Жастар – ел дамуының берік тірегі, болашақтың баянды жолы, нық өзегі
Қай кезеңде де елдің ең басты байлығы – оның жастары. Себебі, бүгінгі жас буын – ертеңгі ел тірегі, қоғамның қозғаушы күші. Жастар саясатын тиімді жүзеге асыру – мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі. Ал ауданда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізіліп келеді. Бұл мақалада біз жыл басынан бүгінгі күнге дейін, яғни үш ай ішінде жастармен жүргізілген жұмыс туралы айтып өтпекпіз…
Бүгінде аудан халқының саны 105 мыңнан асса, оның 30 мыңнан астамын 14 пен 35 жас аралығындағы жастар құрайды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жастардың ішінде 16 207 ер азамат, 14 743 әйел болса, ауыл жастары – 18 047, ал қала жастары – 12 903 адамды құрайды. Яғни, әрбір үшінші тұрғын – жас. Оның ішінде ер азаматтар саны басым болғанымен, қыз-келіншектер де қоғамдық өмірдің белсенді қатысушылары. Қала мен ауыл жастарының ара салмағы да теңгерімді, яғни сандық көрсеткіш бойынша ауыл жастары басым болғанымен, қалалық жастар да түрлі бастамалардың алдыңғы қатарынан көрінуде.
Жастардың өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі – отбасын құру десек, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 48 жас неке қиып, жаңа өмірге қадам басқан. Үш ай ішінде үш жас өзге ел азаматына тұрмысқа шықса, екі жас отбасының ажырасу дерегі тіркелген.
Білім беру саласы – жастар саясатының негізгі тіректерінің бірі. Аудандағы 46 мектепте 20 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның жартысынан астамы – жасөспірімдер. Жыл сайын мыңнан астам түлек мектеп бітіріп, үлкен өмірге жолдама алады. Нақтылайтын болсақ, биыл 1 124 түлек мектеп бітіреді.
Жастардың кәсіби білім алуына да мүмкіндік мол. Шу қаласында 4 колледж бар болса, оның 1-і мемлекеттік, 3-і жекеменшік негізде. 2025-2026 оқу жылында бұл оқу орындарында 1194 студент білім алуда. Қуантатыны, олардың басым бөлігі мемлекеттік грант иегерлері. Дегенмен, оқу бітірген жастарды жұмыспен қамту мәселесі әлі де өзекті. Соған қарамастан, өткен жылы түлектердің бір бөлігі тұрақты жұмысқа орналасып үлгерді.
Қазіргі таңда ауданда 492 жас жұмыссыз ретінде тіркелгенімен, олардың басым бөлігі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау табуда. Жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, кәсіпкерлікке оқыту бағдарламалары – барлығы жастардың өз орнын табуына мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе, кәсіпкерлік бағыттағы бастамалар ерекше назар аудартады. Жеңілдетілген несие алып, өз ісін бастаған жастардың саны артып келеді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында әр жылдары ондаған жас несие алып, өз кәсібін бастаған.
Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Түрлі кездесулер, түсіндіру шаралары, құқықтық кеңестер – барлығы жастардың санасын қалыптастыруға бағытталған. Пробация есебінде тұрған жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар да олардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етуде. Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 69 іс-шара өткізіліп, 1188 жас қамтылған. Пробация қызметінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың І тоқсанында 44 жас тіркелген. Сонымен қатар, ішкі істер бөлімінің дерегінше, наурыз айының қорытындысында 22 қылмыс тіркелген. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында пробация есебінде тұрған 3 жасқа құқықтық кеңес беріліп, арнайы кездесулер ұйымдастырылған.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға келер болсақ, өңірдегі жүздеген спорт нысандары жастарға қолжетімді. Арнайы бекітілген кесте бойынша жастар спортпен тегін шұғылдана алады. Бұл бағытта «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан 37 іс-шара өткізіліп, оған 1140 жас тартылған. Сонымен қатар, әскери-патриоттық бағыттағы іс-шаралар да жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттыруда. Қазіргі таңда аудан бойынша әскери есепте тұрған жастар саны 4230. Оның ішінде 300 жас әскерге шақырылған, 11 жас нақты әскер қатарына аттанған. Орталық тарапынан әскери-патриоттық бағытта 18 іс-шара өткізіліп, оған 456 жас қамтылған екен.
Еріктілік қозғалысы да қарқын алған. Қазіргі таңда ауданда 483 ерікті жас бар. Жыл басынан бері олардың қатысуымен 203 іс-шара өткізіліп, «Қамқор», «Үміт», «Саулық» секілді жобалар аясында мыңдаған адам қамтылып, нақты көмек көрсетілген.
Қазіргі қоғамда діни сауаттылық мәселесі де аса маңызды. Жастар арасында деструктивті діни ағымдардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Кездесулер, түсіндіру жұмыстары, ақпараттық шаралар, барлығы жастардың дұрыс бағыт таңдауына көмектесуде.
Ал жастар үшін тиімді бағдарламалардың бірі-«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2025 жылы 35 маман көтерме жәрдемақы алып, 27 маманға бюджеттік несие берілген. Ауданда уақытша бос жүрген жастармен де нақты жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдың қорытындысында 428 жастың әлеуметтік мәртебесі белгісіз болса, нәтижелі жұмыстардың арқасында 123 жастың мәртебесі анықталып, тиісті орындарға жолданған.
Аталған жұмыстардың барлығы аудандық «Жастар ресурстық орталығының» үйлестіруімен жүзеге асырылуда. Бүгінде орталықта 39 қызметкер жұмыс істейді. Әрине, атқарылған жұмыстармен қатар, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – Жастар ресурстық орталығының жеке ғимаратының болмауы. Қазіргі таңда орталық жеке ғимаратсыз, Шу ауданының білім бөліміне қарасты Оқушылар сарайының базасында отыр. Дегенмен, бұл мәселе болашақта өз шешімін табады деген сенім бар.
– Бүгінде жастар – қоғамның ең белсенді әрі қозғаушы күші. Біз білім беру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, құқықтық сауаттылық, патриоттық тәрбие, еріктілік сынды бағыттардың барлығын қамтуға тырысамыз. Әсіресе, ауыл жастарына ерекше көңіл бөлінуде. «Ауыл аманаты» сияқты жобалар арқылы жастардың туған жерінде тұрақтап, кәсіп бастауына жағдай жасалып отыр. Бүгінгі жастар – өте білімді, ізденімпаз, жаңа мүмкіндіктерге ашық. Олардың әлеуетін дұрыс бағыттай білсек, кез келген жетістікке жетуге болады. Біз өз тарапымыздан әр жастың дамуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыруға күш салып келеміз. Алдағы уақытта да жастардың сұранысына сай жаңа жобаларды жүзеге асырып, олардың қоғамдағы рөлін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады, – дейді бізбен әңгімесінде орталық директоры Ғани Бірлікұлы.
Балнұр Жексенбекқызы.