Теңге – тәуелсіздігіміздің нышаны
Егемен ел болғанымызға биыл 32 жыл толып отыр. Әр тәуелсіз мемлекеттің өзінің валютасы болуы – заңды. Ұлттық валютасы жоқ мемлекет толыққанды тәуелсіздікті сезіне алмайды, ол мемлекет үнемі басқа елдің ықпалында болып, экономикалық дағдарысқа жиі ұшырайды және одан өз күшімен шыға алмайды. Қай кезеңде болмасын қаражат – елдің байлығы, қуаты, қорғанысы, саясаты, мәдениеті, болашағы болып есептеледі.
Біздің ұлттық валютамыз 1993 жылдың 15 қарашасы күні айналымға енді. Бұл күн Қазақстан тарихындағы атаулы күндердің бірі, ал теңге – ел тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің басты белгісіне айналды. Ол кезде біздің валюта Ұлыбритания елінде «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын ақша шығаратын фабрикада басылып шығарылған. Сапалы валютаны шығарғаны үшін фабрика ұжымын, сол елдің патшайымы Елизавета ІІ «Алтын белгімен» марапаттады. Ол кезде валютамыздың 17 түрлі қорғаныс элементтері болған. Қазақ теңгесі әлемдегі ең мықты ондықтың ішіне кірді.
Биыл міне теңгеміздің айналымға шығарылғанына 30 жыл. Ұлттық валютаның біздің еліміздің келешегі үшін маңызы зор еді. Сол кезде ресейлік рубльдің аумағынан шығу – енді ғана қадам басқан жас мемлекет үшін үлкен сынақ және жауапкершілік еді. Алайда қазақ елі бұл қауіптен абыроймен өтіп, басқа елдерге үлгі болды. Міне, осы тұрғыдан қарағанда қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалып, еліміз толыққанды егемендікке қол жеткізді. Қазақ деген ұлттың және оның егемен мемлекеті бар екендігі әлемге мәлім болды. Бүгінгі күні Алматыда банкнот фабрикасы банкнот ақша, ал Өскеменде монета сарайында монеталар шығарылады.
Л.Маметаева,
аудандық музейдің кіші ғылыми қызметкері.