ЕЛ СЕНІМІН АҚТАУ – ІСТЕН БАСТАЛАДЫ
№6 сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Шоманова Жазира Токтыбайқызы мектептердің жағдайын жақсартуға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жастарды қолдауға бағытталған сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Кандидат алдағы бес жылда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымның жақсаруына және тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің шешілуіне атсалысуды көздейді.
ӨМІРБАЯНЫ МЕН ЕҢБЕК ЖОЛЫ
Жазира Токтыбаевна 1984 жылғы 21 маусымда Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылдық округінің Төле би ауылында дүниеге келген. 2012 жылы И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетін «Информатика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2013 жылы Шу ауданы әкімдігі білім бөлімінің «№40 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде лаборант болып бастаған.
2014 жылдан бері Жамбыл облысы Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейді. Тұрмыста, үш баласы бар.
Білім беру ұйымындағы қызметі мен әлеуметтік саладағы еңбек жолы оның кәсіби тәжірибесін құрайды. Кандидат осы тәжірибесін тұрғындардың қажеттіліктерін ескеруге және халық игілігіне бағытталған бастамаларды қолдауға жұмсауды мақсат етеді.
МЕКТЕП АУМАҒЫ – ҚАУІПСІЗ КЕҢІСТІК
Бағдарламада мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінген. Кандидат білім беру ұйымдарының қажеттіліктеріне назар аударып, тиісті мәселелерді жауапты мекемелермен бірлесіп қарастыруды жоспарлайды. Бұл бағыт мектептердің жабдықталуымен шектелмейді. Білім беру ұйымдарының аумағында тазалықты сақтау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де қатар қамтылған. Оқу орнының айналасы оқушылардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы болуы тиіс. Бұл — маңызды міндет.
Жазира Шоманова осы міндеттер бойынша тиісті мекемелермен жұмыс жүргізіп, көтерілген мәселелердің шешілуіне өз өкілеттігі аясында ықпал етуді көздейді.
ЖАСТАРДЫҢ УАҚЫТЫ МЕН ЕҢБЕГІ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру — бағдарламаның келесі бағыты. Кандидат жас буынның уақытын пайдалы өткізуіне, еңбекке бейімделуіне және қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік беретін бастамаларды қолдауды жоспарлайды. Жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған ұсыныстар да назарда. Жастарды еңбекке баулу мен олардың өз мүмкіндіктерін пайдалануына жағдай жасау өзара байланысты міндеттер ретінде қарастырылады.
Бұл бағыттағы басты мақсат — жастардың белсенділігін қолдап, еңбек етуге деген ынтасын арттыруға үлес қосу. Кандидат жастарды толғандырған мәселелерді назарға алып, оларды шешуге арналған бастамалардың қарастырылуына атсалысуды көздейді.
ӘР ӨТІНІШТІҢ АРТЫНДА – АДАМ ТАҒДЫРЫ
Жазира Шоманова сайлаушылармен тұрақты әрі тығыз байланыс орнатуды маңызды міндет деп санайды. Тұрғындардың өтініштерін тыңдау, мәселенің мән-жайын анықтау және оны тиісті мекемелерге жеткізу осы жұмыстың негізін құрайды. Кандидат депутат болып сайланған жағдайда, әрбір өтініш пен өзекті мәселенің оң шешілуіне күш салуды жоспарлайды. Бұл ретте тұрғындармен байланысты үзбей, көтерілген сұрақтардың қаралу барысын назарда ұстауға мән беріледі. Оның негізгі ұстанымы — халық сенімін нақты іспен ақтау. Бағдарламада белгіленген міндеттер мектеп ортасын жақсарту, балалардың қауіпсіздігіне көңіл бөлу, жастарды қолдау және тұрғындардың мүдделерін қорғау мақсаттарына тоғысады.
Дайындаған: “Шу аудандық баспасы” ЖШС
Тапсырыс беруші: Шоманова Жазира Токтыбайқызы
Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.