Тоғызқұмалақ – ұлттың рухани қазынасы
Кезінде терең ой мен зеректікке негізделген бұл ақыл-ой сайысы – тоғызқұмалақ ойыны коммунистік кезеңде «ескінің сарқыншағы» деп танылып, қудалауға ұшырағаны тарихтан белгілі. Ұлы далада ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұраларымыз бен ұлттық құндылықтарымыз сол бір заманда саяси жүйенің қыспағына түсіп, халықтың төл мәдениеті мен өнері екінші қатарға ығыстырылды. Коммунистік идеология билік жүргізіп қана қоймай, халықтардың болмысын, салт-дәстүрін, ойлау жүйесін де бір қалыпқа салуға тырысты.
Алайда, уақыт – әділ төреші. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырып, жаңа тыныс алды. Солардың бірі – тоғызқұмалақ ойыны. Егемендікпен бірге ұлттық спорт түрлеріне деген көзқарас өзгеріп, олардың дамуына кең жол ашылды. Соның ішінде ойлау қабілеті мен логиканы талап ететін тоғызқұмалаққа ерекше мән берілді.
Қазақтың кең даласында мал соңында жүріп-ақ, күндер бойы үздіксіз ойнайтын, бірін-бірі жеңе алмайтын нағыз шеберлер болғаны аңыздай айтылады. Бұл ойынға деген құрметтің жоғары болғаны сонша, оны тек қарапайым халық емес, ел басқарған би-болыстар, ұлы тұлғалар да ойнаған. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы, дана Шәкәрім Құдайбердіұлы, сондай-ақ Шоқан Уәлиханов пен Қаныш Сәтбаев секілді ірі қайраткерлердің де бұл ойынға қызығушылық танытқаны – оның рухани құндылығын айғақтай түседі. Тоғызқұмалақты кеңінен насихаттау, дамыту мақсатында елімізде арнайы федерация құрылып, жүйелі жұмыстар қолға алынды. Дегенмен, бұл бағыттағы жетістіктер тек орталықтармен ғана шектелмейді. Аудан, ауыл деңгейінде де бұл игі іс жалғасын табуда.
Өзіміздің ауданда да арнайы тоғызқұмалақшылар тобы құрылып, аталған ойынға жанашыр болып, жүрек қалауымен дамытып жүрген азаматтар бар. Солардың қатарында ардагерлер – Көпжанов Балықбай мен Нашарбеков Абас есімдерін ерекше атауға болады. Көпжанов Балықбай тәуелсіздік алған жылдардан бері ұлттық ойынды насихаттап, оның дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Ал Нашарбеков Абас – облыстық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, республика көлемінде қола жүлде иеленген тәжірибелі ойыншы. Өкінішке қарай, осындай азаматтардың еңбегі кейде елеусіз қалып жатады. Олар ешқандай қолдау күтпей-ақ, өз күшімен жарыстарға қатысып, аудан абыройын асқақтатып жүр.
Тоғызқұмалақ ойыны да заман талабына сай түрленіп, классика, рапид секілді бағыттарға бөлінген. Әрқайсысы ойынның ұзақтығы мен қарқынына байланысты ерекшеленеді.
Биыл ақпан айының 24-28 күндері аралығында Тараз қаласындағы «Азия холл» кешенінде Жамбыл облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен тоғызқұмалақ жарысы өтті. Осы додаға Шу ауданы атынан ардагер ұстаз, зейнеткер Нашарбеков Абас қатысып, үлкен сенім үдесінен шықты. Спорт бөлімі тарапынан іссапар қаражатымен қолдау көрсетіліп, бөлім басшысы Қасымхан Мәуленов бастаған ұжым ақжол тілеп шығарып салды. Абас бұл сенімді толық ақтады. Ол бұған дейін де тоғызқұмалақтың «классика» түрінен алтын жүлде иеленіп, жарыстарда топ жарып жүрген тәжірибелі ойыншы екенін дәлелдеген болатын. Бұл жолы да 70-80 жас аралығындағы кіл мықтылармен сынға түсіп, ешқайсысына дес бермеді. Нәтижесінде, жарыстың үш түрінен үш медаль жеңіп алып, жалпы ұпай қорытындысында бірінші орынды иеленді.
Бүгінде Нашарбеков Абас – Шу ауданы ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі, әкелер кеңесінің белсендісі, бұқаралық спорт жанашыры. Қарапайым ғана ауыл қариясы болғанымен, оның еңбегі – үлкен өнеге. Алдағы уақытта тоғызқұмалақ ойынын насихаттауда зерттеуші-насихаттаушы Абас Нашарбеков, жан-жақты білімді Балықбай Көпжанов, тақырыпты кеңінен қозғайтын қаламгерлер Несіпхан Қоңырбаев одан әрі жандандырады деген сенім мол.
Мейірхан Балықбаев,
Шу ауданы әкелер кеңесінің төрағасы.