ЖАСТАР НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ
Республика аумағында халықтың тұрмыстық әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірнеше бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Солардың қатарындағы «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасын атап айтуға болады. Бұл бағдарламының әсіресе, екі қолға бір күрек іздеген қарапайым тұрғындар үшін рөлі ерекше. Жоба аясында тұрғындарға жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз қаражат (грант) беру көзделген. Бұл жаңадан кәсіп ашып, қандай да бір бағытта жеке кәсіпкерлікті дамытамын дегендер үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Жобаның негізгі мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту, сол арқылы жалпы еліміздегі жұмыссыздар санын азайту болып табылады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының 2022 жылғы 7 ақпандағы № 47 бұйрығымен бекітілген Қағидаға сәйкес өткен жылы қайтарымсыз негізде берілетін грант мөлшері 400 айлық есептік көрсеткіш яғни, 1 млн 225 мың 200 теңге көлемінде белгіленді. Бір ескеретін жәйт, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға бағытталған бұл грантты кез келген адам иелене алмайды. Мемлекеттік грантқа үміткерлердің арнайы санаттары (категория) бар. Атап айтқанда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен; халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыз тұлғалар; Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер; өтініш берген кезде мәртебесін ресімдеу мерзімі 1 жылға дейінгі дара кәсіпкерлер, оның ішінде қызметін тоқтата тұрғандар; жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтін адамдар грант алуға үміткер болып табылады. Сондай-ақ, бұл ретте үміткер мына санаттағы азаматтар қатарынан болуы тиіс: жастар (18-ден 29 жасқа дейін); аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар; көпбалалы отбасылар – көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы алатын отбасы мүшелері және (немесе) оның жары (жұбайы); қоныс аударушылар; қандастар; мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы алатын адамдар; мүгедектігі бар адамдар. Грант алу үшін үміткер бекітілген нысан бойынша қатысу шарттарымен келісуді қамтитын «business.enbek.kz» порталында тіркелу арқылы ғана өтініш береді. Жоғарыда аталған санаттағы азаматтарға берілген қайтарымсыз қаражаттың бизнес жоспар бойынша мақсатты жұмсалуы да арнайы комиссия арқылы тексерілетін болады. Яғни,қайтарымсыз қаражат алу үшін үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірдегі филиалы немесе «skills.enbek.kz» платформасында онлайн оқу курсы арқылы кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курсын аяқтағандығы туралы сертификаты және нақты мақсатқа негізделген бизнес жоспары болуы қажет және бизнес жоспар арнайы комиссия алдында қорғалып, талапқа сай деп танылған жағдайда үміткер грант иеленуге құқылы.
«Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлікке оқытудың да өзіндік талаптары бар. Жалпы, 2017 жылы кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қолға алынған уақыттан бірқатар жергілікті тұрғындар бұл оқу процесімен таныс деп білеміз. Десе де, жаңадан кәсіп ашып, кәсіпкерлік негіздеріне оқуға ниет білдірген жаңа қатысушылар үшін қайталап айтып кеткенді жөн көрдік. Нақты айтар болсақ, кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алатын азаматтың мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеу туралы мәліметі болуы қажет. Оқу ұзақтығы күнтізбелік жиырма бес күннен аспайды. Онлайн оқу мерзімі күнтізбелік 14 күнді құрайды. Оқу аяқталғаннан кейін «Atameken Academy» ААЖ-да қорытынды тестілеуден өтеді. Бизнес-жоспарды дайындаған және бизнес-жоспарды бағалау мен қорытынды тестілеу нәтижелері бойынша қажетті балл санын (жалпы санынан 60%) жинаған қатысушылар оқуды аяқтау туралы сертификат алады. Бұл сертификаттың қолданылу мерзімі үш жылды құрайды. Ал, грант алушы қаражатты нысаналы мақсатқа пайдаланбаған болса, шарт жасалған күннен бастап 3 ай ішінде портал арқылы қаражатты толық, ерікті түрде қайтаруға өтініш береді.
Мемлекет тарапынан жасалып отырған мұндай әлеуметтік қолдаудан жерлестеріміз де тыс қалмапты. Аудан әкімдігіне қарасты «Халықты жұмыспен қамту орталығы» мекемесінің мәліметіне сүйенер болсақ, өткен жылы ауданымыздан 253 адамды жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грантпен қамтамасыз ету жоспарланып, 321 800,0 мың теңге бөлінген екен. Жыл ішінде 1173 азаматтың өтініші қабылданып, комиссия мүшелерінің шешімімен 253 азаматқа грант тағайындалды. Атап айтқанда, бірінші лекке 46 адамның өтініші қабылданып, 45 адамға 55 134,0 мың теңге, екінші лекке 78 адамның өтініші қабылданып, 38 адамға 46 557,0 мың теңге аударылды. Ал,үшінші лекке 171 адамның өтініші қабылданып, 85 адамға 104 142,0 мың теңге, төртінші лекке 707 адамның өтініші қабылданып, 85 адамға 104 142,0 мың теңге аударылған. Өздеріңіз байқағандай, 4 лекке бөлініп отырған грант берудің мұндай тәртібі және өтініш қабылдау күні «Bussines Enbek» порталында көрсетіліп, бекітілген. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша аудан көлемінде 1718 азамат оқуға жолдама алған. Осы тұста айта кететін жәйт, өткен жылы қайтарымсыз қаражаттың жалпы сомасы 1млн 225 мың 200 теңгені құраса, биыл бұл сома 1 млн 380 мыңға артып отыр.
Атқарылған жұмыстарға қарап, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларды жерлестеріміздің өз игіліктеріне жаратып жатқандығын аңғаруға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл да бұл саланы назардан тыс қалдырған жоқ. Халыққа арнаған өзінің соңғы Жолдауында жастарды қолдау мақсатында оларға өз кәсіпкерліктерін дамыту үшін жылдық 2,5% жеңілдікпен микрокредит беру тетігін іске қосуды тапсырған болатын. Осыған орай, ескеретін жәйт, қайтарымсыз қаражат (грант) алуға өтініш беруші азаматтар санатынан 29 жасқа дейінгі жастар биылғы жылға шеттетіліп отыр. Ал, жаңа бастама өз кәсібін өркендетемін деген 35 жасқа дейінгі жастарға арналған. Сондықтан, алаңдауға да негіз жоқ.
Ендеше, ел үкіметі барлық жағдайды қарастырып жатқанда, сіз де қарап қалмай, өз үлесіңізді еншілеп қалыңыз.
Суретте: жеке кәсіпкер Батыр Мұратұлы қайтарымсыз грант иесі.