Ақпараттық портал

Табиғаттың тазалығы – тәннің саулығы

Таза табиғат, жасыл орман, саф ауа, сыңғырлаған мөлдір бұлақ – адамзат тіршілігінің қайнар көзі. Қоршаған ортаның тазалығы – адам денсаулығы мен өмір салтына тікелей әсер ететін негізгі фактор. Сондықтан табиғатты қорғау, оны сақтау – адамзатқа ортақ міндет.

Балық шаруашылығы комитеті төрағасының бұйрығымен 1 наурыз бен 31 мамыр аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасы бойынша балық шаруашылығы су айдындарында «Таза су айдындары» атты табиғатты қорғау акциясын өткізу бекітілген болатын. Осыған орай, еліміздің түкпір-түкпіріндегі балық шаруашылығын жүргізіп отырған су айдындарын қараусыз қалған балық аулау ауларынан және қоқыс тасталған жағалау аумақтарын тазартуға, азаматтардың су ресурстарын ұқыпты қарауын қалыптастыруға бағытталған жыл сайынғы табиғат қорғау акциясы басталды.
«Мұндай акциялар болашақ ұрпақ үшін су қоймаларымыздың биоалуантүрлілігін сақтау үшін үлкен маңызға ие. Біз су қоймаларын тасталған (иесіз) балық аулау жабдықтарынан, жағалау аумақтарындағы қоқыстардан тазартамыз. Бұл сөзсіз қоршаған ортаға көп пайда әкеледі. Барлықтарыңызды су объектілерінде, балық ресурстары мен басқа да су жануарларының тіршілік ету орталарында тазалықты сақтауға шақырамын», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Шу-Талас облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының басшы Азамат Кабдугалиев.
Балық шаруашылығы комитеті төрағасының бұйрығына сәйкес, акция өңірлердің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып өткізілуде. Осы тұста Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары және «Тасөткел» су қоймасының қорықшыларымен «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігі мен еріктілер бірлесе отырып «Тасөткел» су қоймасында «Таза су айдындары» акциясын өткізді. Аталған акцияға барлығы 50 адам қатысып, 10 су көліктері және автокөліктер жұмылдырылды. Жоғарыда көрсетілген жұмыстардың нәтижесінде, су айдынынан 10 шқ астам заңсыз құрылған аулау құралдары алынып, арнайы белгіленген орында жойылды.
Аталған акция балық аулау желілерінен су айдындарын тазарту және жағалау аумақтарын жинау, сондай-ақ балық ресурстарын сақтау және балықтардың уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында өткізілуде. Атап айтсақ, Шу ауданы бойынша 5 су қоймалары бар. Олардың ішіндегі ауқымды су қоймасы – республикалық мәндегі Тасөткел су қоймасы.
Бұл жағдайды ескерген Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басқармасы акцияны өткізуге тікелей мұрындық болды. Осы орайда көпшілікке түсіндіру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары да жүргізіліп, мақалалар жарияланды.

Жұмахан Чекаев,
ҚР және Шу ауданының “Құрметті азаматы”,
ҚР “Қоғам қайраткері”,
ҚР “Ақпарат саласының үздігі”,
“Балық Fest Shu” қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.