыркөк (селдерей) секілді дәруменге бай өнімдерді де өсіруді қолға алған.
Бүгінде Айгерімнің кәсібі екінші жылға аяқ басты. 2025–2026 жылдары бұл істі одан әрі дамыту, өнім көлемін арттыру, жаңа дақыл түрлерін енгізу жоспарда бар.
– Бұл бағдарлама туралы алғаш естігенде-ақ, менің көңілімде бір үміт оты жанды. Себебі ауылда отырып, өз кәсібіңді бастау әркімнің қолынан келе бермейді. Ал мұнда мемлекет тарапынан нақты қолдау бар. Шынымды айтсам, бастапқыда құжат жинау қиын болар деп ойладым. Бірақ керісінше болды. Мамандар әр қадамды түсіндіріп, бағыт-бағдар беріп отырды. Соның арқасында барлық жұмысым сәтті әрі жылдам жүзеге асты. Мұғалімдік қызметте болғандықтан жыл сайын екі ай жазғы еңбек демалысымызда уақытты босқа өткізбей, пайдалы іске жұмсағым келді. Осылайша, жолдасыммен ақылдаса келе осы кәсіпті бастап кеттік. Жылыжай жұмысын жүргізу оңай емес, әрине. Бірақ дұрыс ұйымдастыра білсең, ол оң нәтижесін береді, – дейді Айгерім Қайратқызы.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметке сүйенсек, жоба жалпы 5 бағыттан тұрады. Атап айтқанда, бірінші бағыты құс шаруашылығы, екінші бағыты жылыжай және көкөніс қоймаларының құрылысы және жабдықталуы мен қызмет көрсету болса, үшінші бағыты ауыл шарушылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және қайта өңдеу (өңдеу цехтарына арналған бағыт), төртінші бағыты шағын құс фермаларын ашу, сонымен қатар бесінші бағытына әлеуметтік жобалардың жабдықталуын несиелендіру жатады. Ал жобаның шарттары бойынша несиелеу сомасы жеке кәсіпкерлер үшін 2500 АЕК (9,8 млн теңге), ал кооперативтер үшін 8000 АЕК (31,4 млн теңге) құрайды. Қатысушыларға беріліп отырған үлкен мүмкіндіктің бірі сыйақы мөлшерлемесінің 2,5 пайызды құрауы. 5 жылға дейін берілетін несиені кәсіпкерлер бір жылдық демалыстан кейін төлеп бастайды екен. Басты талаптарына ауылдық елді мекендерде немесе шағын қалада кемінде 12 ай тұрақты тіркеуде болуы, қарыз алушының жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы және кепіл мүліктің болуы міндеттеледі. Сонымен қатар бұл бағдарламаға 18 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі тұрғындар қатыса алады екен.
– «Ауыл аманаты» жобасы ауданда биылғы жылы қарқынды жүзеге асуда. Жеңілдетілген несие берілетін болғандықтан халықтың жобаға қатысу белсенділігі де жақсы көрсеткіш көрсетуде. Нәтижесінде көптеген ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, ауыл экономикасына үлес қоса бастады. Жалпы ауданда 60 жоба іске асуда, – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құтыбеков.
Тың әрі тиімді жоба арқылы шулық кәсіпкерлер техника жөндеу орталығын, жиһаз цехын, пескоблок өндірісін, көлік жуу орталығын, жылыжай, вулканизациялау, АРМ-спорт, дәнекерлеу цехы және тағы да басқа кәсіптік нысандар ашып, ауданның әлеуетін көтеруге үлес қосуда.
Балнұр Жексенбекқызы.