ЕҢБЕККЕРЛЕР ЕЛЕНГЕН КҮН
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай аудандық әкімдіктің мәжіліс залында салтанатты жиын өтті. Басқосуға өңіріміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде үлкен нәтижелерге қол жеткізіп жүрген шаруа қожалық жетекшілері мен кәсіпкерлер марапатталды. Салтанатты шара барысында аудан әкімі Сәкен Арубаев шулық шаруалардың еселі еңбегіне алғысын білдіріп, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Өздеріңізге белгілі болғандай, мемлекетіміз ауыл шаруашылығы саласына қажетті қолдау тетіктерін барынша қарастырып келеді. Оны шаруалар айқын сезініп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жуырдағы Жолдауында асыраушы саладағы түйткілдерге тоқталып, тарқату жолын тапсырғанын жақсы білесіздер. Оның үстіне облысымызда тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған пилоттық жоба да жемісті жалғасып келеді. Аталмыш жобаның шарапатын көрген көктөбелік ағайынның бүгінде берекесі шалқып отыр деуге болады. Олардың қатарына биыл Бірлікүстем ауылдық округі қосылды. Таяуда ғана Тараз қаласында өткен шарада ауылдық өндірістік кооператив төрағасына және шаруа қожалық иесіне судай жаңа тракторлардың кілтін облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы өзі табыстаған еді. Қазіргі таңда құжаттары рәсімделіп болған кооперативтің келешегінен көп үміт күтеміз.
-Биыл ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Оның барлығында өздеріңіздей еңбеккер ел азаматтарының қолтаңбасы мен төгілген маңдай тері бар. Сол себептен ауданымыздың барлық еңбеккерлеріне алғысымды білдіргім келеді, – деді Сәкен Қаланұлы.
Бұдан кейін ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Қызылша» ЖШС-нің агрономы Бақыт Сейітмұратов пен «Әлжан» шаруа қожалығының төрағасы Алик Баскимбаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, «Жамбыл» шаруа қожалығының басшысы Жамбыбай Құлыншақбаевқа ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» медалі табысталса, «Ақтоған» шаруа қожалығының жетекшісі Әбдіәшім Қоспанов пен «Нұр» шаруа қожалығының жетекшісі Байбек Байдаулетов «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» төсбелгісіне ие болды. Одан бөлек, бірқатар еңбеккерлер мен шаруа қожалық жетекшілеріне «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен аудан әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.
Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің мерейін үстем еткен салтанатты жиында өнерпаздар ән-күйден шашу шашып, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.