Ел мен елді байланыстырған сала
Әр жылдың 9 қазаны — әлем елдері атап өтетін Дүниежүзілік пошта күні. Неліктен дүниежүзілік деңгейде десеңіз, бұл 1874 жылы Швейцарияның Берн қаласында құрылған Дүниежүзілік пошта одағының құрылуымен тығыз байланысты. Сол кезден бастап пошта қызметі халықаралық деңгейде жүйеленіп, халықтар арасындағы байланыс нығая түсті. Пошта — адамдарды, елдер мен құрлықтарды байланыстыратын сенімді көпір. Ол ғасырлар бойы қоғам өмірінің ажырамас бөлігі болып келеді. Бұрын адамдар бір-бірімен хат арқылы хабар алмасса, бүгінде пошта қызметі заман талабына сай жаңарып, қаржылық, электронды және логистикалық қызметтерді де атқарып отыр.
Қазақстанда бұл салада «Қазпошта» акционерлік қоғамы табысты еңбек етуде. Бүгінде «Қазпошта» елдің барлық аймақтарына жеткізу қызметін ұйымдастырып, халыққа түрлі заманауи қызмет түрлерін ұсынуда.
Ал, Дүниежүзілік пошта күні – осы салада аянбай еңбек етіп жүрген барлық пошта қызметкерлеріне құрмет көрсету күні. Сондықтан газетіміздің бүгінгі санында біз аудандық пошта байланыс торабындағы қызметкерлердің аяқ алысын, салада болып жатқан жаңашылдықтар мен өзгерістер жайлы жазуды жөн көрдік. «Қазпошта» жұмысы тек газет-журнал мен хат тасымалдаумен ғана шектелмейді. Пошта бөлімшесінен тұрғындар еңбекақысын, жәрдемақысын және аударма ақшаларын ала алады. Көпшілік бұрынғыдай ұзын-сонар кезекте тұрмайды, банкоматтан карточкамен де алуға жағдай жасалған. Сонымен қатар, банктермен келісімшарт арқылы аудан халқына несие беру жұмысын жандандыруда. Бұдан бөлек, пошталық депозит ашуға болады, теміржол, әуе қатынастары билеттерін алуға болады. Одан бөлек, коммуналдық төлемдер түбіртегін жеткізу, салық және басқа да әлеуметтік төлемдерді қабылдау қызметтерімен, жедел жолданымдармен және курьерлікпен айналысады.
Осы аталған жұмыстарды, яғни аудандағы пошта торабының жұмысын адалынан атқарып отырған, Срайлова Анархан Тайбағарқызы басшылық ететін аудандық пошта байланыс торабында өз ісіне мығым, жауапты мамандар қызмет етеді. Сондықтан кәсіби мереке қарсаңында еңбектерімен еленген сала қызметкерлерінің есімдерін атап өткіміз келеді. Олар АБПТ бастығының орынбасары И.А.Салих, бас маман, бас есепші М.О.Отыншиева, бас кассир Б.А.Турпанбаева, бас мамандар А.Мустафаева, Қ.Қожамұратова, Ж.Бегалиева, ООУ басшысы Г.Қуанбаева, операторлар А.Бейсенбайқызы, А.Мырзабаева, инкассаторлар Қ.Байғарасов, А.Несіпбек, А.Мусакулов, Ж.Әшек, жүргізушілер Ж.Алпаров, Е.Тайжанов, сұрыптаушылар Н.Еркімбекова, А.Базарбаева, Г.Шымболатова, хат тасушылар Г.Әли, А.Ахметова, Н.Әлшиева, З.Ержанова, Б.Ержанов, Н.Сармурзаева, ауылдық бөлімше меңгерушілері Б.Азбергенова, М.Уәлиева, Б.Исмаилова, Г.Шакирова, Б.Омарова, А.Джумагулова, К.Сураншиева, А.Абишова, Б.Құрманалиева, С.Жексеналиева, Г.Даниярова, Р.Абдрашова, сонымен қатар Шу қалалық бөлімше меңгерушісі А.Сейітова, операторлар Л.Хорьякова, Г.Қосалиева, А.Жук, А.Айтжанова, қалалық хат тасушылар С.Нұртаев, А.Қапанов, Г.Әлтаева, Б.Бектемесова, Р.Алшимбаева, А.Шымбулатова, Г.Тростьянская, А.Самбаева, Д.Тулебаева, Т.Спиридонова, Л.Румасова, Г.Юст, В.Маркович, Л.Корягина, Р.Усенова, А.Ұзақбаевалар.
Пошта қызметкерлері – өз ісіне адал, жауапты, халыққа шын көңілмен қызмет көрсететін жандар. Олар ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ел мен елді, адам мен адамды байланыстырып, қоғам өмірінде маңызды рөл атқарып келеді. Сондықтан сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, жұмыстарына сәттілік тілейміз.
Балнұр Жексенбекқызы.