Ақпараттық портал

ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚАТАРЫ ТОЛЫҚТЫ

Шыр етіп дүниеге келген соң білім алып, отбасы құрып, бір кәсіпті игеру әрбір пендеге тиген үлес екені белгілі. Алайда, туған халқына қызмет етіп, сүйікті перзенті атану қиынның қиыны. Таңмен таласа тұрып, күн еңкейгенге дейін еткен еңбекті елдің елегені бір бақыт. Алты құрлықтың марапаты, туған топырақтың бір ауыз лебізіне тең келмейтіні тағы бар.
Біздің берекесі тасыған ауданымызда әр салада тер төгіп, өңірдің өсіп өркендеуіне үлес қосқан жандар жетерлік. Олардың ішінде аға буынның сіңірген еңбегі орасан деп бағалауға әбден болады. Бейнетпен белі бүгілген барлық қария бейресми түрде Құрметті азамат. Дегенмен, жыл сайын желтоқсан айында Шу ауданының Құрметті азаматы анықталып, қолына құжаттарын алып жататынын жұртшылық жақсы біледі.

Осыған байланысты ауданның бас ғимаратында арнайы жиын өтіп, ауданның жаңа Құрметті азаматтары мен Құрметті қариялары марапатталған болатын. Аталған шараға аудан әкімі Сәкен Арубаев пен мәслихат хатшысы Жасұлан Әбенов қатысып, өздерінің ізгі тілегін білдірді.
-Бұл сәтті ел алдындағы еселі еңбекке лайықты құрмет көрсету шарасы деп қабылдауымыз керек. 90 жылдан астам тарихы бар Шу өңірінде туып, туған елің түлетіп, тұтас елге танылған азаматтар аз емес. Олар осы ауданның дамуына айрықша күш жұмсап, перзенттік пейілмен аянбай еңбек етті. Сондай саналы жандардың жігерімен бүгінде ауданымыз облыстағы озық өңір атанып отыр. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөз осындайда еске түседі. Сондықтан бүгінгі марапат иелерін шын жүректен құттықтаймын,- деді Сәкен Қаланұлы арнайы рәсімде.
Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен құрмет шарасында №36 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сайфидин Абдуманаповқа, еңбек ардагері, зейнеткер Ағабала Гасановқа, Шу сигнализация және байланыс дистанциясының бастығы Қайрат Сазаевқа, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ жылжымалы құрам және механизация департаментінің бас менеджері Үсембай Оңланбаевқа, кәсіпкер, меценат, «Standart Construction» ЖШС құрылтайшысы Мұханбеталы Шалқарбековтерге Шу ауданының Құрметті азаматы атағы тапсырылды. Сонымен қатар оны растайтын куәліктер беріліп, иықтарына естелік ленталар тағылды. Қазақы жолмен Құрметті азаматтарға шапан жабу дәстүрі де ұмыт қалмады.
Марапатталған жандар да өз кезегінде артылған сенімді ақтауға уәде беріп, осы қошеметке лайық көрген жерлестеріне ризашылықтарын білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.