Ақпараттық портал

Ақындар баба рухын айтыс өнерімен асқақтатты

Ауданымызда ұлы жүздің бас биі, қазақтың қоғам қайраткері, шешен Төле би бабаның 360 жылдығына арналған іс-шаралар алдын ала белгіленген жоспарға сәйкес өткен апта ішінде бірінен кейін бірі жалғасып жатты. Солардың бірі – сенбі күні аудандық мәдениет үйінде өткен «Қазақтың Төле биі – ақылдың телегейі» атты республикалық ақындар айтысы еді.
Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен аталмыш шараға жергілікті тұрғындар көптеп жиналды. Әсіресе, аға буын өкілдерінің қарасы қалың болды. Бұл қазақтың қаймағы саналатын дәстүрлі өнерімізге жұртшылық өкілдерінің де шөліркеп қалғандығын аңғартқандай. Тіпті, түскі үзіліс кезінде кейбір аудан орталығында тұратын тұрғындардың өзі бір сағат уақытты залда өткізіп, айтыстың екінші бөлімін асыға күтті. Өйткені алпауыт ақындардың тартысқа толы айтысы естіген жанды еліктіріп, нәтижесінің қалай болатындығына алаңдатып қойды. Бірінен бірі өткен сөз шешендері бірін-бірі айтыс барысында салмақты күйде де, қағытпа қалжыңмен де түйреп, көрермендердің қызығушылығын арттырды.

Айтыстың жүргізушісі көпшілік ортада ақындығымен, асабалық өнерімен танылып жүрген, бірнеше республикалық айтыстардың жүлдегері Әсет Дүйсебаев мәдени шараны ашық деп жариялап, осы өңірде дүниеге келіп, қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл дана, «Жеті жарғы» заңдар жинағын құрастырушылардың бірі – Төле би Әлібекұлының жан-жақты болмысын жырға қосып, оны айтыс өнері арқылы дәріптеу жолында бақ сынағалы келген ақындарды ортаға шақырып, көпшілікпен таныстырды.
Дүбірлі додаға еліміздің әр аймағы мен өз облысымыздың аудандарынан барлығы 7 жұп, 14 ақын қатысты. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданынан Мұрадым Мирланов, Маңғыстау облысынан Ерсұлтан Аушанов, алматылық Нұрзат Қару, қызылордалық Нұрмат Мансұр, павлодарлық Рауан Қайдар, Қарағанды өңірінен Дидар Қамиев, сондай-ақ облысымыздың Жуалы ауданынан Қанат Мырзахан, Байзақ ауданынан Дидар Басығараев, Т.Рысқұлов ауданынан Айтбек Тұрсынбаев, Жамбыл ауданынан Алина Айдаралы, Байзақ ауданынан Дархан Әбдіманат және өзіміздің жерлестеріміз, ауданымыздың айтыскер ақындары Ғабит Есдәулетов, Әділет Медетқұл, Айым Көшербайлар да осы ортадан табылып, өзара сынға түсті.
Жыр бәйгесінің шымылдығын түрген аудан әкімі Б.Жәнібеков құттықтау сөз сөйлеп, жүйріктерге сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде Жайсан жайлауында дүниеге келген Төле би бабаның торқалы тойын өзі туып-өскен өңірде атап өтуге зор мән беріліп отырғандығын айта келіп, бұл тұста ауданымызда бірқатар іс-шаралар кезегімен жұртшылық өкілдерінің назарына ұсынылып келгенін, солардың ішіндегі бүгінгі жыр бәйгесін көпшілік қауым асыға күткендігін айтып өтті.
-Айтыс – қазақ халқының асыл қазынасы екені сөзсіз. Ақындар қай кезеңде де елдің жайын сөз етіп, өткеннен өнеге тартып, келешекке өсиет қалдырған. Бүгін де әз бабамыздың даңқын асқақтатып, мол мұрасын дәріптеу үшін есімі елге танымал ақындар арнайы келіп отыр. Сол себептен жыр жүйріктеріне сәттілік тілейміз. Қазақтың әр өнері қарыштап дамып, ел мерейі үстем бола берсін,-деді өзінің алғысөзінде Бақытжан Оразалыұлы.
