Ақпараттық портал

ЖЫЛДАМ ӨМІРДІҢ құрбаны болып бара жатқан жоқпыз ба?

«Адамға ең әуелі тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы…» деп әл-Фараби айтқан екен. Ал Абай адам баласын «Толық адам» болуға үндеді. Ол үшін ақыл да, қайрат та, жүрек те қатар жүруі керек екенін ескертті. Бүгінгі қоғамға қарап отырып, даналардың айтқан сөздері еріксіз ойға оралады. Өйткені заман өзгергенімен, адамдық құндылықтардың бағасы ешқашан өзгерген емес. Кейде адамдарды сырттай бақылап отырып, үнсіз ғана ойға батасың. Қалам ұстап, қоғамның тынысын қағазға түсіріп жүрген соң ба, әлде өмірдің өзі соған жетелей ме, әйтеуір күнделікті көз алдымыздан өтіп жатқан қарапайым көріністердің өзінен үлкен мәселені аңғарасың. Кейде бір ғана сәт тұтас бір мақаланың өзегіне айналады.

Бір күні аялдамада автобус күтіп тұрдым… Қасымда егде жастағы бір кісі мен жас жігіт тұрды. Автобус кешігіп жатқандықтан, әлгі кісі: «Бұрын адамдар автобус күтіп тұрғанда сөйлесіп, әңгіме айтатын еді. Қазір бәрі телефонға қарап тұрады. Көшеге қарасаң, зуылдаған көлік. Бәрі асығыс әйтеуір» – деді. Осы сөзден кейін айналаға көз жүгірттім. Расында да, он шақты адамның ешқайсысы бір-біріне қарамайды. Бірі әлеуметтік желіні ақтарып отыр, бірі видео көріп тұр, енді бірі біреумен хат алмасуда. Бір аялдамада тұрған адамдардың әрқайсысы өз әлемінде. Осы көрініс мені еріксіз ойландырды. Біз шынымен өмір сүріп жүрміз бе, әлде өмірмен жарысып келеміз бе? Қазір қайда барсақ та, бәрі асығыс. Көшеде де, дүкенде де, жұмыста да. Бірі жұмысқа кешігіп барады, бірі жиналысқа, енді бірі баласын балабақшадан алып үлгеруге тырысады. Тіпті демалғанның өзінде асығамыз. Демалыс күнін де жоспарға толтырып қоямыз. «Уақыт жоқ» деген сөз бүгінде ең жиі айтылатын сөздердің біріне айналды. Біреуден хал сұрасаң да, «Қол тимей жүр…», «Жұмыс көп…», «Кейін сөйлесейік…», «Уақыт болмай жатыр…» деген жауаптарды естисің. Шынында уақыт жоқ па? Әлде біз уақыттың қадірін ұмытып барамыз ба? Қазақта «Асыққан шайтанның ісі» деген сөз бар. Бұл мақалдың мәнін бұрын үлкендер жиі айтатын. Қазір сол сөздің мағынасына қайта үңілетін уақыт келген сияқты. Өйткені бүгінгі адамның ең үлкен мәселесінің бірі – асығыс өмір.
Осыдан ондаған жыл бұрынғы өмірді еске түсірейікші. Кешкілік ауылдың үлкендері көше бойына орындық шығарып, әңгіме-дүкен құратын. Балалар қараңғы түскенше асық ойнап, доп қуалап, қуаласпақ ойнайтын. Үйдің алдында отырған әжелер немересіне ертегі айтатын. Бір үйге қонақ келсе, көршілер де кіріп шығатын. Ешкімнің қолында телефон болған жоқ. Бірақ адамдардың бір-біріне уақыты болды. Қазір керісінше… Байланыс құралы көбейді. Бірақ байланыс азайды. Бір үйде төрт-бес адам отырса да, әрқайсысының қолында телефон. Әке жаңалық оқып отыр, анасы әлеуметтік желіде, баласы ойын ойнап отыр, қызы қысқа видеолар қарап отыр. Бәрі бірге отырған сияқты. Бірақ бірге емес… Кейде кешкі ас үстінде де әңгімеден бұрын телефон сөйлеп тұрады. Бұл қалыпты жағдайға айналған.
Әлеуметтік желіде де ой салатын контенттер көбейген. Соның бірі, әкесі жұмыстан кеш қайтады екен. Үйіне кірсе, кішкентай ұлы ұйықтамай күтіп отыр екен.
