«ЖАҢАЛЫҚ ЖАРШЫСЫ – ШУ ӨҢІРІ» БАҒДАРЛАМАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ
“Мәңгілік ел”, “Жаңа Қазақстан” деген ұранды сөздерді ауыздан ауызға іліп әкетіп, жарыса жақ талдырып жүргенімізбен, көбіміз “қайтсек мәңгілік ел болуға болады?”, “жаңа Қазақстанға қалай қадам басуымыз керек?” деген ойдың түбіне тереңірек бойламай жатқандаймыз… Меніңше, іргелі ел болу үшін бір ғана нәрсе жеткілікті, яғни жұрт болып жұтаңдықтан арылтатын рухани қайнарға бас қою. Қойнына кітапты басып, одан бас алмай оқыған зиялыларымыз ұлт жолында ұлы істерді тындырып, еліне, жеріне мол мұра қалдырып, әлемге танылып кетті. Бұл жолды кейінгі ұрпақ жалғастыратынына шүбәсіз сенді. Ғабит Мүсіреповтің «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деуі осыдан. Шарайнадай шыр айналған дүние түрленіп, түрлі-түсті әлем көз тартса да, көзі ашық, көкірегі ояу болмаққа жетелейтін бір жол бар, ол – тек кітап оқу екендігі әмбеге аян. Соны ұғынған мемлекетіміз рухани жаңғыруды шындап қолға алғандай. Оған тізбектер болсақ, дәлелдер жетерлік. Соңғы жылдары елдің кітап оқуға деген құштарлығын оятатын түрлі жобалар қолға алынып, игі іс жер-жерде жүзеге асып, кітапхана ісі анағұрлым жанданып, жаршылайтын жақсы жаңалықтарымыз көбеюде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Сондықтан біз жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыруға жаңаша көзқараспен қарауымыз қажет. Бұл ретте осы саладағы заманауи үрдістерді ескергеніміз жөн” деп шегелеп айтты. Мемлекет басшысы сөзден іске көшетін азамат екендігін дәлелдеп, бірнеше жобаларды ұсынған еді, нәтижесі де көрінуде. Тіпті осы жобаларды жүзеге асырушы бірден-бір орта-кітапхана қызметкерлері екендігін түйсініп, кітапхана қызметкерлерінің жалақысын арттыруы да оңтайлы шешім болды.
Газет ісі мен кітапхана ісі тонның ішкі бауындай үйлесім тапқан рухани жаңғырудың басы болса, біз осы уақытқа дейін “Шу өңірі” газетінің әр сандарында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметін жалпақ жұртқа жариялаудан жалыққан емеспіз. Аталған ұжымның ауызбіршілікте ұйыса қызмет етуінің арқасында барыс жылын тәмамдар тұста аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директоры Бағдагүл Алжанбаева облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың қабылдауында болып, 200 мың теңгенің сертификаты мен Алғыс хатын иеленіп қайтқан болатын. Бұл кітапхана қызметкерлерінің жылды табысты аяқтаудағы ерен еңбектерінің жемісі іспетті. Дәстүрлі үрдістің тінін үзбей бүгінгі санымызда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директоры Бағдагүл Алжанбаевамен жасаған сұхбатымызды ұсынбақпыз.
-Бағдагүл Алжанбайқызы, сіздің ұжымның оқырмандардың ішінде әсіресе зағип және нашар көретін азаматтарға арнайы қызмет көрсетіп және кері байланыс орната білгені, жүйелі істің нәтижесі деуге болады. Осы уақытқа дейін ерекше жандарға ерек құрмет көрсетіп, бірнеше іс-шараларға арқау еттіңіздер. Қайырымдылықтың бір бұтағындай болған осы бір істерді өз аузыңыздан естісек.
