Ақпараттық портал

«КЕДЕЙЛЕРДІҢ АУРУЫ» КЕМІМЕЙ ТҰР

Кейінгі бес жылдың бедерінде еліміз бойынша туберкулез ауруының аурушаңдығы 12-15 пайызға жоғарылаған. Түрлі аурулардың өлім көрсеткіші бойынша да бұл ауру екінші орынға жайғасқан. Облысымыздағы өзге өңірлерде аталған ауруды ауыздықтау бағытындағы жұмыстар жақсы жолға қойылса, керісінше, туберкулезбен күресте айтарлықтай жетістікке жете алмай отырған аудандар да бар. Өзіміздің Шу ауданын да кейінгі тізімге енгізуге болады. Ауданда аурушаңдық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 4 адамға артқан. Дәлірек айтар болсақ, былтырғы жылдың 11 айында 54 адам туберкулезбен ауырған болса, биыл бұл ауруға 58 адам шалдыққан. Осылайша, әлемдік кеселге айналған жұқпалы ауру Шу ауданында да күрделі күйінде қалып отыр.

Әдетте, мамандар құрт ауруын «кедейлердің ауруы» деп санайды. Расымен де, тұрғындардың тұрақты тамақтанбайтын, әлеуметтік жағдайы мен материалдық деңгейі төмендеу бөлігі аталған ауруға жиі шалдығатыны жасырын емес. Десе де, басқаларға қарағанда әлеуеті әлдеқайда жоғары Шу ауданында аурушаңдық көрсеткіші неге жоғары? Тұрғындарға уақтылы екпе егіліп жатса да, туберкулезбен ауыратындардың саны неліктен азаймай тұр? Міне, осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Қазіргі кезде «кедейлердің ауруы» ЖИТС пен ВИЧ-тен кейін аса қауіпті аурулардың қатарында тұр. Бұл ауруға шалдығудың түрлі себептері бар. Мысалы, жазасын өтеуші қылмыскерлердің мекені тап осы аурудың негізгі ошағы болса, ауқаттануға аса ұқыптылықпен қарай алмайтын студенттерді де аталған ауру айналшықтап жүргені ақиқат. Өкпе ауруына қарсы күрестің дұрыс жүргізілмеуі мен сала мамандарының бұл ауруды қарапайым тұмаудай көріп, жайбарақат жүруі де өкпе дертінің дендеуіне негізгі себептердің бірі бола алады. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Ара-кідік бұл ауруға шалдыққандардың арасында емді уақтылы қабылдамай, өз-өзіне қастандық жасап жүргендері де кездеседі. Облыс бойынша туберкулез аурушаңдығы сәл де болса төмендегенімен, бірнеше ауданда бұл көрсеткіштің жоғарылағаны жоғарыда айтылған себептерге байланысты екені де жасырын емес.
Шу ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, мұндағы ішкі және сыртқы көші-қонның артуы да қауіпті дерттің өршуіне ықпал етері сөзсіз. Олай дейтініміз, шуақты өлкеге өзге аудандардан келіп-кетушілердің саны жоғары. Бір ғана Мойынқұм ауданынан Шудың орталық базарына келушілердің саны күн санап артпаса, кеміген емес. Десе де, аталмыш ауданда өкпе ауруынан көз жұматындардың саны да өткен жылға қарағанда кемімей отыр. Негізі денсаулығы қалыпты адамға бұл ауру түкірігінің ұсақ сұйық тамшылары арқылы және кепкен түйіршіктерін ауамен бірге жұтқанда жұғатын көрінеді. Тіпті, туберкулезбен ауырған үйдегі жануарлардың сүтін шикідей ішкенде немесе олардың етін піспеген күйі жегенде де оны жұқтырып алуыңыз әбден мүмкін. Дегенмен, бірден даурығудың қажеті жоқ. Өйткені, өкпе ауруының бұл түрі иммунитеті төмен адамдарға ғана лезде орнығады екен. Яғни ішіп-жем тамағы құнарлы емес, салауатты өмір салтын ұстанбайтын, көңіл-күйі қалыпты жағдайда қалыптаспаған адамға осы аурудың түрі үйір келеді. Бұл сөзімізді Шу аудандық орталық ауруханасының туберкулезге қарсы күрес бөлімінің меңгерушісі Ләзизә Мықтыбекова да растайды. Оның айтуына қарағанда, ауданда туберкулез ауруына шалдыққан науқастарды тәулік бойы қарайтын 50 адамдық орын бірер жыл бұрын жабылып қалыпты.
– Қазіргі кезде тұрғындардан туберкулез анықталған жағдайда бірден Тараз қаласына жібереміз. Әрине, өзімізге тиесілі тәулік бойы жұмыс істейтін орынның жабылып қалғаны өкінішті. Науқастардың көз алдымызда, тұрақты түрде ем алғандығы бізге де тиімді болар еді. Тағы бір айта кетерлігі, ауданда өкпе ауруын жылдам анықтайтын құрылғы бар. Аталмыш құрылғы кез келген адамның сараптамасын екі сағаттың ішінде қарап, аурудың бар немесе жоқ екенін анықтап бере алады. Одан бөлек, өкпе ауруын анықтайтын жылжымалы құрылғысы бар автокөлік те бар. Сол арқылы аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылды жердегі тұрғындарды дер кезінде тексерістен өткізуге мүмкіндік бар, – дейді Ләзизә Секенқызы.
Біз сөз етіп отырған құрт ауруына шалдыққан адамдардың басым бөлігі қарапайым ғана ережелерді ескере бермеуінің әсерінен, дәрігерге сырқатын әбден асқындырып алғанда ғана жүгінеді екен. Сондықтан да, күнделікті көк жөтел екі аптадан артық уақытқа созылса, әлсіздікті сезініп, дене қызуы көтерілсе, оған бей-жәй қарауға әсте болмайды. Дәрігерге дер кезінде жүгінсеңіз, ауруды ауыздықтау аса қиындық тудыра қоймайды. Десе де, біздегі осы дертке шалдыққандардың дені жұмыссыз жүргендер мен барар жер, басар тауы жоқ адамдар екен. Негізгі мәселе де осы. Себебі, ондай адамдардың көбі құлан-таза айығып кетуге құлық таныта қоймайды.
Жалпы, қолда бар деректерге сүйенсек, дүниежүзі бойынша Африка елдерінде өкпе ауруы жиі кездеседі екен. Саны жағынан көп шоғырланған мемлекеттердің қатарында әсіресе, Үндістан мен Қытайда бұл кеселге кісенделгендердің саны өте жоғары. Бұл мемлекеттерде шамамен бір жылда бір жарым миллионға жуық адам дәл осы аурудың зардабын шегетін көрінеді. Бұның барлығы әлеуметтік жағдайға да байланысты екен. Айталық, Үндістан мемлекеті экономикасы жағынан азулы мемлекеттерді артта қалдырғанымен, оларда әлі де болса кедейшілік деңгейі мәз емес. Осыған қарап-ақ, қаншама дерттің алдын алу үшін жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан өңіріміздегі өкпе ауруына шалдыққандар санының төмендемеуі себебін, тіпті, кей аудандарда бұл көрсеткіштің неліктен артатынын түсінуге болатын сыңайлы. Оған қоса, жоғарыда айтылған себептерге байланысты неліктен туберкулезді «кедейлердің ауруы» деп атайтынын да бағамдай беруге болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.