Ақпараттық портал

ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРДЫҢ ЕРЛІГІ ЕЛ ЖАДЫНДА

1986 жылғы желтоқсан жұртшылық жадында. Өйткені сол кезеңде жастар жиылып, Мәскеудің шешіміне қарсылық танытып, сол үшін көп теперіш көрді. Нақақ жала жабылып, бірі қамалса, бірі қуғындалып, бірқатары құрбан болды. Жарақат алғандары да жетерлік. Еліміздің әр түкпірінен жиналған жастардың арасында жерлестеріміз де бар еді. Солардың бірі – аудан орталығындағы С.Шәкіров мектебінде оқыған Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков болатын.
Осыған орай, аудан әкімі Сәкен Арубаев әкімдік ғимаратының мәжіліс залында жастығын жалын шарпып, аяз тоңдырған желтоқсаншылармен жүздесті. Кездесу барысында Сәкен Қаланұлы жерлестерімізге жылы лебізін білдіріп, егемендікті жақындатқан ерліктеріне алғыс айтты.
-Бүгін сіздермен желтоқсан оқиғасын еске алуға, ерліктеріңізді үлгі етуге жиналып отырмыз. Өздеріңіздей ер жүрек ел ағаларымен бас қосып отыру мен үшін зор мәртебе. Баршаңызды ең алдымен бабалардың арманы болған Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер.
Тәуелсіздік – әлемдегі көптеген елдерге әлі де болса арман. Ал, біз оған қол жеткізгенімізге 31 жыл толып отыр. Бұл күнге жету үшін ата-бабаларымыз күресіп, арыстарымыз атылып, желтоқсаншыларымыз жапа шеккені белгілі. Сондықтан Тәуелсіздік бізге қасқалдақтың қанындай қымбат. Бұл жолда көптеген көтерілістер болды. Соның соңғы нүктесі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы екені ақиқат.
1986 жылы 17-18 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары тарих бетінде «Желтоқсан көтерілісі» деген атпен қалды. Бұл бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы ең елеулі оқиға болып табылады. Қазақ еліне өзге ұлттан басшы тағайындаған Мәскеудің шешімі сақылдаған сары аязда мыңдаған жастың ұрандатып Алматыдағы алаңға шығуына себеп болды. Өз еріктерін білдіріп бейбіт шеруге шыққан жастарға түрлі жалалар жабылып, қарулы күш қолданылды. Соның салдарынан 200-дей адам жан тапсырып, 200-дей адам жараланған. Сонымен қатар 1000–нан аса адам тұтқындалған. «Құйын-86» деген атпен жүргізілген арнайы операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен жаншылды. Оқиға соңынан 2401 адам ішкі істер бөліміне жеткізілсе, қала түрмесіне сыймағандықтан қала сыртына апарып тасталған жастардың саны 8,5 мыңға дейін жеткен.
Бұлқыныстың басы болған Алматыдан соң іле шала толқулар Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан т.б қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты.
Айтуға ауыр болғанымен, ақиқаты осы. Күнді қолмен бүркей алмайтынымыз секілді, бұл оқиға да ешкім жасыра алмайтын шындық болып қалары сөзсіз. Қайрат, Ербол, Сәбира мен Ләззәт сынды құрбан болған аға-әпкелеріміздің есімі біздің жүректе ұзақ сақталады. Олардың өршіл рухы мен Отансүйгіштік қасиеті жас ұрпаққа да жұғуы керек. Одан бөлек, ауданымыздағы әрбір желтоқсаншының жанкештілігі кейінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс,-деді өңір басшысы.
Бұдан соң кезек марапаттауға беріліп, Тәуелсіздік үшін табандылық танытқан бірқатар азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болып, кеуделеріне «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін жарқырата тақты.
Арнайы қабылдап, құрмет көрсеткен аудан басшысына желтоқсаншылар да разылығын білдіріп, өз ойларын ортаға салып, естеліктермен бөлісті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.