ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ
Ақын әрі батыр Қасым Аманжолов бір өлеңінде «Отбасы – шағын мемлекет, Мен – Президент, сен – Премьер. Арттым саған көп міндет, Премьер жолдас бер «пример» – деп отбасы құрған жандарға ұран тастаған. Алайда, тағдыры қосылған талай жанұяда ыдыс-аяқ жиі сыңғырлап жатады. Кейбірінің соңы ер адамдардың нәзік жандарға күш қолдануына ұласып жатады. Ол қазіргі тілмен отбасылық зорлық-зомбылық деп айтылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында көптеген түйткілдердің қатарында отбасылық зорлық-зомбылықты атап өткені белгілі.
Президент «Заң және тәртіп» атты тарауында «Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп –тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды» деген болатын.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал, жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек» деп шегелеп айтты.
Бұл тапсырманы орындауда тәртіп сақшылары тиісті шаралар жүргізуде. Оны жуырда ғана өткен «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы айғақтайды. Шу аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Жансая Садық аталмыш акция аясында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, түрлі кездесулер өткенін айтып отыр.
-Қазіргі таңда еліміз бойынша әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырау деректері жиілегені жасырын емес. Өкінішке қарай, ондай жағдайлар біздің ауданымызда да бар. Біз мүдделі жандармен бірлесіп тиісті жұмыстарды жүргізіп, алдын алу шараларын қамтамасыз етуге күш салып келеміз. Мәселен, өткен екі аптада аудан көлемінде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өткізіліп, көптеген шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына кеңес беру кабинетімен, жастар ресурстық орталығымен бірлесіп Абай ауылындағы мектепте кездесу өткізіп, оқушыларға тақырып бойынша дәріс оқылды. Дәл осындай шара С.Шәкіров атындағы орта мектебінде, №10 колледж және М.Әуезов атындағы білім ошақтарында да өтті. Одан бөлек, бірқатар елді мекендерде полицияның қоғамдық көмекшілері, жастар ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып отбасылық құндылықтары насихатталды,-дейді полиция аға лейтенанты.
Нәзік жандардың құқығын қорғауға бағытталған аталған акция Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрі М.Ахметжановтың нұсқауына сәйкес Жамбыл облысы аумағында өткенін атап өткен жөн.
Жансая Қырбашқызының айтуынша, әйелдерге қатысты әр түрлі дискриминация түрлерін жою туралы Конвенцияға сәйкес акция барысында мектеп оқушылары арасында сұрақ-жауап алмасып, дебат ойыны өткізілген. Дебат барысында жастар өздерінің көзқарасын білдіріп, түйткілмен қалай күресу керектігі туралы ойларын ортаға салған. Мұндай шара пробациялық қызметтің есебінде тұрған азаматтарды да қамтыған. Сонымен қатар бұл тақырып Шу қалалық аурухана қызметкерлерімен де қаузалды.
-Бұл мәселе қоғамда болып жатқандықтан, онымен күресуге барша азаматтар мен ұйымдар күш біріктіру керек. Акция бойы бізбен бірлесе жұмыс істеген тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына кеңес беру кабинетінің психологы Индира Татиябекқызына алғыс білдіремін. Сондай-ақ акцияның лайықты деңгейде өтуіне атсалысқан жандарға да рахмет айтамын,-дейді Жансая Садық.
Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Жасұлан Жұманалинның айтуынша, жыл басынан бері 100 мыңға жуық отбасылық зорлық-зомбылық туралы хабарлама түскен. Алайда, оның 60 пайызға жуығы полиция келгенге дейін арыз жазудан айныған. Ал, арыз жазылмаса тәртіп сақшыларының іс қозғауға құқылары жоқ. Соның салдарынан кінәлілер жауаптан жалтарып жатады. Бұл туралы Президент Қ.Тоқаев Жолдауында баса назар аударып, тиісті тапсырма жүктеген. Соны жүзеге асыру мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізілмек. Соның бірі – полиция зорлық жасалғаны туралы хабарлама алғаннан кейін шақыруға барып, жапа шеккен жанда жарақат белгісі байқалған жағдайда дереу іске кіріспек.
Әйел нәзік болмыс, нәзік жаратылыс. Қыз болып қылығымен қуантып, келін болып керегені кеңейтіп, ана боп ұрпақ өрбітетін оларға қол жұмсау қылмыс саналады. Сол секілді бала да бізге берілген аманат. Сондықтан аманатқа қиянат жасауға болмайды. Аналар жыламасын, балалар бақытты болсын!