Мұнан кейін залдағы қауымға айтысқа баға беріп, төрелік ететін әділқазылар алқасы таныстырылды. Олардың қатарында «Құрмет», «Парасат», «Даңқ» ордендерінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор, жерлесіміз Әбдімомын Желдібаев, айтыскер ақын, ҚР мәдениет саласының үздігі, қазылар алқасының төрағасы Ахметжан Өзбеков, айтыскер ақын, ҚР мәдениет саласының үздігі Айтмұхамбет Исақов, ақын, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі Үміт Битенова, журналист, «Әулие Ата» ЖШС-нің бас директоры Оралхан Дәуіт, Ақпарат саласының үздігі, ақын, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Дәрмен Смайыл болды.
Ақындардың дүбірлі додасы басталмас бұрын жергілікті өнерпаз, аудандық мәдениет үйінің әншісі Н.Іңкәрбеков Б.Асқаровтың сөзіне жазылған «Дана би» әнін тарту етті.
Мұнан соң, ақындардың алғашқы жұбы ортаға шақырылып, бірінші болып Рауан Қайдар мен Дидар Басығараев сынға түсті.
Жалпы, айтыс барысында ақындардың басым бөлігі Төле би бабамыздың адамдық болмысына, шешендігі мен көсемдігі қатар жүретін тұлғалық қасиеттеріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, киелі Шу өңірінің тарихы, осы өңірден шыққан атақты тұлғалар мен қоғам қайраткерлерін де жырға қосып, шулықтардың мерейін асырды.
Таңғы сағат 10.30-да басталған айтыста түске дейін 4 жұп өнер көрсетсе, көрермендер түстен кейін қалған үш жұптың және ақтық мәреге жолдама алған үш жұп, яғни алты ақынның өнерін тамашалады.
Айтыстың алғашқы кезеңінде өнер көрсеткен барлық ақын көрермен қауымға мазмұнды әрі қызыққа толы өнер ұсынды деп айтуға болады. Өйткені, олар айтыстың басты тақырыбы – Төле би бабаны да, ел тарихын да, Төле бидің төрелігіне қатысты аңыз-әңгімені де, қарсыластар арасындағы өзара астарлы әзіл мен қағытпа қалжыңды да жырға қосып, көрерменге көркем өнер ұсына білді. Сол себептен болса керек, жиылған қауым да айтысты аяғына дейін тамашалап, тіпті залда отырғандар айтыс басталғаннан-ақ, телефон арқылы хабарласып, өзгелерді мәдени әрі әдеби шараны тамашалауға шақырып, залдың іші біртіндеп халық қарасымен қалыңдап жатты. Әсіресе, таяққа сүйеніп, бірін-бірі жетелеген ардақты аталар мен ақ жаулықты апалардың қарасы басым болды.
Айтыстың бірінші кезеңінде кіл мықтыдан кім мықтыны анықтаған қазылар алқасының шешімімен ақтық сынға жолдама алған жұптар қатарында Қанат Мырзахан мен Нұрзат Қару, Дархан Әбдіманат пен Алина Айдаралы және Мұрадым Мирланов пен Ғабит Есдәулетов өнер көрсетті.
Бұл кезеңде де ақындар бар қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, елдіктің, теңдіктің тірегі болған Төле би бабаны жырға қосудан жаңылмады. Сонымен қатар, әдеттегідей қарсылас арасындағы жаныңды жаншыған әзіл де қалыс қалмады. Мысалы, бірінші кезеңде Айтбек Тұрсынбековпен сынға түскен Жайық өзенінің жағасын жайлаған Орал өңірінен келген ақын әрі молда М.Мирланов өз сөзінде қарсыласы Ғ.Есдәулетовке:
Айтбегіңді шайнап едім,
Қошеметім қайда менің?
Финал жақта бір қызбенен,
Айтысам деп ойлап едім.
Ғабит аға, Ғабегім-ай,
Қыздан да өткен әдемім-ай.
Бізден гөрі кәрі едің-ай,
Енді айтысты бастапсың ғой,
Аяқталды карьераң-ай,-деп түйреген болатын.
Өз кезегінде Ғ.Есдәулетов те қарап қалмастан:
Аға деп отыр еді жаңа ғана,
Солай құрмет жасай ма ағаларға?!
Жүлде алмай кетер болсам деп ойлайды,
Қатысты бір нәрсе алмақ жаназаға.
Мұрадым қорқытпағын олай мені.
Көргенмін мен де өзіңдей талай жерді.
Бәрін жеңіп жүрген соң бұл Мұрадым,
Ағасын да жеңуді қалайды енді.
