Ақпараттық портал

«Шу өңірі өндірісті аймаққа айналып келеді»

Ел экономикасының дамуы, бәсекеге қабілетті елдер қатарында орын алуы ең алдымен елдің өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласының қарқынды жұмысына тікелей байланысты. Ал біздің аудандағы бұл саланың жайы қалай, ел игілігі үшін қандай жұмыстар атқарылуда? Осы жөнінде біз аудан әкімдігінің өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиевпен сұхбат жүргізген едік…

– Жеңіс Сейсеналыұлы, сіз басқарып отырған бөлімнің маңызды тұсының бірі – аудандағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмысы. Жылдан-жылға баға өсіп жатқандықтан халықты көп мазалайтын сұрақтың бірі – азық-түлік бағасын тұрақтандыру болып отыр. Сондықтан ең алдымен баға тұрақтылығы бойынша бөлім тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын сұрағымыз келіп отыр?
– Азық түлік бағасын тұрақтандыру қарапайым халық үшін маңызды. Бүгінде өңірде азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру және халықты қажетті көлемде қамтамасыз ету мақсатында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына азық-түлік өнімдерін төмендетілген бағада беру туралы өтінім жолданған болатын. Атап айтқанда, қарақұмық жармасы – 1,5 тонна, сәбіз – 1,5 тонна, картоп – 10 тонна, күріш – 4 тонна, қырыққабат – 1 тонна, жұмыртқа – 150 мың дана, күнбағыс сұйық майы – 4,5 тонна/л беру жолданып, ол аудандағы «Оптовка» және «Елнұр» азық-түлік дүкендерінің иелерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын орналастыру үшін дүкен ішінен сөре бөліп беру туралы келіссөз жүргізілгені және екі кәсіпкер туралы мәлімет «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолданған.
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы аталған өтінім мен мәліметтерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру жөніндегі комиcсиясының қарауына жіберілетіні туралы хабарлады.
Бұдан бөлек, азық-түлік тауарларының бағасын нарықтан төменгі бағада сату үшін ауданда әр аптаның сенбі күні ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өткізіледі. Аталған жәрмеңкелер халықты сапалы және қолжетімді бағада азық-түлікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылуда.
– Егер сауда орындарында немесе дүкендерде азық-түлік өнімдеріне белгіленген мөлшердегі бағадан артық баға қойылған болса, қандай шара қолданылады?
– Біріншіден аудан тұрғындары негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға өсімін байқаған жағдайда, Жамбыл облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің атына өтініш бере алатындығын жеткізгім келеді. Біз бұл туралы жұмыс кестемізге сәйкес аудан тұрғындарына хабарлап келеміз және аптасына екі рет ауданда орналасқан сауда үйлері мен дүкендердің басшылықтарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын себепсіз көтермеу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырамыз.
Жоғарыда атап өткенімдей, тұрғындарға жүргізілген түсіндіру жұмысының нәтижесі бойынша өткен жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын шекті сауда үстемесінің мөлшерінен асырып сатып жатқандығы жайлы Жамбыл облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұрғындардан сегіз арыз түсіп, үш дүкен иесіне бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, бес дүкен иесіне ескерту берілген болатын.
– Азық-түлік бағасының тұрақтылығы ең алдымен ас атасы – нан өнімінен бастау алу қажет секілді, себебі нанның өзін әр бағада сатып жатқан дүкендерді де байқап жатамыз. Осы жөнінде не айтар едіңіз…
– Бүгінгі таңда аудан аумағында 11 наубайхана тұрақты жұмыс істеуде, оларда барлығы 35 адам жұмыспен қамтылған. Аталған наубайханалар күн сайын аудан көлемінде 7230 дана нан өнімдерін өндіреді. Қазіргі уақытта аудан аумағындағы 150 сауда нүктесінде «Валиш» және «Рамазан» наубайханалары өндірген нан өнімдері бөлшек саудада 120–130 теңге аралығында сатылуда.
Наубайхана иелерінің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта бір бөлке нанның өзіндік құны 135 теңгені құрайды. Осыған байланысты наубайхана иелері нан бағасын 140–150 теңге аралығында көтеру туралы ұсыныс жасаған. Бағаның көтерілу себептері ретінде ұн бағасының өсуі, жұмысшылардың еңбекақысын арттыру қажеттілігі, тасымалдау қызметі құнының көтерілуі, сондай-ақ жыл басынан бері коммуналдық тарифтердің өсуі байқалды.
