Ақпараттық портал

Балаларға шаттық сыйлаған шара

Қазіргі аптап ыстық көпшілікке оңай тиіп жатқан жоқ. Соңғы күндері ауа температурасы 45 градусқа дейін көтеріліп, тұрғындарға ескерту мен сақтық шаралары туралы хабарламалар жіберілді. Осындай ыстық күндері еліміздің бірқатар өңірлерінде тұрғындардың ыстығын басуға бағытталған игі бастамалар қолға алынуда. Бұл үрдіс Шымкент қаласынан бастау алып, Әулиеата өңіріне де жетті. Аталған шара Шу ауданында да жалғасын тапты.

Нақтырақ айтқанда, «Шу медиа ақпараттық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Шу қаласындағы «Жеңіс» саябағында балаларға ерекше мерекелік көңіл күй сыйланды. Іс-шара барысында өңірдегі №19 және №5 өрт сөндіру бөлімдерінің арнайы техникалары екі мәрте жасанды жаңбыр ұйымдастырып, саябаққа жиналған балалар суға шомылып, аптап ыстықтан сергіп қалды.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер Татьяна Хлынина мен Серік Асатовтың, сондай-ақ ұйымдастырушылардың қолдауымен сатып алынған 800-ден астам балмұздақ тегін таратылды. Ауданның әр елді мекенінен келген балалар мұндай тосын сыйға ерекше қуанып, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Ал ата-аналар игі бастаманы жоғары бағалап, ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын білдірді.
Осындай ізгі шаралар қоғамдағы жанашырлық пен бірліктің жарқын көрінісі болып, аптап ыстықтың өзін балалар үшін ұмытылмас қуанышты күнге айналдырды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.