Ақпараттық портал

Тірлігі түзу, бірлігі бекем Белбасар

Ауыл дегенде ет жүрегі езілмейтін, есіне балалық шағы түспейтін жандар некен-саяқ. Себебі,  бүгінде беделге бөленіп, есімі елге мәшһүр болған тұлғалардың басым көпшілігі ауылдан шыққан. Яғни ауылдың шаңына аунап, ақ таяқты ат қылып мініп, айдын көлінде балықтай жүзген. Сондықтан ауыл қарабайыр жандардың, қазыналы қариялардың мекені, һәм еңбек мектебі.

Жылдың төрт мезгілінде жайбарақат жатуды білмейтін еңбеккерлер көктемде дала төсін дүбірлетсе, жаздың соңында егінге орақ салып, күзде жинап жатады.  Қыстағы қарбалас та оқырман қауымға  белгілі.  Ауданымыздағы сондай бейнетқор ауылдың бірі – Ескі-Шу ауылдық округі.

Аталмыш округті жыл басында сайланған білікті маман Нұрлан Абашов басқарады. Құрамына Белбасар, Еңбекші және Тасөткел су қоймасы ауылдары кіретін округте 600-ге жуық аула, 3263 адам тұрады. Оның басым көпшілігі – округтің әкімшілік орталығы Белбасар ауылында мекен етеді.
Белбасар ауылы бұрыннан бейнетпен белі қатайып, істің көзін тапқан жандардың алтын бесігі. Мұнымызға сол заманның куәсі болған бүгінгі аға буын шек келтірмейтіні анық. Оған осы ауылдан шыққан Еңбек Ерлерінің даңғыл жолдары дәлел болмақ. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, ата-әжелердің жолын жалғаған жас буын да тіршіліктің көзін тауып, кәсіптерінен нәсіп теріп келеді. Оны округ әкімі Нұрлан Арыстанұлының ұсынған мәліметтеріне қарап аңғардық.
Округ әкімінің айтуынша, мұндағы жалпы жер көлемі 32671 га, оның ішінде суармалысы – 2160 га болса , 8754 га – тәлімдік. Сондай-ақ ауылдың төрт түлігі 21757 га жерді өріс етіп отыр.
Одан бөлек, округте 223 шаруа қожалығы және 2 ЖШС тіркелген. Оның бірі – «Белбасар-Шу» болса, екіншісі – «Қызылша-Жер». Осыған қарап Ескі-Шу округін еңбеккерлер елі деп атауға толық негіз бар. Бір ғана «Qyzylsha zher» ЖШС ауыл іргесінде алқапты игеріп, жыл сайын өнім өндіріп келеді.
-Биыл Ескі-Шу ауылдық округінде егін шаруашылығы бойынша 2000 га бидай, 1250 га арпа, 581 га жүгері, 800 га сафлор, 1650 га көкөніс, 931 га бақша өнімдері және 975 га қызылша егілді. Жиын-терін науқаны да ойдағыдай жүргізілді. Тұрғындардың жан бағып отырған кәсібі – мал шаруашылығы екені белгілі. Округте мүйізді ірі қара мал – 1478, 20218 бас уақ мал мен 744 бас жылқы бар. Сонымен қатар 2100 бас құс тіркелген,-деді Нұрлан Абашов.
Сонымен қатар Нұрлан Арыстанұлының айтуынша, округте тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандардың барлығы дерлік орналасқан. Олардың бірқатарының пайдалануға берілгеніне 5 жылдан асқан.
Мәселен 1 әкімшілік, 3 білім беру мекемесі, Ш.Уәлиханов орта мектебі, Еңбекші орта мектебі және С.Мұқанов бастауыш мектебі, сонымен қатар №39 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, «Балдырған» балалар бақшасы, 1 дәрігерлік амбулатория (Белбасар), 2 фельдшерлік пункт (Еңбекші, Тасөткел су қоймасы), 2 кітапхана, 2 мешіт, 1 учаскелік полиция бөлімшесі, 1 ветеринарлық пункт, 1 пошта бөлімшесі, ауылдық клуб халыққа қызмет ұсынып келеді.