Осы жағдайға байланысты аудан әкімдігі тарапынан нан бағасын тұрақтандыру мақсатында, «Валиш» және «Рамазан» наубайханаларының иелерімен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде, екі наубайхана иесімен бір бөлке нанды 135 теңгеден өткізіп, дүкендерде бөлшек саудада 140 теңгеден сату жөнінде келісімге қол жеткізілді.
– Еліміздегі ең ірі зауыттар біздің ауданның аумағында бой көтеріп, өңірдің көптеген тұрғыны жұмыспен қамтылып жатқандығы баршамызды қуантуда. Жалпы «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағындағы жұмыстар жөнінде айтып өтіңізші… Мұнда қандай зауыттар бар?
– Аудандағы «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағы өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып отырған ірі жобаға айналып келеді. Мұндағы басты мақсат – шетелдік және отандық инвесторларды тартып, жоғары технологиялы бәсекеге қабілетті өнім шығару, сондай-ақ экспорт пен импортты алмастыратын өндірістерді дамыту.
Басым бағыттарына химия өнімдерін, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі, химиялық өндіріс үшін машиналар мен жабдықтарды, химиялық өнімдерді, резеңке және пластмасса бұйымдарын, сондай-ақ басқа да металл емес минералды өнімдерді өндіру жатады.
Бұл ауқымды аймақта көптеген ірі жобалар іске асуда. Атап айтқанда, «Хим-ПЛЮС» ЖШС-нің гербицид өндіретін зауыты. Жалпы жер көлемі 30,77 гектарды құрайды. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 3 млн литр сұйық және 1000 тонна түйіршіктелген гербицит өндіру, ал өндірісте 24 жұмыс орны ашылған. Жобаның құны – 26,3 млрд теңге.
«Chemical Engineering» ЖШС – аммоний бифторидін өндірумен айналысады. Өндіріс аумағы 0,4 гектар. Жылдық қуаттылығы – 200 мың тонна, мұнда 15 қызметкер жұмыс істейді. Жобаның құны – 226 млн теңгені құрайды.
«C9 Technologies» ЖШС – кассалық чек қағазын шығаратын зауыт. 0,4 гектар аумақта орналасқан бұл кәсіпорынның қуаттылығы жылына 240 мың тонна. Қазіргі уақытта 15 адам жұмыс істейді. Жобаның құны – 59,5 млн теңге.
«Kazakhstan Hydrogen Peroxide» ЖШС – сутегі асқын тотығын өндіретін зауыт. 16 гектар жерде бой көтеріп жатқан кәсіпорын жылына 30 000 тонна өнім шығара алады. Құрылыс аяқталған соң 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жобаның жалпы құны – 32 млрд теңге. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүруде.
«J-VictorNewEnergy» ЖШС – кремний өндіретін ірі жоба. 50 гектар аумақта салынып жатқан зауыт толық іске қосылғанда 150 адамға жұмыс береді. Жылдық қуаттылығы – 150 000 тонна. Бұл жобаның да құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«ЭкоБайшешек» ЖШС – өндірістік ғимараттар салумен айналысады. Аумағы – 6 гектар. Мұнда 30 жұмыс орны ашылады. Жобаның құны – 2,3 млрд теңге. Құрылыс кезеңінде.
«Sany Re Shu Industrial Park» ЖШС – жел электр станциясына арналған құрылғыларды шығаратын зауыт. 24 гектар аумақта орналасады. Құрылыс аяқталған соң 88 адам еңбек етеді. Жобаның жалпы құны – 8,4 млрд теңге. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Yonggang Central Asia Iron and Steel» ЖШС – металлургия өңдеу зауыты. Жоба құны: 140 млрд. теңге, 1500 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Жалпы аумағы 250 гектар жер бөлінген. Бірінші кезең 2027 жылға жоспарланып отыр, оның қуаттылығы жылына 1млн тонна болса, екінші кезең 2029 жылға қойылуда, оның қуаттылығы жылына 3 млн тоннаны құрамақшы.
«Jibek Joly» АЭА іске қосылғалы бері өңірде жүздеген жаңа жұмыс орны ашылды, ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш одан да артады. Жобалардың барлығы жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатыр, бұл Жамбыл облысының инвестициялық тартымдылығының айқын дәлелі. Мұндағы өндірістер тек химия саласымен шектелмейді – жел энергиясы, құрылыс материалдары, электрондық өнімдер сияқты бағыттар да қамтылған. Бұл аймақты нағыз көпсалалы индустриялық орталыққа айналдыруда.
Қазіргі таңда тағы бір жоба іске асуда – Орталық Азияда теңдесі жоқ, жүгеріні қалдықсыз терең өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Құны 420 млрд теңгені құрайтын бұл өндіріс жылына шамамен 3 млн тонна жүгеріні өңдеуге қауқарлы.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.