Баласы сонда:
– Әке, сен бүгін ерте келемін деген едің ғой…
Әкесі баласының басынан сипап:
– Балам, жұмыс көп болды. Ертең ертерек келемін, – дейді. Ертеңінде тағы кешіккен. Бір апта өткенде де солай. Бір күні баласы:
– Әке, сенің «ертеңің» ешқашан келмейді екен, – дейді. Осы бір қарапайым сөздің өзінде қаншама мұң жатыр. Көп жағдайда біз балаларымыз үшін еңбек етеміз. Жақсы өмір сүрсін дейміз. Жақсы киінсін, жақсы оқысын, ештеңеден таршылық көрмесін деп тырысамыз. Бірақ бала үшін қымбат дүниенің бәрі ақша емес. Оған ең алдымен әкесінің бір сағат уақыты, анасының жылы құшағы керек. Баланың есінде қымбат ойыншық емес, әкесімен бірге серуендеген күні қалады. Баланың есінде сәнді киім емес, анасының ертегі оқып берген кеші қалады. Өкінішке қарай, біз осы қарапайым дүниелерді көбіне кеш түсінеміз.
Бүгінгі қоғамда тағы бір өзгеріс бар. Біз бәріне үлгергіміз келеді. Көп ақша тапқымыз келеді. Жаңа көлік мінгіміз келеді. Үлкен үй алғымыз келеді. Жақсы қызметке жеткіміз келеді. Осының бәрі дұрыс-ақ. Бірақ осы мақсаттардың соңынан жүгіріп жүріп, өмірдің өзін кейінге қалдырып қойған жоқпыз ба? «Зейнетке шыққанда демаламын», «Үй салған соң саяхаттаймын», «Жұмысым жеңілдегенде балаларға көбірек уақыт бөлемін» деген өмірдің ең маңызды тұстарын әттең, шегеріп жатырмыз, шегеріп жатырмыз. Өмірдің ең қауіпті тұсы да осы шығар. Өйткені өмір ешкімді күтіп тұрмайды. Бала өседі, ата-ана қартаяды, дос алыстайды, ал уақыт үнсіз ғана өте береді. Адам өмірінде қайтып келмейтін үш нәрсе бар дейді. Оның бірі өткен уақыт. Ақшаны қайта табуға болады. Жоғалған дүниені де сатып алуға болады. Ал кеше өткен бір күнді ешкім қайтара алмайды. Соған қарамастан, біз ең бағалы байлығымыз – уақытымызды бағалай бермейміз.
Бірде қарт әке өмірден озардан аз ғана бұрын балаларына: «Маған сендердің ақшаларың емес, уақыттарың керек еді» – депті. Осы бір ауыз сөздің астарында қаншама өкініш жатыр.Қазір көпшілігіміз ата-анамызға қажет нәрсенің бәрін алып беруге тырысамыз. Дәрісін әпереміз, азық-түлігін жеткіземіз, киімін алып береміз. Бірақ кейде солардың жанында бір сағат отырып, әңгімесін тыңдауға уақыт таппаймыз. Шын мәнінде, қартайған адамға қымбат сыйлық емес, баласының даусы керек. «Қалыңыз қалай?» деген бір ауыз сөз керек. Қазақ «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» дейді.
Кейде көшеде келе жатып та мынадай көрініске жиі куә боламыз. Жас ана баласын жетектеп келеді. Бір қолында телефон. Бала бірдеңе айтқысы келеді. Анасы:
– Қазір… Күте тұр… – деп жауап береді.
Бала тағы сөйлейді.
– Айттым ғой, мазалама! Осылайша кішкентай жүрек бірте-бірте үнсіздікке үйренеді. Біз балаларымыздың ойын тыңдамаймыз. Ал ертең олар бізбен сырласпайды деп шағым айтамыз.
Бүгінде адамдардың көпшілігі таңертең көзін ашқаннан бастап, кешке ұйықтағанға дейін телефоннан көз алмайды. Таңғы ас ішіп отырып жаңалық қараймыз. Жұмыс арасында әлеуметтік желіге кіреміз. Кешке шаршағанымызды қысқа видеолар көрумен басамыз. Бір қарағанда, мұның еш зияны жоқ сияқты. Бірақ байқап қарасақ, телефон біздің уақытымызбен бірге назарымызды да ұрлап жатыр. Бұрын ұзақ отырып кітап оқитынбыз. Қазір екі бет оқысақ, телефонға қараймыз. Бұрын қонаққа барғанда әңгіме айтатынбыз. Қазір суретке түсіп, жариялауға асығамыз. Бұрын табиғатқа барып тынығатынбыз. Қазір табиғаттың өзін емес, әдемі кадр іздейміз. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің өзі емес, өмірдің көрінісі маңызды болып кеткендей.
