АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Дамыған заманның ағысына сай қай саланы болмасын цифрландыру азаматтарға ыңғайлылық тудырып, үнемділікке жол ашатындығы сөзсіз. Осы орайда, еліміздің cот төрелігін цифрландыру бағытында да үздіксіз жұмыстар жүргізіліп, санаулы уақыт ішінде оң нәтижеге қол жеткізе алдық.
Электронды сот төрелігін іске асыру халықтың сотқа деген сенімін, сот төрелігіне қолжетімділігін, оның ашықтығын және жариялылығын арттыруға жол ашты. Сот жүйесін жаңартуға бағытталған жаңашылдықтар жүйелі түрде жүзеге асып, соттар заманауи технологиялардың артықшылығын өз тәжірибесінде жетік қолдана бастады.
Қазақстан Республикасының барлық соттарына «Төрелік» ақпараттық жүйесі, «Сот кабинеті» сервисі, «Электронды шақыру қағазы», «Сот құжаттарымен танысу» сервисі, «SMS хабарлама» сервисі, «Талдау» форумы, сот органдарымен байланысу CALL-opталығы, сенім телефоны, дыбыс-бейне жазатын құрылғылар, бейнеконференция арқылы сот төрелігін жүзеге асыру секілді жаңа ақпараттық технологиялар қызметі енгізіліп, сұранысқа сай қызмет етуде.
Бүгінде «Сот кабинеті» арқылы кез келген тұлға сотқа келмей-ақ өзіне ыңғайлы уақытта үйінде немесе кеңседе отырып-ақ, сотқа онлайн талап арыз беру, сот отырысының хаттамасына ескерту келтіру, өтініш, арыз, шағым және электрондық түрдегі өтінімдерді әзірлеу және беру, мемлекеттік алымдарды онлайн түрінде төлеу, деректерді сақтау мен біріктірудің қауіпсіздігі секілді әрекеттерді жүзеге асырады.
«Сот кабинетінің» қызметтерін пайдалану үшін электронды цифрлық қолтаңбаны (ҰКО ЭЦҚ) алу және «Сот кабинетінде» тіркеу рәсімінен өту кажет. Тіркелу сәтті өткеннен кейін тұлға «Сот кабинетінің» негізгі бетіне оралу арқылы жүйеге кіріп, қажетті қызметті таңдай алады.
Сот жүйесіне қазіргі заманғы технологияларды енгізу және қолдану сот ісін жүргізуді жеңілдетіп, бюрократиялық кедергілерді жояды. Соттарда барлық істер автоматты түрде судьяға бөлініп, іске қатысты әрбір әрекет «Төрелік» ақпараттық бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Ал, тараптар істің қозғалысын «Сот кабинеті» сервисі арқылы қадағалап отырады. Сонымен бірге, республиканың барлық сот залдары Жоғарғы Сот ғимаратындағы ахуалдық орталыққа жалғанған. Яғни, жергілікті соттарда өтіп жатқан кез келген істі Жоғарғы Сот қосылып, көріп, қадағалай алады.
Соттардағы кіріс-шығыс құжаттары көбіне электронды түрде қабылданып, электронды түрде жолданады. Мұның барлығы халықтың уақытын, қаржысын үндемдеуіне себепші болып, бюрократиялық кедергілерді жоюға ықпалын тигізуде. Сонымен қатар, сот жүйесінің ашықтығын қамтып, халық пен сотты жақындатуға, қызмет сапасын арттыруға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізіп жатыр деген сөз.
Қорыта айтсақ, ақпаратты технологиялар coт қызметінің сапасын жақсартып, халықтың coт төрелігіне деген қолжетімділігін арттырды.
Ержан Анарбеков,
Шу аудандық сотының кеңсе меңгерушісі.