-Жазушы Әбіш Кекілбаев «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» деген екен. Біздің аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі қызметкерлері оқырман талғамайды, әрқашанда алдына келген оқырманды жылы шыраймен қарсы алып, сапалы қызмет көрсетуге талпынады. Соның ішінде, әсіресе зағип және нашар көретін азаматтармен тығыз байланыс орнатып, көмектерін аянған емес. Мейірімге мұқтаж жандарға қажеттісін тауып беріп қана қоймай, емен-жарқын әңгімелесіп, көңілдерін де бір серпілтіп қоямыз. Қос жанары көрмейтін жандарға, олардың отбасына, зағиптық пен нашар көру мәселелерімен айналысатын мамандарға кітапханалық қызмет көрсету ұдайы назарымызда. Оларды жоспарлы түрде мәдени-ағарту ісіне, белсенді оқуға, қоғам өміріне тарту жұмысын жүргізу де қызметіміздің бір арнасы. Бөлім қызметкерлері кейде үйлеріне кітап апарып береді, іс-шараларға белсенді араласуға тартады. Зағип оқырмандарға ағымдағы жылы “Ұлыстың ұлы күні – Наурыз” мейрамына орай арнайы дастархан жайылып, құрмет көрсетілді. Аталған ұжым кітапхананың зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімінің тұрақты оқырмандарының басын қосып, наурыз көже таратты. “Есікте отырған төрде отырғаннан дәмелі” демей ме, мұндайда?! Шын мәнінде мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамның қамқорлығына зәру. Қос жанары көрмесе де көкірегі ояулы болмаққа ұмтылған жандар бір дастархан басында арқа-жарқа болып, көңілдері бір серпіліп қалды. Қызметкерлер зағип және нашар көретін азаматтарға ұлттық құндылықтарымыз жөнінде мағұлмат беріп, мереке қонақтары өз кезегінде ауылдың алты ауызын айтты. Сонымен қатар, қараша айында “Халықаралық зағиптар күніне” орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, сыйлықтар берілді. Спорт күніне орай, кітапхананың зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімі мен аудандық “Соқырлар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Спорт – денсаулық кепілі» атты дойбы, шахмат ойындарынан оқырмандар арасында жарыс өткізілді. Атқарылған істердің бір парасы осы. Осы тұста Жамбыл облысы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен ”Балалар жылына” орай ”Ерекше бала – дарынды дана” атты облыстық тактильді кітаптар фестиваліне, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімінің кітапханашысы К.Алтыбаева «Бауырсақ» ертегісімен қатысып, жүлделі ІІ орын иеленгенін атап өткеніміз жөн. Алдағы уақытта да оқырмандарымызбен қоян-қолтық қызмет жасаудан қол үзбейміз.
-Ұлтты сақтап қалудың бірден-бір рухани тетігі-кітапхана ордасы десек, небір жобалардың, акциялардың, іс-шаралардың жүзеге асатын орны да осы жер. Сіздер қандай рухани-мәдени іс-шаралар болмасын, басы-қасында жүресіздер. Биыл ауданға еңбегі сіңген бірнеше абыройлы азаматтарымыздың даталы жылдары болғанын аудан жұртшылығы жақсы біледі. Туған жердің тұғырлы азаматтарын танытуға сіздер қалай атсалыстыңыздар?
-Әрбір кітапхана қызметкері оқырмандарына ел тарихын, жер тарихын, туып-өскен өңірдің шежіресін дәріптеп қана қоймай, мақтан тұтар аяулы азаматтарының есімдерін насихаттауды, өскелең ұрпақтың құлағына сіңісті етуді басты назарда ұстайды. Қатпар-қатпар тарихы бар, талай сырды ішіне бүккен шежірелі Шу жерінен небір атпалдай азаматтарымыз өткен. Сал-сері де, би-шешен де, ақын-жазушы да, тастан түйін түйген шебер де, зергер де, ұста да, қырға қой өргізген шопан да, бәрі де шыққан бұл өңірден. Еліне еңбегі сіңген игі жақсыларымызды қай кезде де құрметтеуден тартынған емеспіз. Туған жерін түлеткен тұлғалардың даталы жылдарын елеп-ескеріп, жыл сайын танымдық шаралар өткізу дәстүрге айналған. Атап айтсақ, 2022 жылдың ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, “Парасат”, “Құрмет” ордендерінің иегері, күйші-композитор, “Ерке сылқым” күйінің авторы Әбдімомын Желдібаевтың 85 жылдық мерейтойына орай өмірбаяндық шолу, сазды кеш, әдеби-композициялық кештер өткізілсе, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалінің иегері, Шу ауданының Құрметті азаматы, елге танымал ақын, термеші жерлесіміз Аяз Бетбаевтың 80 жылдығына арналған жыр кеші, өмірбаяндық шолу, танымдық сағаттары, әдеби кештері зиялы қауым өкілдерімен өткізілді. Шу өңіріне өнер нұрын шашқан, жастайынан ән әлеміне құлаш ұрып, көптеген шығармалары халық арасында қошеметке ие болған сазгер Серік Әбдікерімұлы Әденовтың 85 жылдық мерейтойына орай «Туған жерін – сырлы әнмен тербеген» атты тұлғатану сағаты ұйымдастырылып, оқырман назарына ұсынылды.