Молдеке, мен де тегін өле салмаймын,
Өлу деген айтшы өзің оңай ма еді?!
Мұрадым, шаба берер күндіз-түні.
Шаршамайды күн мен түн, таң демейді.
Кей-кейде тақпақтатып өлең айтып,
Кей-кейде сазды ұнатып, әңгілейді.
Ойпырмай, әзіліңе риза болдым,
Шоумендер қасыңызда нан жемейді.
Қарсы шығып, дәм-тұзды татып тұрып.
Шу жайында бірер сөз қатып тұрып.
Өлім жайлы айтқаның өтіп кетті,
Баспен бір ұрайын ба атып тұрып.
Мейлі ғой, батырлығың кімді ұсынса,
Ұқсайсың сақалыңмен Тұңғыш ұлға.
Мына бас оңдырмайды ойлан бала,
Бір қойсам оңдырмастан тұмсығыңа.
Бір ұрсам қаламын ғой айыбыңа.
Оңынан тусын дей бер айың мына.
Біздің де жаман емес ударымыз,
Жете алмай қалып жүрме Жайығыңа.
Ағаңның айтқан сөзін ойға аларсың.
Мұрадым айтыс барсын, тойға барсын.
Домбыраңды ауылға аман жеткіз,
Содан соң төбелесті ойланарсың,-деп көрермен қауымды күлкіге бөледі.
Марапаттау рәсімінде қазылар алқасының төрағасы А.Өзбеков сөз алып, өзіндік пікірін білдірді.
– Айтыс барысында оның тақырыбы толық ашылып, Төле би Әлібекұлының жан-жақты болмысы түгел жырланды деп ойлаймын және осы шараға атсалысқан аудан басшысы Б.Жәнібеков бастаған барша қауымға, аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлеріне мың да бір алғыс айтамын,-дей келіп, өңірлеріңізде тек жақсылық болсын деген ізгі тілегін жеткізді.
Мұнан кейін марапаттау рәсімі орын алып, Ә.Желдібаев бастаған қазылар алқасының әр мүшесі кезекпен жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтың сертификаттарын табыс етті.
Әділ әрі байсалды бағалаудың нәтижесінде бас жүлдеге Жамбыл ауданынан келген Алина Айдаралы лайық деп танылып, оған 1 000 000 теңгенің сертификатын аудан әкімі Б.Жәнібеков табыстады. Жүлделі І орын Батыс Қазақстан облысының тумасы Мұрадым Мирлановқа бұйырып, оған 800 мың теңгенің сертификатын жерлесіміз, күйші-композитор Ә.Желдібаев табыс етті. Екі ІІ орын иегері Нұрзат Қару мен жерлесіміз Ғабит Есдәулетовке 500 мың теңгенің сертификатын Д.Смайыл мен Ү.Битенова апамыз табыстаса, ІІІ орынға лайық деп танылған Қанат Мырзахан мен Дархан Әбдіманатқа 300 мың теңгелік сертификатты О.Дәуіт ағамыз ұсынды. Ал, Дидар Қамиев арнайы жүлдеге ие болып, ол А.Исақов ағамыздың қолынан 300 мың теңгенің сертификатын еншіледі. Сонымен қатар, қалған қатысушылар да айтыстан құр алақан қайтпады. Атап айтқанда, Айтбек Тұрсынбаев, Дидар Басығараев, Әділет Медетқұл, Айым Көшербай, Рауан Қайдар, Нұрмат Мансұр, Ерсұлтан Аушановтар келешегінен үлкен үміт күттіретін ақындар деп бағаланып, оларға қазылар алқасының төрағасы А.Өзбеков 200 мың теңгенің сертификатын табыс етті.
Марапаттау рәсімі барысында әділқазы алқасының мүшелері айтыстың өту барысы жайындағы ой-пікірлерін ортаға салып, кейбір жас ақындарға қажетті кеңестерін де жеткізді.
Осылайша, бір күн бойы өткен айтыстан аудан жұртшылығының өкілдері үш жүздің төбе биі – Төле би туралы жан-жақты ой түйіп, рухани демалып, жақсы көңіл-күймен тарқасты. Сонымен қатар, үзіліс кезінде кейбір аға буын өкілдері ауданымызда айтыс жиі өткізіліп тұрса деген ойларын да бүгіп қалмады.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.