ДИПЛОМАТИЯ ДҮЛДҮЛІ ТУҒАН ЖЕРДЕ
Қазақ хандығының қазығы қағылған, тарихы тереңнен тамыр тартқан шежірелі Шу өңірінен болмысы бөлек бекзаттар, тектен нәр алған тұлғалар, абыройлы азаматтар шыққандығын зор мақтанышпен айтып та, жазып та жүрміз. Әрбірінің аты аталғанда атына сай елеулі еңбектерін елеусіз қалдырмай, ел игілігі жолындағы ілкімді істерін тізбектеп айтудан танған емеспіз. Былтырғы жылы ғана ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын ойдағыдай өткізіп, ойға алған оңды істерді саралап, озық ойлы елдерден оқ бойы оза шабуға бел жазбай еңбек етеміз деп болашаққа нық қадам бастық. Өткен тарихқа үңіліп, егемендік жолындағы ерлік істерді елеп-екшеп, рухы бекем халқымыздың біртуар азаматтарын алға шығардық. Сондай жандардың бірі, саналы ғұмырының жарты ғасырдан астам уақытын мемлекеттік қызметке арнап, сын сағаттарда соқтықпалы-соқпақсыз сапарлардан сескенбей, ұлтымыздың ұлы мұраты жолында аянбаған Сайлау Батыршаұлын бірі білсе, бірі біле бермес. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, Қазақстан тарихындағы сыртқы саясаттың тезінен өткен бірден-бір дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы Шу ауданының тумасы. “Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол” деп дана Абай айтқандай, арда азаматтың Шу жерінің топырағынан түлегені – үлкен абырой. Сексеннің сеңгіріне шыққан Сайлау Батыршаұлымен “Сәті түскен сұхбат” аясында Тәуелсіздік тарихы турасында аз-кем толғадық.
-Тәуелсіздік күні таяғанда бәріміздің санамызда Желтоқсан көтерілісі жаңғырады. Жастардың бұлқынысын тудырған осы бір оқиға жөнінде не айтар едіңіз?
-1991 жылы КСРО құрамынан толықтай бөлініп шығып, өз алдымызға дербес мемлекет болдық. Қазақ халқының мемлекет болғанын осы датамен шегелеп, өткен тарихымызды ұмытуға болмайды. Біздің ел туралы: «Бұрын-соңды мемлекет болмаған» деген астам сөздер өзге ел басшылары аузынан әлі күнге дейін айтылып жүр. Бұған мен келіспеймін. Тарих ғылымының зерттелмей, зерттелсе де ел құлағына жетпей жатқан қалтарысты тұстары қаншама?! Қазақ мемлекетінің құрылуын өз басым 1465 жылы Керей мен Жәнібектің ықпалымен құрылған Қазақ хандығынан бастау алады дер едім. Өз басым Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясын қазақ нұсқасын да, орысша нұсқасын да түгел оқып шықтым. Орыс тілінде көп тұстары қысқартылып, бұрмаланған жерлері де бар. Соның да әсері болар деп топшыладым. Тарихи еңбектерді дәріптеу, олардың орыс тіліне аударылу жолдарын саралап, мемлекет тарапынан қолдауды нығайту қажет.
Енді Желтоқсан көтерілісіне тоқталсам. 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнына Генадий Колбиннің тағайындалатынын естіген қазақ жастары наразылықтарын білдірмекке бейбіт шерумен алаңға шығады. Бұл күні жастар әр тұста шоғыр-шоғыр болып, бір-бірімен гүбір-гүбір әңгімелесіп жатты. “Құланның қасуына мылтықтың басуы” дегендей, Кеңес үкіметінің күткені де осы еді. Ертесіне, яғни 17 желтоқсан күні жастар жан-жақтан лек-легімен ағылды. Қарусыз бейбіт шеруге шыққан жастарға қас қарайған шақта жазалаушы отряд лап қойып, оларды түрлі қарумен ұрып-соғып, анталаған қабаған иттерін жіберіп, үстілеріне суық су шашып, білгенін істеді. Ол кезде күн өте ызғарлы еді, жердің беті сірескен мұз. Сол мұздың үстінде өрімдей жас қыздарымызды шашынан сүйреп, қан жоса етті. Сондағы қазақ қыздарының қайсарлығына таңқалдым. Ел намысы тапталып, ерлері езгіге түсіп жатқанда қарап тұрмай, қарсы келген қатерден тайсалмай, жас өмірін жанкештілікпен қиғаны нақ ерліктің үлгісі деп білемін. Қазақ даласы жас өлікке тұншықты. Сондықтан да 16-17 желтоқсан күндері ұлт мүддесі үшін жанын пида еткен азаматтарымыздың ерлік істерін еске алып, рухтарына құран бағыштаған ләзім.
