«Тәртіпке бас иген құл болмайды»
Соңғы кездері тұрғындар арасында «Еліміз Қазақстан емес, «Штрафстан» болып кетті, айыппұлдан көз аша алмадық, елдің жағдайына кім қарасады?» деген пікірлер көбейді.
Мен 1983-1985 жылдары Шығыс Германияда әскери борышымды атқарған едім. Сол кездері жұмыс бабымен командирім Скоробогатов деген подполковникпен Карл Маркс Штад қаласына жиі шығушы едік…
Бірде түн ішінде келе жаттық, көшеде машиналар да, жаяу адамдар да жоқ. Содан әскери бөлімге жақындағанда, бір бағдаршамның қызыл жарығына тоқтап тұрған жаяу адамды көрдім. Біздің елде машина жоқ болса болды, бағдаршамға ешкім де қарамас еді. Сол туралы әңгімелегенімде, бастығым біраз мән-жайларды айтты. Адамнан адамның еш кемшілігі де, артықшылығы да жоқ, пендешілік бәріне ортақ. Неге бір елде заң талабы мүлтіксіз орындалады, ал бір елде аяқасты болады? Мәселе адамда емес, сол мемлекеттің заңының орындалуында. Қай мемлекет заңның орындалуын қатаң талап етсе, сол елдің азаматтары тәртіпті келеді. Ол заманда біздің елімізде түсіндіру, халықтың санасын ояту тәсілдері қолданылатын. Балабақшадан бастап, еңбек ұжымдарында да тәртіптің сақталуы насихатталатын. Бірақ нәтижесі шамалы еді. Сол кездің өзінде Германияда айыппұл көлемі үлкен болған екен. Бастығым осы жайларды айта келе, «жаңа кезіккен адам бағдаршамнан өтіп кетер еді, айыппұлдан қорқады, бағдаршамның қызылынан өтіп кетсе, 200 марка айыппұл арқалайды. Ол оңай ақша емес, сондықтан ол адам амалсыз тәртіпке бас иіп тұр» деді.
Қарап отырсаң, азаматтардың заңды құрметтеуінен мәдениет қалыптасады. Кеңес заманында да, Қазақстан жаңадан тәуелсіздік алған кезде де мемлекеттік мекемелердің кабинеттерінде темекі еркін шегіле беретін. Тіпті, пойыздың купелерінде де жолаушылар ешкіммен санаспай-ақ, терезені ашып қойып, темекі шеге беретін еді. Оған елдің бәрінің көзі үйреніп кеткен, ешкім наразылық танытпайтын. Содан заң қатаңдатылып, қоғамдық орындарда темекі шеккендерге айыппұл сала бастаған еді, қазір қандай жақсы болды. Тамақтану орындарында да, демалу орындарында да ешкім темекі шекпейді. Арасында біреулер темекі шеге қалса, көзге қандай жаман көрінеді, елдің өзі-ақ тәртіпке келтіріп алады. Елімізде темекі шегу мәдениеті қалыптаса бастады, одан кімге зиян?
Ал жолда жүру ережесі ең алдымен адамдардың өмірінің қауіпсіздігі емес пе? Балаларын басқа елді мекенге жалдамалы көлік арқылы жіберген ата-аналар жанын шүберекке түйіп, құдайдан аман-есен жетулерін тілеп отырады. Неге? Себебі бәрі біледі, жалдамалы көліктер ешқашан белгіленген шектеулі жылдамдықпен жүрмейді, тіптен 200 км/сағ жылдамдықтан да асырып айдайды. Осы дұрыс па? Жақында Алматының Әл-фараби көшесінде көліктерін 250 км/сағ жылдамдықпен айдап жарысқандар туралы не дерсің?
Айыппұл – заңның орындалуын қамтамасыз ететін мәжбүрлеу шарасы. Ол әркімге салынбайды, тек белгілі бір қағидаларды, ережелерді бұзушыларға ғана салынады. Қазақстанның заңнамалары бойынша айыппұл заңбұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті орнықтыруға бағытталады.
Ел арасында билік басындағылар мемлекет бюджетін айыппұл есебінен толтырып отыр деп санайтындар да бар. Азаматтардың бәрі бір бағытта ойлауға тиіс емес, әркімнің өз ойы бар, сол өз ойларын ортаға салуға құқы бар. Мәліметтерге қарап отырсаң, 2025 жылы айыппұлдардың жалпы көлемі елімізде 227 млрд. теңгені құрапты. Сол 2025 жылғы Астана қаласының бюджет кірісі 1,17 трлн теңгені, Алматы қаласының бюджет кірісі 2,2 трлн теңгені құраған екен. 227 млрд теңге бұл сомалармен салыстыруға келмейді, дегенмен аз қаржы емес. Сондықтан әркімнің өз ойы өзінде.
Дегенмен, заң талаптарының, жолда жүру ережесінің қатаң сақталуынан кімге зиян, ең алдымен азаматтардың денсаулығының, өмірінің қауіпсіздігі емес пе? Айыппұл арқалағың келмесе, заң талаптарын сақтауға тырыс!
Жақында ауданымызда Наурыз мерекесі аталып өтті. Халықтың мерекені жақсы өткізуіне барлық жағдайлар жасалса, аудан тұрғындары тарапынан қоршаған ортаны, табиғатты аялау қаншалықты деңгейде екені көрінді. Мереке өткізілген «Наурызтөбе» тұрмақ, сол аймақтағы «Шу-Төле би» күре жолының екі шеті бірдей қоқысқа толды. Мұндайға не деуге болады? Енді осыларды тәртіпке шақыру үшін айыппұл сала бастаса, тағы ұнамайды. Тек заң талаптары қатаң сақталған жерде ғана даму, алға жылжу, өркендеу болады, мұны дұрыс түсіну қажет!
Айыппұл елімізде қажеттіліктен туындаған шара екеніне түсіністікпен қарайық, тәртіпке бас иген құл болмайды.
Бақытжан Бексултанов,
Төле би ауылының тұрғыны.