Ақпараттық портал

Жаңа жол ауылындағы жарқын істер

Ауылдардың өркендеуі – Отанның өркендеуіне жол ашады. Елді мекендердің еңсе тіктегені – елдігіміздің шыңға шыққаны емес пе?! Қазіргі таңда өркендеген ауылдар аз емес. Олардың қатарына Шу ауданындағы Жаңа жол ауылдық округін де қосуға болады.
Аталған ауылдық округте 2935 адам тұрады, 590 аула саны бар. Округтегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 22 мың 320 гектарды құрайды. Оның ішінде 2241 гектар суармалы, 7491 гектар тәлімді жер жаңажолдықтардың игілігіне айналуда. 1938 гектарға күздік бидай, 1550 гектарға жаздық арпа себілген. Күздік бидайдан 36 мың 997 центнер дән әзірленсе, 92 мың 970 центнер өнім жиналған. Жаңажолдықтар дәндік жүгері, картоп, бақша дақылдарынан да айтарлықтай табысқа жеткен. Ең бастысы, өздерін қысқа картоппен қамтып, мал азығын жеткілікті мөлшерде жинап отыр.
Аталған ауылда 40 пайыз жергілікті ұлт өкілдерінен құралса, 42 пайыз әзірбайжан ұлтының азаматтары. Сонымен қатар орыс, дүнген, қырғыз, ұйғыр, түрік, шешен ұлтының өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Әртүрлі ұлттың өкілдерін бір мақсат, бір мүдде жолына бағыттап, бір ауылды айрандай ұйытып отыру оңай шаруа емес. Жаңа жол ауылдық округінің әкімі Дархан Әліпбаев көптің көңілін табатын, барлық тұрғындарды татулық пен берекелі тірлікке бастай білген іскер басшы.
Аталған округте 300 оқушы білім алатын орта мектеп,100 бүлдіршін тәрбие алатын балабақша, дәрігерлік амбулатория, ветеринарлық пункт, «Қазпошта» ауылдық бөлімшесі, наубайхана, дәріхана, жанармай бекеті, мешіт жұмыс істейді. Аталған мекемелердің сапалы қызметі ауыл экономикасының көтерілуіне жол ашады. Ауылда кәсіпкерлік те жақсы дамыған. Бірнеше дүкендер, жанар-жағармай бекеті жұмыс істейді. Маусымдық кезде бақша өнімдерін сату жұмысы да қарқынды жүреді.
Мал шаруашылығында да ілгерілеу бар. Төрт түліктің басы өз төлінен өсіп келеді. Атап айтқанда, округтегі тұрғын үйлер бойынша 465 жылқы, 2670 мүйізді ірі қара, 5100 қой мен ешкі тіркелген. Мұнан бөлек, шаруасы шалқыған шаруа қожалықтар бар. Шаруа қожалықтарда 535 жылқы, 1530 мүйізді ірі қара, 16770 қой-ешкі өсірілуде. Биыл жаңажолдықтар «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен несие алуға қол жеткізді. Мемлекет тарапынан жасалған бұл қолдаудың нәтижесінде округтегі мал саны одан әрі арта түседі деп болжам жасалып отыр.
– Еңбек етем деген азаматтарға, кәсіп ашамын деген кісілерге мүмкіндік береміз. Ауылымызда түрік, дүнген, қырғыз, әзірбайжан ұлт өкілдері қоныстанғандықтан тұрғындар егіншілікке көңіл бөліп, мол өнім алу жолында маңдай терлерін төгіп жүр. Тұрғындардың татулығы мен бірлігін сақтай отырып, түрлі мерекелер мен атаулы күндерді жоғары деңгейде ұйымдастырамыз. Көпшіліктің көңілін тауып, еңбектерін елеп, жасы үлкен қарттарымызды құрметтеп отыруға үнемі күш саламыз. Елмен етене жүріп жұмыс істеп жатырмыз, – дейді округ әкімі Дархан Әліпбаев.