Бұған қоса Белбасар ауылында 11 дүкен, Еңбекші ауылында 2 дүкен, Тасөткел су қоймасында 1 дүкен, сондай-ақ Белбасар ауылында ағымдағы жылы ашылған «Айша-Жанар» дәмханасы да бүгінгі таңда өз жұмыстарын жүргізіп келеді.
Шу ауданындағы бірқатар ауылдар көмір жағудың әуресінен арылып, күл шығаруды ұмытқан. Солардың қатарында біз әңгіме етіп отырған округ те бар. Ауыл басшысының айтуынша, Белбасар ауылында 262 үй, Еңбекші ауылында 83 үй, Тасөткел су қоймасында 14 үй көгілдір отынмен ас-суын әзірлеп отыр. Сол секілді сапалы ауыз су тарту мәселесі бойынша тиісті шаралар қарастырылуда.
-Белбасар ауылында 371 үй ауыз су пайдалануда. Еңбекші ауылында су жүйелерін жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, жоба құны – 413 млн теңге. Сонымен қатар, Тасөткел су қоймасы ауылына ауыз су жүйелері және су жинау ғимаратына қызмет көрсету үшін жер телімі таңдалды, – дейді округ әкімі Н.Абашов.
Ауыл әкімдерінің жұмысы жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуымен, әл-ауқаттылығымен бағаланатыны анық. Бұл орайда аталмыш округте оңды шаруалар жетерлік. Мәселен, округ бойынша 1388 адам жұмыспен қамтылса, 71 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның ішінде 2022-2026 жылдарға арналған «Еңбек 2.0.» ұлттық жобасы аясында 35 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, 2 жас «Жастар тәжірибесі» арқылы еңбек жолын бастап отыр. Сондай-ақ 7 тұрғын 1 млн 300 мың теңгенің қайтарымсыз грантын алып, өз кәсібін бастап, 3 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
Аталмыш округте «Малым – жанымның садағасы» дейтін жаны жомарт жандар баршылық. Олар осал топтағы ауылдастарына қол ұшын созып, ағайынгершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Әкімнің айтуынша, жыл басынан демеушілер есебінен 26 отбасына 610 мың теңгеге қайырымдылық жасалған. Одан бөлек ай сайын округтегі аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеті таратылады.
Жұрт таңдауына ие болған әкім әрдайым өзін сайлаған әлеуметтің талап-тілектеріне құлақ түріп, қордаланған мәселелерді шешуге білек сыбанып кірісуі керек. Әрине, ауқымды қаражатқа ие болу үшін аудан орталығына сан мәрте сабылып, «сыздаған жараның» қаншалықты ауыр екенін жеткізу керек. Оның үстіне ауданға да қомақты қаражат жоғары жақтан құйылатынын ұмытпау керек. Заң бекіткен рәсімдерден ешкім аттап өте алмайтындықтан кейбір шаруалар кешеуілдеп жатады.
Десе де, қолына екі тізгін, бір шылбыр ұстаған округ әкімі әсте аянбай, әмбеге қызмет етуі тиіс. Бұл бағытта Нұрлан Арыстанұлының іске асырған жұмыстары аз еместігін ұғындық. Сонымен қатар келешек еншісіндегі жоспарларына да үңілдік.
Соларды жіпке тізіп, назарларыңызға ұсынсақ. Ең алдымен Белбасар, Еңбекші, Тасөткел су қоймасы ауылдарында көше жарығы ретке келтіріліп, тиісті жұмыстары жүргізілген. Одан бөлек, округ аумағы қоқыстардан тазартылып, бұдан арғы жағдайы жіті бақылауға алынған.
Ауыл әкіміне Достық көшесінің тұрғындары алғыстарын білдіруде. Себебі аталмыш көшенің бұрылысына құны 3,6 млн теңге болатын жарықтандыру жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ “Ақбұлақ” бағдарламасы аясында Еңбекші ауылына ауыз су құбырлары тартылды. Жұмыстың жоба құны 413 млн теңгені құраған. Одан бөлек, бірқатар шулықтарға шаттық сыйлаған “Асарлатып үй салу” жобасы ауылда жалғасын тауып, соның аясында Белбасар ауылындағы тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Қазіргі уақытта сыйға берілетін баспананың ішкі сылақ жұмыстары тәмамдалып, терезелері салынған.