-Озық ойлы отыз елдің қатарына құлаш ұрған мемлекетімізге заман ағысынан қалыс қалуға әсте болмайды. Еліміздегі әр сала цифрландыру саясатын қолға алып, ақпарат ағынына ілесуде. Кітапханада цифрландыру жүйесі қалай жүзеге асырылуда?
-Әр сөзімізде “рухани жаңғыруға бет түзейміз, бәсекеге қабілетті ел боламыз” деп өзімізді жігерлендіріп-ақ жүрміз. Кітап оқып келешекті кемелдендіруге үндейтін келелі кездесулер мен келісті бағларламаларды түзуде көптеген игілікті істер тындырылуда. Мұқабасы менмұндалаған түрлі-түсті кітаптарымыз былай тұрсын, көздің жауын алатын, сыры мен сыны келіскен, оқуға ерінсең кітаптардың әр беттерін жанасу арқылы сайрататын қаламсаптары бар кітаптар да көптеп шығуда. Тіпті кітап оқысаңыз, бағалы сыйлықтарымен қанжығалайтын түрлі байқаулар мен бәйгелер де ұйымдастырылып жүргенін көз көріп жүр. Бұл игі істердің бәрі болашағымыз жарқын, келешегіміз кемел болуы үшін. Заман ағымына сай кітапханаларды цифрландыру ісі де ойдағыдай жүзеге асып келеді. Заманауи кітапханалардың талаптары заман ағымына қарай өзгеріп келеді, сондықтан да кітапхана кітап қоры ретінде ғана емес, әлеуметтік сипаты басым рухани орталық ретінде қызмет көрсетуі қажет.
Жаңа заман үндестігіне сай тиімді әрі сапалы қызмет түрін ұсынуға тырысып келеміз. Электронды кітапхана құру және құжаттарды сақтау мақсатында атқарылып жатқан кітапхана қорын цифрландыру ісі – осындай алғышарттардың бастамасы. РАБИС (Республикалық автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйе) бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді қолға алдық. Қазіргі таңда аталған бағдарламаға жалпы 286 мың 939 дана дерек қоры енгізілген. Сондай-ақ осы мақсатта жергілікті ақын, сазгер, жазушылардың кітаптарын цифрландыру әдісі бойынша «Шу жері – рухани қазына ордасы» атты ұзақ мерзімді мақсатты кітапханалық бағдарлама іске асырылуда. Бұл бағдарламаның мақсаты-Шу өлкесінен шыққан небір талант иелерінің еңбектерін цифрландыру арқылы кітап қорының үлгісін қалыптастыру болып табылады. Осы тұста сіздерге де, оқырман қауымға да сүйіншілейтін басты жаңалығымызды да айта кеткен жөн деп білемін. Осы жылы «Жаңалық жаршысы – Шу өңірі» атты ұзақ мерзімді мақсатты кітапханалық бағдарламаны бастасақ деп отырмыз. Қазіргі таңда аудандық «Шу өңірі» газетінің 2008-2009 жылы шыққан барлық нөмірлерін цифрлаудамыз. Аудан жұртшылығы, тіпті облыс, республикадан да “Шу өңірі”-“Шуская долина” газеттерінің керекті сандарын жиі сұратып жатады. Бұл қолға алған бастамамыз жемісті болатынына сенімдіміз.
Сұхбаттасқан Айғаным АСҚАРБЕК.