Осы тұста менің көңілімді күптеген бір жайды атап өтсем. Биыл алғаш рет 25 қазан-Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде аталып өтті. Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған, алайда 2009 жылы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен алынып тасталған болатын. Ал биыл маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, арнайы заңда 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып қабылданды. Бұл көптің көкейінде жүрген ой еді. Отыз жылдық азаттығымыздың ақ таңының атуына талайы тарихымыз себепкер. Ғасырлар бойғы күрестің темірқазығы, келешектің күретамырына айналған Желтоқсан қозғалысы және өр рухты ұл-қыздарымыздың ерліктері жадымыздан өшпейді.
-Осы бұлқыныстан кейін біршама өзгерістер орын алып, Тәуелсіздігімізге қол жеткізуге деген үміт халқымыздың санасында ұялады. Елең-алаң шақта сіз Сыртқы істер министрінің орынбасары, мұнан кейін министрдің міндетін атқардыңыз. Демек, қиын-қыстау кезеңдердің жай-жапсарына қанықсыз. Өз алдымызға мемлекет болудың негізгі алғышарты-сыртқы саясатымызды оңтайландырып, дипломатиялық келіссөздерді оң жамбасқа шешу. Сіз осы жолда телегей тер төгіп, басыңызды бәйгеге тіккен жансыз. Аумалы-төкпелі кезеңдегі қиындықтарды өз аузыңыздан естісек.
-Бізге тәуелсіздігімізді жарияламас бұрын алдымен халықаралық деңгейде қолдауға ие болуымыз қажет болды. Азаттықты бірден жариялауға сол кездегі мүшкіл жағдайымыз мүмкіндік бермеді. Өйткені халық санының аздығына байланысты қазақтардың саяси күш ретінде бірігуі де қиынға соқты. Сондықтан әлемдегі өзге мемлекеттер еліміздің тәуелсіздігін мойындауы күн тәртібінде тұрды. Мысалы, Литва, Латвия, Эстония елдері Кеңес Одағы ыдырамаса да бостандыққа қол жеткізе алатын еді. Себебі, олар 1940 жылға дейін тәуелсіз мемлекет болып келді, алпауыт АҚШ, Еуропа мемлекеттері де оларды қолдады. Ал біздің дербестігімізді қорғайтын, қолдайтын кім бар? Сондықтан дипломатия алдымен әлемдік қауымдастықтан қолдаушыларды іздестірді.
Тәуелсіздікті жариялаудан бір жарым жыл бұрын, 1990 жылдың шілдесінде сол кездегі Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы, Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдым. Жүздесу барысында Кеңес Одағы ыдырайтыны туралы, сондықтан ерте бастан қам жасап, тәуелсіздікке дайындық жасау керектігіне келістік. Ол кісі «дипломатия саласында тәжірибең бар, халықаралық ахуалды білесің, Республиканың сыртқы байланысын нығайт» деп, мені Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындады.
1991 жылы қыркүйек айында Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Сенегалда өткен Ислам конференциясы ұйымының саммитіне қатыстым. Сол жерде он шақты мұсылман мемлекетінің басшыларымен кездесіп, Қазақстан тәуелсіздігін жариялауға дайындалып жатқанын хабарлап, олардан қолдау таптым.
Ал 1991 жылдың қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына КСРО делегациясының мүшесі ретінде қатысқан кезде Нью-Йорктен Вашингтонға барып, АҚШ Конгресінің сыртқы саясат жөніндегі комитеті мен Мемлекеттік департаментінде кездесу өткіздім. Онда Қазақстан «Мемлекеттік егемендік туралы» декларациямен шектеліп қалмай, тәуелсіздікке баратынын мәлімдеп, АҚШ-тың қолдауын сұрадым. Одан кейін Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік департаментінде болдым. Осы департаменттің Кеңес Одағы басқармасының Орталық Азия бойынша басшысымен кездестім. Онда да Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан тәуелсіздігі жөніндегі ойын АҚШ басшылығына жеткізуді сұрадым.