Абылайханның атасы

Жаңа жол ауылына Шу ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құттыбеков жол бастап барды. Ол жол-жөнекей аталған округте «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатқанын айтты. Ең алдымен «Ауыл аманаты» жобасын ілгерілету бағытында құрылған «СПК-Шу-2021» өндірістік кооператив төрағасы, ауданның сыйлы ақсақалы Жапарқұл Тәжиевтің шаңырағына атбасын тіредік.
Бұл өндірістік кооперативтің қадамы шын мәнісінде өрге басып тұр екен. «Бірлік түбі – береке» дегендей, төрт шаруа қожалық егістік жерлерін біріктіріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып отыр. Биыл аталған қожалықтардың ортақ мақсат жолына жұмылуының нәтижесінде 800 гектарға егін егу мүмкіндігіне қол жеткізді. Оның үстіне техникалары да талапқа сай. Осы кезге дейін төраға Тәжиевтің меншігінде екі трактор, бір комбайн болса, енді жақында құны 28 миллион теңге тұратын «Zoomlion» жаңа тракторына қол жеткізіпті. Жыл соңына дейін мұнда алып трактордың тағы екі данасы келеді деп күтілуде.
Ал Жапарқұл Тәңірбергенұлы зейнет жасына жеткеніне қарамастан «Ауыл аманаты» жобасына өз үлесін белсене қосуда. Ол аталған жоба аясында 23 миллион 300 мың теңге несиеге қол жеткізіпті. Ол қаражатқа 2,5 тонна жүгері, 5,5 тонна арпаның жаңа сұрыпты сапалы тұқымдарын сатып алып, оның игілігін көруге күш салуда. 11 миллион 681 мың теңгеге бидай мен арпаның алқабын құнарландыруға қажетті түрлі минералдық тыңайтқыштар сатып алыпты. 450 мың теңге қаражатқа алма бағын отырғызып отыр. Келешекте жаңажолдықтар аталған алма бақтың жемісін көре беретініне сенім мол. Одан бөлек, ауыл іргесіне 600 тал көшеттерін отырғызуда да аталған өндірістік кооператив мүшелері белсенділік танытыпты.
Ал енді ауылдың экономикасының дамуына, тұрғындардың хал-ахуалының жақсаруына бұл өндірістік кооперативтің қандай көмегі мен пайдасы бар? Осы жағына келейік. Өндірістік кооперативте техникалар майланып, сайланып, сақадай сай болып тұрады. Барлық ауыл шаруашылық техникасы тіркелген тракторлар жеке шаруалардың да жерін жыртып, алқабын дайындап береді. Ақысына нарықтағыдан бірнеше есе төмен, аз ғана қаражат алады. Бұл – көмек пе, әрине көмек. Әр үйге жоңышқаны және басқа да мал азығын 10-15 пайыз жеңілдікпен шөп түсіріп береді. Ол да – жәрдем. Одан бөлек, кооперативтің қарапайым елге берер жәрдемі де көп.
Өндірістік кооперативті басқарудан бөлек Жапарқұл ақсақалдың өзінің де шаруа қожалығы бар. Биыл 120 гектар алқапқа арпа, 60 гектарға пияз егіпті. Он отбасын тұрақты жұмыс көзімен қамтып отыр. Әр малшы, тракторшы, жұмысшылардың орташа жалақысы 200 мың теңгеден кем емес. Мәселен, ерлі – зайыпты кісілер бір отар мал бақса, тұтынатын ұн мен етінен бөлек айына 400 мың теңге жалақы алып тұрады деген сөз.
