Астана – елдіктің айбары
Осыдан тура 30 жыл бұрын 6 шілде күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі астананы Алматы қаласынан Ақмолаға ауыстыру жөніндегі шешімді қабылдаған. Ал елорданы ресми түрде көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асқан болатын. Араға жарты жыл салып 1998 жылғы 6 мамырда Президент Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгерді. Сөйтіп жаңа астананың халықаралық тұсаукесері сол жылы 10 маусым күні өткен еді.
Биыл бағаналы басты ордамызға 25 жыл толып отыр. Ширек ғасыр ішінде елордасы дамудың бірнеше белесінен асып үлгерді. Қазіргі таңда халықаралық аренада дара дидары бар, заман көшіне ілесіп келе жатқан жас қала. Сонау сындарлы шақта қазығы қағылған бас қаланың жүріп өткен жолдары елдің жадында. Әрі келешекке деген жоспары да бөлек екені белгілі.
Мерекеге орай біз Baq.kz ақпараттық порталының сараптамалық материалына сүйене отырып сіздерге елорданың кешегісі, бүгіні һәм болашағы туралы баян етпекпіз.
Астананы көшіру жайлы шешім қабылданғанда Ақмола тұрғындарының саны бар болғаны 290 мың еді. ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атанған елордада 1999 жылы астаналықтардың саны 326 мыңға жеткен екен. Бүгінде Астана қаласының аумағы 80 мың гектарға жақындап қалды. Ал тұрғындарының саны биылғы есеп бойынша 1 354 435 адамды құраған. Шынтуайында елордасында 1,5 миллионнан астам өмір сүріп жатқандай. Оны осы қаланың тынысын баққан әрбір адам анық аңғарады.
Бұған дейін Астанада Есіл, Алматы, Сарыарқа атты аудандар болса, соңғы 5 жылдың бедерінде Байқоңыр және Нұра сынды жаңа аудандар ашылғанын айта кеткен жөн. Бұл да өз кезегінде бас қаланың қаншалықты өскенін айшықтайды.
Қонағын қытымыр қысымен құшағына алатын Астана Азия астаналары ішінде солтүстік полюске ең жақын орналасқан. Сонымен бірге Моңғолия ордасы Ұланбатырдан кейін әлемдегі екінші суық астана. Ерке Есілдің жағасындағы қаланың қысы ұзақ, көктемі мен жазы өте қысқа.
25 жыл ішінде бас қаланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 13,7 трлн теңгені құраған. Биылғы 5 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар мөлшері 427,6 млрд теңгеге жеткен.
Біздің елорданың мәдениеті, тарихы мен дамуында ортақ ұқсастықтары бар 20 бауырлас қаласы бар. Олар Түркияның Анкара, Стамбул, Измирі, Ресейдің Санкт-Петербургы, Мәскеуі мен Қазаны, сонымен қатар Бішкек, Киев, Амман секілді Қырғызстан, Украина және Иордания елордалары. Онымен қоса Рига, Гданьск, Варшава, Тбилиси, Сеул, Ташкент, Дубай, Бейжің, Манила мен Сараево секілді түрлі елдердің басты шаһарлары бауырлас қалалардың қатарын толықтырады.
Талай жанды тамсандырған Астана бүгінде тотыдай түрленген сұлу қалаға айналып отыр. Еуразияның кіндігіне баланатын бұл қалада барлық бағытта айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Әрі сәулетіне сән қосатын ғимараттар жыл сайын салынуда.
Көрген жанды ынтық еткен елорда расында еліміздің жүрегі. Елдігіміздің басты белгісі. Оның бүгінгідей берекелі тұрмысына әрбір қазақстандықтың қосқан үлесі қомақты. Сондықтан Астана мемлекетіміздің айнасы екені ақиқат. Оған қарап тұтас елді тануға болады.
Естеріңізде болса, 2008 жылы 24 маусымдағы Заңмен 6 шілде – Астана күні болып белгіленді. Осымен 15-ші мәрте тойланғалы тұрған мемлекеттік мерекені ел тұрғындары ерекше атап өтпек. Себебі, қазақстандықтар осы аптаның бейсенбісінен бастап 4 күн демалады. Бұл уақытты отбасымен өткізуге, саяхаттауға және серуендеуге тамаша мүмкіндік.
Ендеше, басылым арқылы барша оқырман қауымды Астана күнімен құттықтаймыз! Астанамыз дәйім ажарланып, аспаны ашық болсын демекпіз.
Б.Емберді