Соңғы жылдары мамандар балалар арасында тіл дамуының кешеуілдеуі, анық сөйлемеу, өз ойын толық жеткізе алмау сияқты мәселелердің жиілеп бара жатқанын айтып жүр. Мұндайда ата-ана ретінде бірден дәрігерге, логопедке, психологқа жүгіретініміз рас. Әрине, бұл дұрыс қадам. Бірақ кейде өзімізге де бір сұрақ қойып көрдік пе? Біз бұл жағдайға өзіміз де себеп болып жүрген жоқпыз ба? Бала дүниеге келген күннен бастап ең алдымен ата-анасының үнімен өседі. Анасының әлдиі, әкесінің әңгімесі, әжесінің ертегісі баланың алғашқы мектебі. Ал қазір сол мектептің орнын телефон басып бара жатқандай. Баланы тыныш отырсын деп қолына телефон ұстатамыз. Тамақ ішсін деп мультфильм қосып береміз. Жыласа, экран ұсынамыз. Өзіміздің шаруамызды тындырғанымызға қуанамыз. Бірақ сол сәтте баламен сөйлесуге, оның сұрағына жауап беруге, бірге кітап қарауға кеткен уақыттың орнын ешқандай бейнеролик толтыра алмайды. Бала сөйлеуді экраннан емес, адамнан үйренеді емес пе. Ол жаңа сөзді анасының аузынан естіп меңгереді. Сұрақ қоюды әкесінен үйренеді. Ойын жеткізуді күнделікті әңгімеден қалыптастырады. Ертеде кешкілік әжелеріміз ертегі айтып, жұмбақ жасырып, жаңылтпаш үйрететін. Бала тыңдайтын, қайталайтын, сұрайтын. Сол арқылы тілі де, ойы да бірге дамитын.
Қазіргі адамның тағы бір дерті пайда болды, ол үнемі өзгенің өмірімен салыстыру. Біреу жаңа көлік алды, біреу шетелге кетті, біреу үй салды, біреу табысын көрсетті. Осының бәрін көрген адам еріксіз өзін өзгемен салыстырады. «Мен неге бұлай емеспін?» деп өз өміріне көңілі толмайтын адамдар көбейіп барады. Шын мәнінде әлеуметтік желіде адамның тек ең әдемі сәттері ғана көрсетілетінін түсіну қиын емес қой. Сондықтан өз бақытымызды өзгенің суретімен өлшеу үлкен қателік. Ал өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, бақыт кейде өте қарапайым нәрседе жатады. Ауруханада жатқан адамға денсаулықтан артық байлық жоқ. Шетелде жүрген адамға туған жердің ауасынан артық жұпар жоқ. Ата-анасынан айырылған адамға олардың бір ауыз ақылы жетпейді. Кейде біз қолымыздағы бақтың қадірін, одан айырылғанда ғана түсінеміз. Сондықтан «тағы да, тағы да» деп жүгіре бергенше, бүгінгі күнімізге де шүкіршілік ете білейік, сонда жанымыз тыныш болады.
Бүгінде адамдардың көбі «шаршадым» дейді. Бірақ бұл ауыр жұмыс істегеннен болған шаршау емес. Бұл жанның шаршауы секілді. Үнемі асығу, үнемі бір нәрсеге үлгеруге тырысу, үнемі өзгені қуып жетуге ұмтылу. Міне, адамды қажытатын осы. Сол себепті кейде бәрін тоқтатып, жақындарыңмен отырып бір кесе шай ішудің өзі үлкен демалыс. Кейде ауылға барып, ата-анаңның әңгімесін тыңдаудың өзі жанға ем. Кейде телефонды өшіріп қойып, балаңмен жарты сағат ойнаудың өзі ең пайдалы іс.
Қазақ халқы ешқашан өмірді тек еңбекпен өлшемеген. «Еңбек ет» дегенімен қатар, «Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Атаңның емес, адамның баласы бол», «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деп, адам мен адамның арасындағы сыйластықты бәрінен жоғары қойған. Бүгін біз көп нәрсеге қол жеткіздік. Бұрын сағаттап баратын жерге қазір санаулы минутта жетеміз. Әлемнің арғы бетіндегі адаммен бір сәтте сөйлесе аламыз. Кез келген ақпарат қолымыздағы телефонда тұр. Бірақ осындай мүмкіндіктер көбейген сайын, бір-бірімізге уақыт бөлу азайып кеткендей. Біз алыстағы адамның өмірін жақсы білеміз, ал көрші үйдегі жалғызілікті қарияның халін білмейміз. Біз жүздеген адамды әлеуметтік желі арқылы құттықтаймыз, бірақ өз үйіміздегі жанға жылы сөз айтуға кейде уақыт таппаймыз. Қазақта «Көңіл қартаймайды» деген сөз бар. Расында, адамға қартайғанда қымбат көлік те, үлкен үй де жұбаныш бола алмайды. Оған керек нәрсе баласының келіп, халін сұрағаны, немересінің күлкісі, үй ішіндегі әңгіме. Көптеген адамдар өмірінің соңында: «Неге көбірек жұмыс істемедім?» деп емес, «Неге жақындарыма көбірек уақыт бөлмедім?» деп өкінеді. Себебі адам бұл дүниеден қызметін де, байлығын да алып кетпейді. Артында қалатыны оның жасаған жақсылығы мен адамдардың жүрегінде қалған ізі.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.