Жапарқұл Тәжиев 13 жылға жуық Ескі Шу және Жаңа жол ауылдық округінің әкімі болған кісі. Ал, қазіргі таңда әкім болдым жетеді демей, өндірістік кооперативтің өрге басуына бар тәжірибесін жұмсап отыр. Өзінің жекеменшік бірнеше гектар алқабын қазір немересі Абылайхан Тәжиев ала жаздай күтіп-баптап, суарып жүр. Яғни, атасы менің бейнет көргенім жетеді демей, немересін адал еңбекке баулып келеді. Келешекте бүгінгі еңбексүйгіш жас Абылайханнан отанын сүйетін, еңбектің көзін табатын мықты азамат шығатынына сенімдіміз. Ақсақалдың ұл–қыздары да қоғамда аса белсенді. Бір баласы полковник шенінде болса, бір баласы – кәсіпкер. Қызы – журналист. Олар да қоғамның әр саласында еселі еңбек етіп, еліміздің өркендеуі жолында тер төгіп жүр.
– Өзім осы ауылдың азаматымын. Осы ауылда туып-өстім. Жасымыз ұлғайған сайын өз ауылыңның жағдайын ойлап, мәртебесі биік болуын қалайды екенсің. Кезінде осы ауылдық округке ұзақ жыл өзім әкім болдым. Сол кезде ауылдан «Айшот» атты сүт цехының ашылуына күш салдық. Белбасарда спорт кешенінің ашылуына ықпал еттік. Ауылымның дамуы үшін аянбай тер төктім деп ойлаймын. Қазіргі ауылдық округ әкімі Дархан Әліпбаев өзінің жұмысын білетін білікті маман. Хамит Исмайлов бастаған бас мамандары да сайдың тасындай іріктелген. Соңғы уақытта ауылымыздан наубайхана, тағы бір кірпіш зауыты ашылып жатыр. Ол – елге жұмыс көзі. Ауылда бірнеше ұлттың өкілдері тұрады. Осынша ұлт өкілдерінің арасында ынтымақ пен татулықты сақтап, жақсы бастамаларға бағыттап отыру жеңіл емес. Оны қазіргі ел басқару ісінде жүрген інілеріміз де жақсы түсінеді деп ойлаймын. Себебі, тыныштық пен ынтымақ басты орында болуы тиіс. Ауылдың берекелі тірлігіне ақсақалдардың қосатын үлесі қомақты. Сондықтан, ауылдағы белсенді ақсақалдармен үнемі ақылдасып, олардың ой – пікірлерін тыңдап отырамыз. Олардың ойларымен санасамыз. Сондықтан, ауылымыздың экономикалық дамуы жақсы. Болашаққа нық қадам басып отыр деп айта аламын. Бұрындары Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров «Шіркін, еліміздегі бес мың ауылды көркейтуге әр ауылдан бір белсенді азамат шықса, бүкіл ауыл көркейетін еді» деп айтып кетіп еді. Ал мен осы Жаңа жолды көркейту жолында қолымнан келгенше тер төгіп келемін. Алдағы уақытта да белсенді азаматтармен бірлесіп, ауылдың абыройының артуына үлес қоса беремін.
Бұл «Ауыл аманаты» жобасының негізгі идеясы бұрынғы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтен шықты. Мырзахметовтың идеясын қолдап, халыққа түсіндіру жұмыстарында белсенділік танытқан сол кезде ауыл шаруашылық басқармасын басқарған Нұржан Нұржігітов еді. Бұл азаматтардың еңбегін ұмытуға болмайды. Енді міне, бұл жоба бүкіл еліміз бойынша мақұлданып, жүзеге асып жатыр. Мен халыққа тиімді жобаның жолы болғанына қунамын. Бұл жоба – елдің ырысы, – дейді Жапарқұл Тәжиев.

