Ақпараттық портал

Балуан Шолақтың соңғы аманаты

Балуан Шолақ десе, қазақтың көз алдына алдымен алып күш иесі, ән мен жырдың дүлдүлі, әділетсіздікке қарсы тұрған қайсар азамат келеді. Азан шақырып қойған есімі – Нұрмағамбет Баймырзаұлы болғанымен, халық оны ерлігі мен қайратына қарап «Балуан Шолақ» деп атап кеткен. Бүгінде оның өмірі мен шығармашылығы жан-жақты зерттелгенімен, өмірінің соңғы күндері мен дүниеден өтуіне қатысты айтылатын әңгімелер әлі де көп.
Бір деректерде ол ауыр дерттен көз жұмды делінсе, енді бірінде оқ жарақаты себеп болғаны айтылады. Тіпті ұзақ жылдар бойы оның қай жерге жерленгені де белгісіз болып келген. Осындай көпшілік біле бермейтін мәліметтерді журналист Бекен Қайратұлы «Егемен Қазақстан» газетінде 2020 жылғы 15 қазанда жарық көрген «Арқаның арыстаны – әйгілі күш иесі Балуан Шолақтың қазасы жайлы дерек» атты мақаласында жинақтап жариялаған. Мақалада келтірілген тың деректер мен ел аузында сақталған естеліктер мені ерекше қызықтырды. Осындай құнды мәліметтерді жерлестеріміз де біле жүрсін деген ниетпен, автор мақаласында баяндалған маңызды деректерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.
Автор зейнеткер ұстаз, өлкетанушы Ақшатай Сәдуақасқызы Изахметовадан жазып алынған естеліктер мен ел аузында сақталған тарихи мәліметтерге сүйене отырып, Балуан Шолақтың өмірінің соңғы кезеңіне қатысты маңызды деректерді ұсынады. Келтірілген мәліметке сәйкес, Балуан Шолақтың туып-өскен жері қазіргі Ақмола облысының Бұланды ауданы болып саналады. Астана–Көкшетау бағытындағы Елтай стансасының маңындағы Тастыөзек өңірі оның мәңгілік тыныс тапқан жері ретінде айтылады. Ақшатай Сәдуақасқызының айтуынша, Балуан Шолақ көзі тірісінде патша өкіметінің келімсектерімен бітіспес тартыста болған. Сондықтан ел ақсақалдары оның қайтыс болғаннан кейін де жаулары мәйітін қорлап кетуі мүмкін екенін алдын ала болжаған. Сол себепті Қайрақты өзенінің бойына жалған зират тұрғызып, ал шынайы қабірді құпия сақтаған деген дерек келтіріледі.
Сондай-ақ Балуан Шолақтың ата-тегі туралы да маңызды мәліметтер беріледі. Оның арғы атасы Есентай шамамен XIX ғасырдың ортасында Шу өңірінен Керей еліне қоныс аударған. Есентайдан Қазанғап, одан Жарықшақ, Жарықшақтан Баймырза дүниеге келеді. Ал Баймырзадан қазақтың әйгілі перзенті Нұрмағамбет, яғни Балуан Шолақ туған. Анасы Қалампыр көпбалалы болғанымен, аман қалған перзенттері Төлеубай, Тәуекел және кенжесі Нұрмағамбет екені айтылады. Балуан Шолақтың өмірінің соңғы күндері жөніндегі ерекше әсерлі естелік те жазылған. Бұл естелікті Ақшатай апай кезінде Шортан қаласында тұрған, балуанның көзін көрген Сәкен Малдыбаев қариядан жазып алған. Естелікке сүйенсек, 1919 жылдың қысының соңында Балуан Шолақ ұлы Құдайбергенмен бірге ауыл ақсақалының үйіне келіп, ауыр сырқатқа шалдыққанын айтып, бақұлдасуға келгенін жеткізеді. Дастарқаннан аз ғана дәм татқан соң: «Сіздің үйден татқан соңғы дәмім осы шығар», – деп қоштасады. Жолға шығарда ауруы ұстап қалса сүйегі далада қалмасын деп өзін шанаға мықтап таңып байлауды өтінеді. Үш күннен кейін оның дүниеден озғаны туралы қаралы хабар жеткен.
Үйіне жеткен соң Балуан Шолақ жары Қаныкей мен ағасы Төлеубайды шақырып алып, сырын ашады. Ол екі жыл бұрын Ақбалақ орманынан шыға бергенде белгісіз біреулердің мылтық атқанын, оқ ердің қасына тиіп әлсіреген күйде кіндігінің төменгі тұсына қадалғанын айтады. Ел арасында «Балуан қорғасыннан қорқып жатыр» деген сөз шықпасын деп жарасын жасырып келгенін, бірақ сол жараның ақыры ажалға себеп болғанын жеткізеді. Өсиетінде ол мәйітін бөтен адамдарға ұстатпауды, өздерін аңдыған қара шекпенділердің қорлауынан сақтау үшін қабірін құпия жерлеуді аманат етеді. Осыған байланысты оның шынайы жерленген орны ұзақ жылдар бойы көпшілікке беймәлім болып келген. Сондай-ақ естелікте Балуан Шолақтың өмірінің соңғы сәтінде шығарған қоштасу жырларының да сақталғаны айтылады. Онда ол жалған дүниенің өткіншілігін, өлімнің бәріне ортақ екенін айтып, халқымен, ағайын-туысымен қоштасады.
Кейін ел адамдары балуанға оқ атқандардың Евтушенко мен Беляков есімді адамдар екенін анықтаған. Олар Балуан Шолақтың нақты жерленген орнын таба алмай, оның ауылына қастандық жасап, ұлы Исажарды атып өлтіргені жөнінде мәлі-мет беріледі. Балуан Шолақтың нақты жерленген орны тек кейінгі жылдары ғана белгілі бола бастаған. Онымен бірге жерлеуге қатысқан Секен Оспанов 1943 жылы оның нақты жатқан орнын көрсеткен. Ал 1999 жылы балуанның немересі Шайдолда Шолақов бастаған азаматтар сол жерде ас беріп, баба басына белгі орнатқан.
Автор бұл мақаласы Балуан Шолақтың өмірінің соңғы кезеңіне қатысты халық жадында сақталған тарихи естеліктерді жинақтап, оқырманға ұсынады. Бұл деректер ел аузында сақталған естеліктер мен өлкетанушылық зерттеулер негізінде берілгенімен, халқымыздың біртуар тұлғасына қатысты тың мәліметтерді сақтап қалуы жағынан ерекше құнды. Сондықтан мұндай зерттеулер Балуан Шолақтың өмір жолын жан-жақты тануға, оның тағдырына қатысты ақтаңдақтарды толықтыруға қызмет ететін маңызды еңбектердің бірі болып саналады.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.