Көпшіліктің көңілін тоқ еткен жұмыстың бірі – білім ошақтарын көгілдір отынға қосу болатын. Бұл бағыттағы шаруалар осы округте де жүзеге асып, жоба құны 74 млн теңгені құрайтын Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің қазандығын газға қосу жұмыстары жүргізілді.
-Өздеріңіз жақсы білетіндей, кез келген жұмыс бірліктің нәтижесінде алға жылжиды. Жерлестерімнің артқан сенімдерін ақтау үшін күш-жігерімді ауыл үшін жұмсайтын боламыз. Биыл бірқатар жұмыстар жөнін тапты. Бұйыртса, келер жылы да ауыл ақсақалдарымен, демеушілермен бірлесіп жұмыстар жүргіземіз деген жоспарымыз бар. Атап айтқанда, болашақта Белбасар ауылындағы Достық тұйығын жарықтандырып, әкімшілік орталыққа кіші футбол алаңын салатын боламыз. Сонымен қатар, Әзімбай көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салып, осы көшенің біраз бөлігін жарықтандыру жұмыстарын жүргізбекпіз. Одан бөлек, дәл осы көшенің 3,4 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстардың барлығының жобалық сметалық құжаттамасы әзірленген. Барлық мәселе қаражаттың бөлінуімен шешілмек, -дейді Нұрлан Арыстанұлы.
Ауқымы ат шаптырым ауылдың шешімін күткен шаруалары да баршылық. Мұның барлығын мәлімдеген округ әкімі түйткілдің тарқатылу жолдарын да түсіндіріп берді.
Округтің әкімшілік орталығында дербес мәдени нысан жоқ. Әкімшілік ғимаратында орын тепкен клубтың іші тым тар. Сондықтан ауыл тұрғындарының қалауы – заманауи талапқа сай Мәдениет үйі. Округ әкімінің айтуынша, ЖСҚ жасалынып, 2024 жылдың қаржыландырылуына сұраныс берілген. Сондай-ақ Х. Сауранбаев көшесінің жолын жөндеп, соңына жеткізу өзекті мәселеге айналған. Н.Абашов ЖСҚ қайта әзірлеуге тапсырыс берілгенін баяндады.
Ескі-Шу ауылдық округінде де өзге ауылдар секілді электр бағаналары ескіріп, желілері тозуға айналған. Осы мәселе туралы дабыл қағылып, құзырлы орындарға тиісті хат жолданған. Мұны айтқан округ әкімі Тасөткел су қоймасы ауылына ауыз су құбырын тарту үшін жер учаскесі таңдалып, ЖСҚ әзірлену барысында екенін атап өтті.
Сонымен қатар Еңбекші және Тасөткел су қоймасы ауылына интернет байланысын орнату, ағын су латоктарын жөндеу, беккери шұңқырын қазу, Еңбекші ауылдық мектепке жапсарлас ғимарат салу және су қойма маңын мекендеген тұрғындарға спорт, балалар ойын алаңшасын салу – күн тәртібіндегі түйткіл болып отыр. Аталған мәселелер алдағы уақытта рет-ретімен тарқатылады деген үміт мол.
-«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлының сөзі бар. Бұл – бәріміздің санамызда тұруы тиіс даналық. Себебі, тәртібі түзу елдің тірлігі де, тұрмысы да жақсы болмақ. Сондықтан учаскелік полиция инспекторы Қуат Сәулебайұлымен бірлесіп, осы бағытта жұмыстар атқарып келеміз. Биыл құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 9 рейд өткізілді. Жыл аралығында қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ,-дейді округ әкімі Н.Абашов.
Халқымызда ауыл болсаң қауым бол деген қағидалы лебіз бар. Бұл даналық бірлікке шақырып, ынтымаққа ұйыстырады. Себебі асқан ауызбіршілік танытқан жұрттың таңы жарық, болашағы бекем.
Біз бүгін басылым арқылы Ескі-Шу ауылдық округінің бүгінін әліміз жеткенше баяндап өттік. Аз жұмыстар жасалмағанын білдік. Сонымен қатар тілеулестік танытып, толайым табыс тіледік.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.