Кірпіш цехын ашқан азамат

Мұнан соң аталған «Несіпбаев» жеке кәсіпкерлігінің кірпіш цехында болдық. Кірпіш өндіру цехын орда бұзар отыз жастан енді ғана асқан Жақсылық Несіпбаев ашып отыр. Қазір «Ауыл аманаты» жобасының шапағатын сезініп отырғанымен, бұл азамат қадамын ертеректе бастап кеткен. 2022 жылы 583 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, оған бір ғана түспен құмды блок шығаратын құрылғы сатып алған. Сол кездің өзінде тәулігіне 900 дана құмды блок шығарып отырыпты. Ал биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен 5 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, бірнеше түспен блок шығаратын құрылғыларды сатып алған. Қазіргі таңда цехтың өнім өндіру көлемі ұлғайған. Тәулігіне 2000 данаға жуық түрлі түсті құмды блок кірпіш шығаруға қауқарлы. Бұл цехта 6 адам тұрақты жұмыс көзімен қамтылып отыр. Цехтың жұмысшысы, өзбек жігіті Абдірахман Ахметжанов «Біздің жұмыста жұмысшыларға жақсы жағдай жасалған. Жалақымыз уақытылы, түскі асымыз тегін. Үздік жұмыс істегендерді де ынталандырып отырады» деді. Мұнда жұмыс жеңіл емес. Дегенмен, бір жолға қойылып келеді. Мәселен 8 сағаттық жұмыс кестесі қатаң сақталады. Кірпіш блоктың бағалары әртүрлі. Атап айтсақ, бір түсті кірпіштің бір данасы 200 теңге болса, қоңыр, қызыл, қара түсті бір дана құмды блоктың бағасы 400 теңге. Әр кірпіштен 75 теңге таза пайда қалса, тәулігіне 150 мың теңге таза табыс бар деген сөз.
Бұл құмды блок цехы Шу ауданын сапалы өнімдерімен қамтып отыр. Қазір көршілес Қордай ауданынан да Жақсылықтың цехын іздеп келіп, кірпішке тапсырыс беретіндер көбейді. Бұл құмды блок цехында екі техника бар. Олар да ертелі-кеш кірпіш тасымалдап, тыным таппайды. Өндіріске қажетті құмды карьерден алып, өнімге қажетті цементке де дер кезінде тапсырыс беріп отыр. Карьерді қазу, оны қазу үшін рұқсат алу деген жұмыстар да жеңіл емес. Табыс жолы қиындықсыз келмейді. Мұны әр кәсіпкер жақсы түсінеді.
Жақсылық Болатұлы – жас кәсіпкер. Дегенмен, бұған дейін бірқатар жолдардан өткен. 20 жасында Көкшетаудағы әскери училищені бітіріп, 10 жыл бойы әскери қызметте болды. Тараз қаласы, Отар стансасының әскери бөлімшелерінде жұмысын мінсіз атқарып, алғысқа бөленді. Бірақ, ауылда қалған анасының жағдайын көп ойлай беріпті. Сөйтіп 10 жылдық қызметтен соң келісімшартты әрі создырмай, ауылға оралып, кәсіпкерлікке ден қойған. Әкесі Болат Несіпбаев та құқық саласында қызмет етіп, 1998 жылы өмірден озған екен. Ол кезде Жақсылық бар болғаны 7 жаста болатын. Анасы Маржан бағып-қағып жеткізді. Сондықтан туған жерге қайтып, жеке кәсібін жолға қоюды дұрыс деп шешті. Екі бауыры бар. Қазіргі таңда олар тұрмыста.
– Сондықтан осындай шешім қабылдадым. Оған ешқандай өкінбеймін. Ең бастысы, ағамның қасындамын. Жұмысымды жолға қойып келемін. Қазіргі таңда менің құмды блок цехымды облыс және аудан әкімдері жиі келіп көріп, жұмысымызға жоғары бағасын беруде.
Анам 53 жаста, мейірбике болып еңбек етеді. Күн сайын тілеуімді тілеп, батасын беріп отырады. Ол кісінің мен ауылға келгелі көңілі тоқ. Біз үшін барлық қиындыққа шыдаған анашымды еш ренжіткім келмейді.
Ал, құмды блок цехыма келсем, бұл күнде тапсырыс берушілер көлемі артып отыр. Алдағы уақытта қаржының мүмкіндігі болып жатса, цехымды үлкейтсем деген ойым да бар. Ал, әр ауылға келіп жатқан «Ауыл аманаты» жобасының халыққа тиімділігі өте көп. Оны сезініп отырмыз,-деді жас кәсіпкер Жақсылық Несіпбаев.
Есет ДОСАЛЫ,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.