Ақпараттық портал

Даламыздың үні болған домбыра

Елімізде шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып бекітілген. Осыдан дәл 5 жыл бұрын қоғамды ұлттық мәдениетке бейімдеп, қайта жаңғырту идеясының төңірегінде және одан әрі шоғырландыру мақсатында Президент жарлығы қолданысқа енген болатын. Содан бері еліміздің әр өңірі бұл мерекені ерекше атап өтуді үрдіске айналдырып келеді.

Аталған мерекені айшықтаудан Шу ауданы да шет қалған жоқ. Аудандық Мәдениет үйі маңындағы жазғы алаңда 300-ге тарта домбырашы бір мезетте күйші-композитор, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» шығармасын орындады. Олардың арасында музыкалық білім беру ісінің ардагерлері де болды.
Мұнан соң аталған күйдің авторы жиналғандарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, музыкалық аспаптың мән-маңызына тоқталды.
-Домбыра – бұл қазақ халқының ең танымал, танымды дүниесі. Сонымен қоса, ол қазақтың мұңын, жырын, сырын жеткізген ұлттық аспап. Домбыраның үні бабалардың үні сияқты. Ол туралы терең толғанып, кемел ой айтуға болады. Сондықтан мен сіздерді домбыра күнімен құттықтаймын. Домбыра ұстап, өнер қуып жүрген жастарға шығармашылық табыс тілеймін! Әрдайым қолдарыңыздан осы мұраны тастамаңыздар,-деді Ә.Желдібаев.
Одан бөлек, осы күні Мәдениет үйінің қызметкерлерімен сазды бағдарлама ұсынылып, ҚР Мәдениет қайраткері Жанат Досжанова «Домбыра» әнін, Мәдениет саласының үздігі Бақытжамал Қосыбаева «Қазағым» әнін, «Шу серілері» триосы «Бозжорға» әнін көпшілікке тарту етті.
Жанымызды тебірентіп, қанымызды тулататын домбыраны құрметтеуге арналған мерекеге орай Шу қаласы мен ауылдық округтердің Мәдениет үйлері мен клубтарында сазды бағдарламалар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Шу қалалық жастар ресурстық орталығының мұрындық болуымен домбырашылар Теміржолшылар саябағында шаһар тұрғындарына күйлерді тарту етіп, қарымтасына қошемет алды.

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.