Ақпараттық портал

ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ САЙЛАУЫ: АЗАМАТТАР НЕНІ БІЛУІ ҚАЖЕТ?

2026 жылғы 23 тамызда елімізде алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Осыған байланысты сайлау науқанының ерекшеліктері, азаматтардың сайлауға қатысу құқығы, сайлаушылар тізімі, дауыс беру тәртібі және сайлау учаскелерінің жұмысы туралы Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Вахитов Ержан Жанатұлы кеңінен айтып берді.

-Құрылтай депутаттарының сайлауы туралы айтып өтсеңіз?
-Мемлекет басшысының 2026 жылдың 1 шілдесіндегі №1338 Жарлығына сәйкес елімізде алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы 2026 жылдың 23 тамызына белгіленді. Тиісінше барлық өңірде Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізу бойынша жұмыстар басталды.
Құрылтай – еліміздің заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган болмақ. Құрылтай депутаттары 5 жыл мерзімге сайланады. Құрылтайдың құрамына партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутат кіретін болады сондай-ақ 25 жасқа толған және еліміздің аумағында соңғы 10 жыл бойы тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары депутат бола алады.
-Азаматтар сайлау кезінде нені ескеруі керек?
-Ең алдымен, азаматтар сайлау туралы ресми ақпаратқа сүйенуі қажет. Дауыс беру тәртібін, уақытын және орнын алдын ала біліп, өз таңдауын саналы түрде жасағаны дұрыс. Әрбір дауыс елдің қоғамдық-саяси дамуына ықпал ететін маңызды шешімдердің бірі.
-Сайлауға кімдердің қатысуға құқығы бар?
-Сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін жергілікті атқарушы орган жасайды. Негізінен кез келген 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы дауыс беруге заңды түрде құқылы және азаматтық борышы деп білем. Жалпы алғанда сайлаушылар тізіміне енгізілген, Қазақстан Республикасының дауыс беру құқығына ие азаматтары сайлауға қатыса алады.
-Сайлаушы өз деректерін сайлаушылар тізімінде бар-жоғын қашан тексере алады?
-Құрылтай депутаттарының сайлауы жарияланған күні Орталық сайлау коммисиясы-ның үндеуі жарық көрді. Үндеуге сәйкес, 2026 жылғы 7 тамыздан бастап сайлаушы өз сайлау учаскесінде тізімдегі мәліметтерін тексеріп, өзінің тізімде бар-жоғын анықтай алады.
-Егер азаматтың аты сайлаушылар тізімінде болмаса, не істеуі керек?
-Ондай жағдай орын алатын болса азамат жергілікті атқарушы органға немесе учаскелік сайлау комиссиясына өтініш беріп, тізімге енгізуді немесе мәліметтерін түзетуді талап ете алады.
-Сайлау учаскелерінің шекаралары мен орналасқан жері туралы ақпарат беріп өтсеңіз?
-Бүгінгі таңда Шу ауданында 45 сайлау комиссиялары бар. Олардың ішінде 1 аудандық аумақтық және 44 учаскелік сайлау комиссиялары бар. Тиісінше олардың құрамы, шекаралары, орналасқан жерлері туралы мәліметтер аудандық БАҚ беттерінде және ресми сайттарға жарияланады. Орталық сайлау коммисиясының Үндеуіне сәйкес, бұл ақпаратты тиісті әкімдіктер 2026 жылғы 16 шілдеге дейін жариялайды.
-Қорытынды ретінде не айтар едіңіз?
-Сайлау – әрбір азаматтың конституциялық құқығы әрі азаматтық жауапкершілігі. Белсенді азаматтық ұстаным қоғамның дамуына, елдегі тұрақтылық пен бірліктің нығаюына өз үлесін қосатынын атап өткім келеді.

ххх

ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫ:
ЕСЕПТЕН ШЫҒАРУ КУӘЛІГІН АЛУ ТӘРТІБІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Алдағы Құрылтай сайлауына байланысты азаматтар-дың дауыс беру құқығын жүзеге асыру тәртібі, оның ішінде есептен шығару куәлігін алу және пайдалану мәселелері бойынша Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Вахитов Ержан Жанатұлы жауап берді.
-Есептен шығару куәлігі дегеніміз не?
-Есептен шығару куәлігі – азаматқа өзінің тіркелген учаскесінен тыс жерде дауыс беруге мүмкіндік беретін құжат. Яғни, егер азамат тұратын жерін өзгерткен болса немесе басқа елді мекенде болатын жағдай туындаса, өзінің учаскелік комиссиясына жазбаша түрде өтініш жазады. Өтініш негізінде оған комиссия есептен шығару куәлігін табыс етеді. Сол куәлік арқылы өзге учаскеде дауыс бере алады. Сонымен қатар, есептен шығару куәлігін сенімхат негізінде өкіл арқылы да алуға болады. Бұл жағдайда сенімхатты нотариалдық куәландыру талап етілмейді.
-Куәлікті қашан алуға болады?
-Есептен шығару куәлігі 7 тамыздан бастап беріледі. Ал оны беру 22 тамыз күні сағат 18:00-де тоқтатылады. Сондықтан азаматтар құжатты алдын ала алып қоюы қажет.
Басқа сайлау учаскесінде дауыс беру кезінде қандай құжаттар ұсынылады?
Азамат дауыс беру кезінде есептен шығару куәлігін және жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі тиіс. Жеке куәліктің электрондық нұсқасын да ұсынуға болады.
-Бұдан кейін қандай рәсімдер жүргізіледі?
-Учаскелік сайлау комиссиясы азаматты Құрылтай сайлауына қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізеді. Осыдан кейін оған дауыс беруге арналған бюллетень беріледі.
-Есептен шығару куәлігін бірнеше рет пайдалануға бола ма? Сонымен қатар, куәлік жоғалған жағдайда не істеу керек?
-Есептен шығару куәлігі бір рет қана пайдаланылады және азамат дауыс берген учаскеде қалады. Жоғалған есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді. Сонымен қатар бұл куәлік бір елді мекеннің ішіндегі басқа учаскеде дауыс беру үшін берілмейді.
Сұхбаттасқан Фариза Әубәкірова,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.