1991 жылдың қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясына қатысқан сәтте «Қазақстан тәуелсіз мемлекет болса, мұндай ықпалды ұйымның мүшелігіне кірудің жолдары қандай?» деген ой кетпей қойды. Ұйымның құрылымын, мүшелікке алу тәртібін, жарғысын зерделедім. Шетел журналистеріне арналған баспасөз конференциясында «Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына Ресей, Украина, Белоруссия секілді кіре алады, егемендік декларациясымен шектелмейді, тәуелсіздігін алады» деп мәлімдедім. Бұл жөнінде ТАСС (Кеңес Одағының Телеграф агенттігі) тілшісіне де сұхбат бердім. Мәлімдеме агенттік арқылы әлемге таралды. Бірақ өз елімде бұл туралы бірде-бір ақпарат жарияланбады…
Міне, тәуелсіздік алу жолында сыртқы елдермен жарасымды байланыс орнатып, халықаралық қатынасты дұрыс жолға қойғанның арқасында көптеген ел бізді тез арада тәуелсіз ел ретінде мойындады. Жаңа мемлекетті әлем мойындаған соң ішкі славян диаспора өкілдерінің сепаратистік ойы іске аспай қалды. Осылайша, қантөгіссіз-ақ ұлы күнге қол жеткізген жайымыз бар.
-Сайлау Батыршаұлы, сіз бар қазаққа ортақ тұлғасыз. Әйтсе де әр адам үшін туған жердің орны бөлек. “Туған жерге туыңды тік” деген қағиданы берік ұстанып, Шу өңіріне жиі ат басын бұрып тұрасыз. Бұл жолғы сапарыңыз жөнінде айтып өтсеңіз…
-Иә, дұрыс айтасыз. “Құс қанша биік ұшса да, табатын азығы жерде” деген өсиет өте орынды айтылған. Еліміздің түкпір-түкпірінен бөлек, 60-тан астам әлем елдерін аралаппын. Сөйтсе дағы туған жерімде табан тірегендей тебіренбеппін. “Ат төбеліндей болса да туып-өскен ел қымбат, ұлтарақтай болса да ата қоныс, жер қымбат” деген сөздің мәнін терең ұғынып, туған елдің қадірін ұғыну-әр азаматтың парызы деп білемін. Былтырғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында әрі менің 80 жылдық мерейтойыма орай 24 желтоқсанда елордада “Қазақстан тәуелсіздігін жариялаудағы дипломатияның рөлі” атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 24 желтоқсанда өтуінің де үлкен мәні бар. Неге десеңіз, дәл осы күні Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының туған күні, мен де осы күні туғанмын. Бәріміз бала күннен Бауыржандай хас батырға қарап бой түзеп өстік, әрбір өсиеті санамызда сайрап тұр. Мен де Бауыржан Момышұлы секілді ата тегімізге жалғанған “ов, ева” деген орыс халқына тән жалғаулардың тіркелуіне қарсымын. Әр жерде қазақ бауырларыма айтудан жалыққан да емеспін. Былтырғы жылы Тәуелсіздік қарсаңында елордасында болсам, биыл міне туған жеріме табан тіреп тұрмын. “Толдым деген төгіледі, жеттім деген жығылады” демекші, бәрін білем деуден аулақпын, керісінше білгеніммен бөлісіп, жүрген жерімде ойларымды айтудан тартынған емеспін. Шу өңірінен өзім секілді дипломат жастар да шыққанын қалаймын.
Туған жерге құр алақан келген жоқпын. Өзіммен бірге “Тәуелсіздік жолындағы дипломатия” атты эссе-диалог кітабымды ала келдім. Тарту ретінде туған өлкеме, жерлестеріме табыстадым. Мектеп кітапханаларының сөресіне де бір-бірден үлестірдім, енді сол кітапты оқитын өскелең ұрпақ көп болса деген тілек басым. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” атты Жолдауын мұқият оқып, өзімізге қарата айтылған тұстарын санамызға мықтап тоқып алдық. Жолдаудағы “Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз. Осы жолда жұртымызға, ең алдымен, ауызбіршілік керек. Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз әр шешімді мұқият саралап, әр істі байыппен жасауға тиіспіз” деген жолдарды оқығаннан-ақ өскелең ұрпаққа өнеге боларлық істі жолға қою керек деп түйсіндім. Бар үмітіміз ел болашағы-жастардың қолында… Жастарымыз азаттықтың ақ таңында тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғынып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етсін! Тәуелсіздік тұғырынан таймасын!
-Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Әңгімелескен Айғаным АСҚАРБЕК.